Мақсат – президент тапсырмасын жүзеге асыру.
Қоғамдық қабылдауға Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеме жасап, өңір тұрғындарының сұрақтарына онлайн режимінде жауап берді. Эфирді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды.
Марат Пашимов әуелі індетпен күрес кезіндегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша 10 шілдеге дейінгі жағдайға сай 2100 науқастан коронавирус анықталған. Оның 1116-сы симптомды түрі болса, 990-ы симптомсыз. Десек те, науқастардың бүгінге дейін 819-ы жазылып шыққан. Өкінішке қарай, 20 адам коронавирус инфекциясынан көз жұмған. Ал пневмония бойынша 5421 науқас тіркелсе, оның ішінде 4720 адам (87,1 пайыз) ауруханаға жатқызылған. Бүгінгі күнге 2993 науқастың 63,4 пайызы айығып шыққан.
«Жұқпалы аурулармен күрес мақсатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қадағалауымен барлық шаралар атқарылуда. Білесіздер, инфекциялық госпиталь бөлек, провизорлық бөлек. Біріншіден, ашқанда инфекциялық госпитальға 220 төсек-орын болған. Қазір ол қосымша 440-қа дейін көбейді. Жансақтау бөліміне қосымша 21 төсек-орын қарастырылған. Қазіргі таңға инфекциялық госпиталда 202 науқас ем қабылдауда. 238 төсек-орын яғни 45 пайызы бос тұр. Оның ішінде жасанды өкпені желдету аппараттарымен 1 науқас ем қабылдауда. Осы жерден 1895 провизорлық стационарлық орын ашылған. Жансақтау бөліміне қосымша 74 төсек орын қарастырылған. Жасанды өкпе желдету аппараттары қазіргі таңда облыс бойынша 178 аппарат бар. Күндізгі стационар облыс көлемінде алғашқы медицицналық көмек көрсету ұйымдастырылған базасында қосымша 596 төсек орын қарастырылып отыр», - деді Марат Пашимов.
Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 124 жедел жәрдем көлігі қызмет атқарады. Соның ішінде 25 автокөлікке ИВЛ аппараттары басқарма тарапынан сатып алынып, орнатылған. Сонымен қатар, 50 жасанды өкпе желдету аппараттары сатып алынып, қазіргі таңда авткөліктерге орнатылуда. Және де облыс бойынша басқармаға қарасты мекемелерде 11 компьютерлік томография бар. Жалпы облыста індетпен күрес кезінде 120 медицина қызметкері ауру жұқтырса, оның 5-і көз жұмған.
Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы халық арасында «Жедел жәрдем шақыру ақылы болады. Құны 5400 теңге» деген негізсіз қауесетке сенбеуге шақырды. Ол сондай-ақ, ондай бұйрық енгізілмегенін жеткізді. Бұл жалған ақпарат 15 маусымнан бастап ауруханаға науқастар көп түскеніне байланысты тараған болатын. Басқарма басшысы бұл жағдайды да түсіндіріп өтті. Облыс бойынша 15 маусымнан бастап ауруханаға 3300-ге дейін науқас жатқызылған. Қазіргі таңда жағдай тұрақталып келеді. Яғни тәулігіне түсетін қоңырау 2000-ға төмендеген. 103 жедел байланыс нөмірлері тәулік бойы жұмыс атқаруда және әрбір қоңырау аудиоға жазылып отырады. Диспетчердің де жұмысы жіті бақылауда.
Дәрі-дәрмекке байланысты ақпаратында Түркістан облысы бойынша 923 дәріхана бар екенін атап өтті. Коронавирус пен пневмонияға қарсы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Өзбекстаның Ташкент қаласынан жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын 2 фура жүк көлігімен дәрі-дәрмек жеткізілген. Олар ертеңнен бастап емдеу мекемелеріне таратыла бастайды. Сондай-ақ, Түркия елінен де қажетті дәрілер алдырылуда. Бұл туралы облыс басшысы 9 шілде күні өткізген брифингте мәлімдеме жасаған болатын.
Басқарма басшысы М.Пашимовке эфир барысында тұрғындар тарапынан 50-ден астам сауалдар жолданып, оның негізгілеріне жауап берді. Алдағы уақытта партия алаңына бас дәрігерлер арнайы келіп, осылай ашық форматта онлайн қоғамдық қабылдаулар өткізеді. Елдің сауалдарына тікелей жауап беріп, туындаған мәселелерді шешуге жұмылады. Сонымен бірге індетке байланысты халыққа дәрі-дәрмек пен демеушілік көмектерді бірлесе ұйымдастырып жүргізеді. Басқарма басшысы тұрғындарды карантин режимін қатаң сақтауға шақырды.
«Nur Otan» партиясы, Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі