«Қадірлі ағайын!
Ел басына түскен нәубетті жұмыла көтерген жомарт та мейірбан халықтың ұрпағымыз. Қазір елімізде науқасқа шалдыққан жандардың көпшілігі қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай отыр. Емханаларда оттегі аппараттары жетіспеуде. Өлім көбейді. Жасы да, кәрісі де кетіп жатыр. Осындай сын сағатта біз не істей аламыз?
Алла бізге бас амандығын, азды-көпті мүмкіншілік берген екен. Ендеше, бір адамның болса да ауруынан айығып кетуіне себепкер болып, өміріне араша түсе аламыз ба? Бір адамның болса да қайғысын жеңілдетіп, үйінде үмітпен күтіп отырған бала-шағасының көз жасын сүрте аламыз ба? Осы сұрақ әрқайсымызды мазалауға тиіс.
Олай болса, қанеки, харекет – бізден, берекет – Алладан. «Көп түкірсе – көл» дейді дана халқымыз. Еліміздегі кәсіпкер азаматтарды, өнер адамдарын, мүмкіншілігі бар әрбір жанды осынау сауабы бол қайырымдылық шарасына шақырамын.
Елімізде өлім санының күрт артуы қанның қажетті кезде оттегімен қанықпауы салдарынан да туындап жатыр. Желдеткіштер (ИВЛ) өте қымбат және олар тек жансақтау бөлімінде қолданылуда. Алайда, қандағы оттегінің төмендеуіне жеткізбей, науқастарды жансақтау бөліміне әкелмей-ақ емдеуге болатын тәсілдері бар екен.
Тыныс алу жолдары ауруларының алдын алу үшін қолданылатын және қандағы оттегінің деңгейін уақытында жоғарылатуға мүмкіндік беретін, су мен ауадан оттегі шығаратын құрылғылар бар (оттегі концентраторы). Бұл қанықтылығы төмен науқастарға шын мәнінде өмір сүру мүмкіндігін береді. Ал бұл құрылғылардың бағасы желдету қондырғыларына (ИВЛ) қарағанда әлдеқайда арзан.
Осынау қайырымдылық жайлы анама айтып едім, ол кісі “менің де үлесім болсын” деп бір айлық зейнетақысын берді. Таныс кәсіпкер азамттар да бірнеше данадан біз де үлесімізді қосайық деп хабарласып жатыр.
Сіздер де қосылыңыздар. Қарапайым халық мың теңге болса да үлес қосыңыздар. Әлеуметтік желіде осы үндеуімізді бөлісіп, репост жасап, мүмкінішілігі бар таныстарыңызды белгілеп болса да, қол ұшын беріңіздер!
Алла баршаңыздан разы болсын! Алла жазса, міндетті түрде жиналған қаржының есебін жариялап отырамын», – деп жазды дінтанушы.
Қайрат Жолдыбайұлы оттегі концентратордың құны ұшақпен жеткізілу бағасын қосқанда 170 000 тг шамасында екенін айтты және ақша аудару үшін өз анасының атына ашылған kaspi gold карточкасының нөмірін ұсынды: 4400 4301 8760 4258 (Sara Korkulova).