Таңғы сағат 4:00. Қолымызға камера, микрафонды ұстап, қызметтік көлікпен жолға шықтық. Біздің мақсат – Түркістан облысының Бәйдібек ауданына барып, күн ұясынан көтерілетін сәтті түсіру. Қостұра тауын көру. Шығармашылық топқа жол сілтеу үшін жергілікті биліктің жауапты мамандары күтіп алып, әсем табиғатқа жету оңай болмасын ескертті. Бірақ, біз нар тәуекелге бел будық.
https://www.youtube.com/watch?v=_8ttrb4XYRA
Бәйдібек ауданындағы Қостұра тауына көтерілмей тұрып, әуелі етегіндегі тарихи тастармен танысайық. «Боралдай петроглифтері» туралы естігеніңіз бар ма? Сол тарихи тастар дәл осы Боралдай өзенінің жағасы, Теректі елді мекенінің маңайында. Негізі, шындап келгенде, қай дәуірге қатысты белгітас екенін үзілді-кесілді нақты айту қиын. Дегенмен, Бауыржан Байтанаевтар бастаған археологтар зерттеп, «Боралдайдың петроглифтері» деген кітап шығарды. Тасқа қашалған бейнелерді көріп, Құдайдың Құдіреті дерсіз. Соғыс арбалары, адамдар мен жануарлар салынған. Ежелгі темір ғасыры немесе қола дәуіріндегі бір күндік тіршілік бейнеленгендей.
Өкінішке орай, қазіргі күндері жартастағы суреттер көшіп жатыр. Жол мен елді мекенге жақын болғандықтан тасқа адамдардың есімі жазылып, тарих өшуде. Қорғауды қажет етеді. Жә, жарайды бұл өз алдына айтылатын ұзақ әңгіме. Біздің көздеген мақсат – Қостұра еді ғой. Теңіз деңгейінен 2414 метр биіктікте орналасқан тауға кеттік ендеше. Теректі елді мекенінен өтіп, бақылау өткізу бекетіне жеткен соң, автокөлікті тұраққа қойып, тау ішіндегі Тұттыбұлақ сарқырамасын көруге жол тарттық.
Қостұраны – Үлкентұра, Кішітұра деп екіге бөліп атайды. «Тұра» деген себебі бұл аймақты жүз жылдай мекен еткен ойраттардың сөзі дейді. Мағынасы «қамал» дегенді білдіреді. Бірақ, бұл нақты зерттелмеген. «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты. Төлқұжаттағы ресми атауы «Боралдай шатқалы – Тұра жартасы». Жаяу немесе атпен көтерілесіз. Біз табиғаттың шеберлікпен үйлестіріп, «жомарттықпен бере салған таңғажайып көрікті орындарын көрейік», - деп жаяулаттық. Есте сақтаңыз қауіпті, таулы-құзды аумаққа баратындықтан төзімді аяқ киім киіп, күнге қарсы көзілдірік тағып, басыңызға бас киім киіңіз. Көпшілікпен бірге топтасып барған дұрыс. Бірнеше қадам қалыс қалсаңыз, адасуыңызда мүмкін.
Мұндай жерде қажетті дәрілер қорапшасын алсаңыз да артықтық етпейді. Жартастарды еңсеріп, соқтықпалы соқпалы жолдармен жүріп келеміз. Кенет, алдымыздан үңгір көрінді. Ішіне кіріп, 15 минут аялдауды жөн санадық. Демімізді басып, жұмбақ үңгірді тамашаладық. Үнсіз құлақ түрсеңіз, кекіліктің даусын естіп, көк кептерлерді көресіз. Қарап отырсаңыз, бұл үңгірде де бір кездері тіршілік болғаны байқалады. Өткен ғасырларда талайларға пана болған орын ғой. Үңгірдің ішіндегі салқын ауа жанымызды жадыратып, аздап тынықтық.
Бізде естелікке фотосуретке түсіп, сосын бағытымызды жалғастырдық. Жол бойы түрлі жеміс-жидектерді кезіктірдік. Тау шиесі, тұт, жаңғақ, таңқурай секілді бірнеше өсімдердің ағаштары самсап тұр. Солардың ішінде тұт пісіпті. Теріп алып, дәмін татып мәз-мейрамбыз. Тауда піскен жемістің дәмі де ерекше ғой, шіркін.
Бір сағаттан астам жаяулатып жол жүрген біздер құздың ортасына жеттік. Қызықтың көкесі енді басталғалы тұр. Екі жағы аспанмен тілдескен құз табиғаттың нағыз әдемі жері екен. Сарқырап, ағып жатқан судың даусы еміс-еміс естіліп жатыр. Ал, сол сарқырамаға жету үшін суды кешіп баруыңызға тура келеді.
Өзіңізге бекем болып, сақтық шараларын сақтау енді керек. Өйткені, суда келе жатып аяғыңыз тастардан тайып кетуі мүмкін. Экстермалды жағдайға тап болып, ардреналин алғыңыз келсе міне сізге қажет жер. Бірде бойымызға жететін суды кештік, бірде жағасын жағалап тау-тастан өттік. Егер аяғыңыз тайып кетсе, құзға құлайсыз. Сондықтан, бір Аллаға сиынып, қауіпсіздік шараларын барынша сақтап жағалап келеміз. Әрине, түрлі қызықтар болды. Кейбір жерлер өте қиын. Тастан ұстап өтуге жүрегіміз дауламай, бір орында қозғалмастан тұрып қалыпта жаттық. Сап, сап көңіл, сап көңіл деп бір-бірімізге қол созып көмектесу арқылы қиын-қызық жолмен жүріп сарқыраманың алғашқысына жеттік-ау әйтеуір. Әйнек сияқты жылтылдап, сарқырап ағып жатқан суды көргенде шаршауыңыз әп-сәтте басылады. Даусыңыз да жаңғырып жатқандай. Бұл маңнан алған әсерді сипаттап жеткізуге сөзім жетпес, сірә.
Алдымызда «Шаншар» шыңы бар. Оған жету өте қиын екенін шатқалдың бас инспекторы ескертті. Бірақ, біз жастықтың буымен ары қарай кетті. Көз тоймас табиғатты орта жолдан қайтсақта көргіміз келіп тұр. Және көрерменге еліміздің тағы бір кереметін көрсеткіміз келіп тұр.
Талайда талай шыңды астым,
Тастағы гүлмен мұңдастым.
Қарағайлармен құрдаспын,
Тайсалмай өзім тауда өстім,
Таласар қане, барма ешкім?! – дейді, ақын Мұқағали Мақатаев. Ақынның тауға деген шексіз махаббатын енді ғана сезінгендейміз. Автор бұл өлең арқылы тау етегінде өскен бала алғыр, тайсалмайтынын айтады. Өйткені, ол жастайынан осындай қорқынышты да, үрейді де, шаттанған қуанышты да, судың сылдыры мен құрбақаның шұрылын да бәрін-бәрін көріп, епті болып өсті ғой.
Үйге есен-аман қайтуды ойлап, осы жерден тоқтадық. Өйткені, ары қарай тым қатты құз, байқамасаң, тайып кетер жартас тұр. Төменде ағып жатқан тұт бұлағын тамашалап, күш-қуат жинап алдық. Осы жерде ескерте кететін бір жәйт бар. Табиғи нысанда жүргенде қоқыс тастамай, мүмкіндігінше өзгеніңкі болсада жиып кетіңіз. Бұл үшін табиғат ана сізге рахмет айтады. Ағып жатқан өзенге ештеңе лақтырмаңыз, ол жақтың да өз тіршілігі бар. Табиғат ананың бізге берген сыйына сый көрсетейік. Киесі мен иесі барын ұмытпаңыз.
Басынан бұлт кетпейтін Қостұра тауы біз барған сәтте жарқырап тұрды. Арыстанды-Қарабас желінің лебін де сезбедік. Құс қонбас құздан өтіп, тіл қатпас тастан, тасқа секірдік. Бірге барған топ құрамындағылардың барлығы үнсіз. Өзімен-өзі қиялға беріліп, табиғаттың таңғажайыбымен сырласып келе жатқандай. Таң бозарғаннан тауға шыққан біздер күн райы ысыған сәтке дейін Қостұраның қызығын көріп үлгердік. Бірақ, бұл таудың тек бір шеті ғана. Ендігі мақсат табиғат аясына жайғасып, қарын тойдыру. Дәл осы сәттегі әсерді баяндамасақта, іштей ұғып тұрған боларсыз.
Бұл «Түркістан туризм» бағдарламасы болатын. Мұндағы мақсат Елбасы да, Мемлекет басшысы да көтеріп жүрген туған жердің байлығын, ішкі туризмді көрсету. Қостұра тауы тек Түркістан облысының емес, еліміздің визиттік карточкасы болуға лайықты. Алыс-жақыннан келетін саяхатшылардың қызығушылығына ие болатындығына тауға шыққан біз кәміл сендік!
Автор: Бағлан Байкөбекқызы
Дереккөз: "Айғақ ТВ"