БУХАРЕСТ, 2020 жылғы 30 маусым - Қазақстанның Румыниядағы Елшілігі Қазақстан-Румын Іскерлік кеңесі мен Бухарест қаласының 1 сектор мэриясының қолдауымен Румыния астанасының ең көрікті жерлерінің бірінде «Нұр-Сұлтан» саябағын салтанатты ашылу рәсімін өткізді.
Саябақтың ашылуы Қазақстан Республикасының Елорда күні және ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойына арналды.
Айтулы іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімдігі мен Бухарест қаласы 1 секторының мэриясы арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандум себепкер болды.
Маңызды іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, Румынияның қоғамдық және іскерлік топтары, дипломатиялық корпус пен БАҚ өкілдері қатысты.
Елші Нұрбах Рүстемов өзінің алғы сөзінде Елбасының қазақ еліне сіңірген еңбегі мен айрықша жеке қасиеттеріне ерекше назар аударып, ҚР Тұңғыш Президентінің арқасында еліміз халықаралық сахнада жоғары деңгейге қол жеткізгенін және қазіргі заманғы әлем тарихында лайықты орынға ие болғанын атап өтті.
Баяндамашылар екіжақты қатынастардың дамуындағы оң динамиканы, сондай-ақ «Нұр-Сұлтан» саябағының ашылуы достас екі халық арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам ретінде қарастырылатынын, Қазақстан-Румыния байланыстарын тереңдетудегі осындай мәдени өзекті оқиғалардың тарихи маңыздылығына назар аударды.
Қазақстан-Румыния қатынастарына ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың 1998 және 2007 жылдары Румынияға жасаған сапарлары кезінде серпін берді. Сол уақыттан бері Румыния Қазақстанға 1,7 млрд АҚШ доллар инвестиция жасады, және екі ел арасындағы жылдық тауар айналымы бүгінде 1,8 млрд АҚШ долларына жетті.
Ақпарат: https://www.gov.kz/ порталынан