Сәлем жаным! Қалың қалай?
Жақсы боларсың деген үміттемін! Бұл хатыма жауап қайтармайтыныңды білемін. Сонда да өзіңе арнап, соңғы қоштасу хатын жазғым келді. Неге дейсің бе?
Себебі шынымен соңғы хатым. Дәрігерлердің сыртымнан санаулы сағаттары қалды дегенін естідім. "Жазылып кетесің" дегендерге сенімсіздікпен қараймын.
Өйткені тынысым тарылып барады. Көзімнің алды қарауытады. Басым айналады.
Алайда өзіңе деген сезімім күш-қуат береді. Бірге боламыз деп, жоспар құрған едік. Отбасылы боламыз, той жасаймыз, балалы-шағалы боламыз, деген арман-тілектерімді өзім бірге алып кетемін.
Жақын күндері ақ келін атанамын деп қуанып едім. Сол үшін де оқудан қайтып, тойға дайындықты бастап едік. Жолдағы желдеткіштен өкпеме суық тиді. Жәй тұмау деп мән бермеппін. Бұлайша ауырып қаламын деп ойламаппын.
Алланың ісі. Тек сен мұңайма! Шын ғашықтар қосылмайды. Иә, шынымен де солай екен?!
Мен кеткенде қатты қайғырма! Мықты бол. Өйткені мен өзіңе махаббатымды тастап кетемін. Бұл сезімді екеуімізден ешкім де ала алмайды. Қатты жылама! Әр көз жасың үшін мен қиналатын боламын. Сенен сұрарым, тек жақсы кездерімізді еске ал! Қош бол, сүйіктім!