Түркістандық журналистер Елбасыға саулық тілейді

Түркістандық журналистер Елбасыға саулық тілейді

ашық дереккөзі

 width= Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Бүкіл әлемді әлекке салған коронавирус дертінің біздің елімізді де, оның ішінде жаңа, жасампаз Қазақстанның негізін қалаған Сізді де айналып өтпегені көңілімізге алаң салып қойған жайы бар. Әйтсе де, әлем бойынша да, өзіміздің Қазақстан бойынша да бұл дерттен күніне мыңдаған адамның сауығып шығып жатқаны көңілге үміт ұялатады. Бізге дәрігерлер кез келген ауруға ең бірінші кезекте дәрігерлер мен дәрі-дәрмектер емес, науқас адамның өз бойындағы иммунитеті қарсы тұрады деп түсіндіреді. Ал иммунитет, біздіңше, ең бірінші рухы мықты адамдарда қуатты болады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Сіздің рухыңыздың мықтылығын бүгінде бүкіл әлем мойындайды. Сіздің рухыңыздың мықтылығы неде? Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанның дәл қазіргідей әлемдік дәрежедегі мемлекет боларына ешкім сенген жоқ. Саясаткерлер мен саясаттанушылар бұрынғы Кеңестер Одағының құрамынан шыққан республикалардың ішінде тәуелсіздігінен ең бірінші болып Қазақстан айырылады деп жорамал жасайтын. Қазақстанды әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекет қыларыңызға өзіңіз сендіңіз. Өзі сенген нәрсеге өзгенің көзін жеткізу рухы мықты адамдардың ғана қолынан келеді. Сіз соншалықты қажырлылықпен Қазақстанды жылдар бойы тек өрге сүйреумен келесіз. Нәтижесінде Қазақстан әлем мойындаған елге айналды! Әлемде билік құрған адамдар көп. Олардың нақ санын бірде-бір тарихшы айтып бере алмайды. Ал, сол ел билегендердің арасында астана салғандары некен-саяқ. Ал, Сіз бір емес, екі астана салған адамсыз! Себебі Ясауи ілімімен сусындап өскен бүкіл қазақ жұрты Түркістан қаласын атамзаманнан руханият ордасы санаған. Сіз сол руханият ордасын бүтін бір мемлекеттің рухани астанасына айналдырып жібердіңіз! Екінші тынысын өзіңіз ашқан қазіргі Түркістан таяу күндері-ақ әлемдегі әсем қалалардың ортасынан ойып тұрып орын алады деп сенеміз! Біз еңбек ететін 95 жылдан аса тарихы бар облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті де жаңа Түркістанда үлкен, зәулім ғимаратқа ие болды. Ғимаратты өзіңіз толық аралап шығып, біздің жұмысымызға шығармашылық табыс тіледіңіз. Негізін Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов қалаған редакцияның қызметкерлері – журналистер қауымы биыл өзіңізбен Түркістанда тағы да жүздесеміз деген ниеттеміз! Сауығып кетуіңізге тілеулеспіз, Ұлт Көшбасшысы! Өзіңізге деген ерекше құрметпен, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің редакциясы» ЖШС-нің директор-бас редакторы Абай БАЛАЖАН және редакция ұжымы.

Жүктелуде...