- Ал осы Бурабайға барғанда біз не көреміз? Қаптаған қоқыс... Шашылған заттар... Пластикалық бөтелке, умаждалған пакеттер... Көлдің суы лас... Қандай керемет демалыс аймағы! Қадірін неге білмейміз?Мемлекеттік Ұлттық табиғи парктің Тазалыққа жауапты тиісті бөлімдері мен құрылымдары бар.Мусордан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік. Бурабайда демалушылар тастаған тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар туралы әлеуметтік желіде таралған бейнеролик соның дәлелі. Бұл қалай?! – дейді Нұртөре Жүсіп.
Депутаттың айтуынша, бұндай жағдай тек Бурабайда ғана емес, және бұған демалуға келетін адамдардың өзі де кінәлі айтып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға шақырды:
- Жалпы тек қана Бурабай емес, Қазақстанның кез келген өңіріне барсаңыз – не көп, қоқыс көп. Тастайтын да өзіміз, ластайтын да өзіміз! ... Соншама ластайтындай, осыншама қорлайтындай туған жеріміздің не жазығы бар? Жер – біздікі! Ел – біздікі! Қазақстанға шетелден алғаш оралған ақсақал ұшақтан түсе салып, туған жерді сүйгені естеріңізде бар ма? Туған жерге деген осындай іңкәрлік неге жоқ бізде? Қазақ халқы – осы мемлекеттің иесі. Біз бәріне жауапты ұлтпыз. Ұлттық санамызды өзгертейік! Табиғатты таза ұстау үшін Жанымызды таза ұстайық! Жаппай Тазалық мәдениетін қалыптастырайық! Даламыз да, қаламыз да таза болсын! – деді Сенат депутаты.
Премьер-министр Асқар Ұзақбайұлына жолданға сауалындақолданыстағы заңнамалардағы бекітілген жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаға қатысты құқықтары мен міндеттер толық орындалмайтындығын және заңда қарастырылған мемлекеттік экологиялық бақылау тетіктері тиімсіздігін атап өтті. Сондықтан, Сенатор үкіметке арнайы шараларды қарастыру керек деп есептейді:
- Мемлекеттік тұрғыдан шұғыл түрде тазаалықты сақтау, бақылау, реттеу тетіктерін жетілдіру қажеттігі білініп отыр. Сізден осы мәселені қарап, Үкіметтің тиісті құрылымдары арқылы өз құзыреттері шеңберінде Іс-шаралар кешенін жедел қабылдауды сұраймыз.Сондықтан, қоршаған ортаға қатысты мемлекеттік саясаттың толық іске асырылуын қамтамасыз ету туралы орталық және жергілікті атқару органдарына арнайы тапсырма берсеңіз деген ұсынысымыз бар.Әрине, бәрін Мемлекетке, Үкіметке артып қою аздық етеді. Елдің белсенді, саналы азаматтарына, зиялы қауымға, жер-жердегі батагөй ақсақалдарымыз бен өскелең жас ұрпаққа көп нәрсе байланысты. Туған жерімізді таза ұстау туралы Қазақстан Үкіметі арнайы шара қабылдамаса болмайды. Тек қана демалыс аймақтарында емес, тұтас республика территориясында «Туған жерді таза ұстау» Жалпыұлттық акциясын ұйымдастыру керек. Бұл тұрақты өтетін шара болуы қажет, - деді сенатор депутаттық сауалында.