Бүгін Исламдық білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ISESCO) кезектен тыс мәдениет министрлерінің қатысуымен онлайн-конференция ұйымдастырды.
Covid-19 салдарынан туындаған дағдарыс жағдайындағы мәдениет саласындағы қызметтердің тұрақтылығына арналған жиынға Біріккен Араб Әмірліктерінен Мәдениет және білімді дамыту министрі, Конференция төрайымы Нура әл Кааби ханым, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы Юсуфа бин Ахмада әл-Усаймин, ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттоне Рамирес, ISESCO-ның Бас директоры Салим бин Мухаммед әл-Малик, «Талал Абу-Газале Глобал» қорының негізін қалаушы және президенті Талал Абу-Газале, Мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру жөніндегі халықаралық зерттеу орталығы (ICCROM) директоры Уеббер Ндоро, Дүниежүзілік туристік ұйымының (UNWTO) бұрыңғы Бас хатшысы Талеб Рифай және ұйымға мүше мемлекеттердің жауапты министрлері қатысты.
Алқалы жиынның құрметті қонағы ретінде ISESCO-ға Бақылаушы мәртебесіне ие халықаралық ұйым ретінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қатысты.
Пандемия кезеңінде туындаған мәселелерге қатысты өткен басқосу төрт сессиядан тұрды. Олар дағдарыс кезеңіндегі мәдениет жағдайы, постпандемиядан кейінгі мәдениет, мәдени туризм саласындағы жаңа трендтер, ISESCO-ның цифрлі стратегиясы тақырыптарын қамтыды.
Конференция соңында аталған бағытта жұмыстануға арналған декларация қабылданды.
Айта кету керек, Халықарылық Түркі академиясы 2015 жылы Әзербайжан Республикасының астанасы Бакуде өткен ISESCO Бас конференциясының ХІІ сессиясының ортақ шешімі бойынша Бақылаушы мәртебесіне ие болып, тығыз ғылымы ынтымақтастық орнатты.