Түркістан қаласында жаңа нысандардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, 24 тұрғын үйді жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. Бүгін облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев қаладағы құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралап шықты, - деп хабарлайды NewsҚазАқпарат тілшісі.
Көппәтерлі тұрғын үйдің сапасын тексеріп шыққан аймақ басшысы құрылысшыларға сақтық шараларын күшейте отырып, жұмысты тоқтатпауды тапсырды. Өмірзақ Шөкеев сондай-ақ, 7 мың адамға лайықталған алып стадионның құрылысын көрді.
Өңірде футбол бәсекелері, ірі спорттық додалар мен мәдени іс-шаралар өтетін спорт нысаны «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен салынуда. Мұнда 2 спорт залы, табиғи футбол алаңы, әкімшілік бөлмелер бар. Спорт кешені пайдалануға берілген соң бұл жерде футболдан Қазақстан Республикасы чемпионатының прьемер-лига, бірінші және екінші лига командаларының ойындары өтетін болады.
Түркістан қаласының ажарын арттырған тағы бір нысан «Парасат» саябағы да ерекше кейіпке еніп келеді. Мұнда қайта жаңарту жұмыстары аясында жасанды көл мен көпірлер салынып, 420 метрлік тасарық келесі айдың соңында толығымен аяқталмақ. Нәтижесінде саябақ сумен қамтылып, ол қайтадан «Арыс-Түркістан» каналына жіберіледі деп жоспарланған.
Ал, Түркістан-Кентау бағытындағы жолдың екі шетіндегі тасарықтың бір бөлігі «Парасатты» сумен қамтыса, екінші бөлігі жол бойындағы жасыл желекті суғарады. Өмірзақ Естайұлы Түркістанның брендіне айналатын негізгі жобалардың бірі – «Керуен сарайдың» құрылыс аумағында да болды.
«Sembol contruction» компаниясы салып жатқан нысанның құрылысы биыл қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын бекітілген кестеге сай аяқтауды тапсырып, құрылыстың сапасы қатаң бақылауда екенін ескертті.