Яғни, жөнсіз сұрақты Білім және ғылым министрлігіне қатысы жоқ жекеменшік білім беру орталықтары ойлап тапқан.
Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов ҰБТ-ға қатысты айтылған сындарға жауап берді. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын дау тудырған «Абылай ханның атының неше тісі бар?» сұрағының қайдан шыққаны туралы айтып берді.
«Өздеріңізге мәлім болғандай, қазіргі уақытта көптеген жеке меншік білім беру орталықтары ашылып, өздерінің ҰБТ-ға дайындық құралдарын шығаратыны анық. Сондай бір Орталықтардан тарап кеткен сұрақтардың бірі болғаны уақыт өте келе анықталды. Ол, сейкесінше, мән-жайды анықтамай Ұлттық тестілеу ойлап тапты деген адамдардың негізсіз сыни талқылауларына әкеп соқты. Ұлттық тестілеу орталығының базасында ешқашан ондай сұрақтар болған емес», - деді Дидар Смағұлов дүйсенбілік брифингте.
Яғни, жөнсіз сұрақты Білім және ғылым министрлігіне қатысы жоқ жекеменшік білім беру орталықтары ойлап тапқан.
«Өкінішке қарай, бұл ақпаратты тексермей жариялаған, тіпті бірнеше жыл өтсе де, бұл сұрақ туындай береді. Ал бұл тапсырма ҰБТ-ға дайындайтын жеке меншік білім беру орталықтарының бірінің кітапшасында кездескен. Бұл, тиісінше, Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген ҰБТ тест тапсырмалары тексерілмеген деген жалған ақпараттың таралуына себеп болды», - деді орталық басшысы.
Ол түсіндіргендей, қазіргі тестілеу сұрақтарының 35 пайызы функционалдық сауаттылыққа негізделген. Демек, ҰБТ тек пән бойынша алған білімді емес, баланың тақырыпты терең меңгеру деңгейін сыннан өткізеді.
Дереккөз:
Азаттық рухы