Халық пен зауыт суқоймадағы балыққа таласып отыр

Халық пен зауыт суқоймадағы балыққа таласып отыр

ашық дереккөзі

Балыққа талас! Түркістан облысында бір топ ауыл тұрғыны жасанды су қоймасының балығын бөлісе алмай әлек. Шардара суқоймасының етегіне орналасқан Алтын кемер елдімекеннің жұрты осындағы балық өңдеу зауыты басшылығының рұқсатынсыз ау салғандары үшін шетінен қудалауға түсіп жүргендерін айтады. Әзірдің өзінде, 10 адам "айыпты" деп танылып, күдікке ілінген. Арасында әйелдер де бар. Ал, зауыт қожайыны жылдан жылға күрделенген мәселені шешудің орнына, әлі күнге тұрғындармен ортақ тіл табыса алар емес. Соның кесірінен, олар бір-бірімен оқ атысуға дейін шақ тұр, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі  Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. «Тралдың бәрін тоқтатыңыз. Өзіңіз де тоқтаңыз, балық асырайсыз ба? Келіп жатқан балық, кетіп жатқан балық қой». Жетісай ауданы, Алтын кемер ауылындағы заңсыз балық аулап, пайда тауып жүрген он балықшыны тәртіп сақшылары бір күнде ұстап әкеткен. Олардың торға түсуіне, осындағы балық өңдеу зауытының қожайыны кінәлі көрінеді. Ол кезінде өзі рұқсат беріп, балық аулатқан адамдарды енді шетінен қудалап жатыр, дейді ашынған жұрт. СҮБІТАЙ РАХЫМОВ, АЛТЫН КЕМЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Маған қарау керек осы көл, балығының бәрі менікі деген мәселе емес қой. Семьясы сол балықты жесе, мына халық не жейді? Халық та жесін балықтан». Шардара су қоймасының бір бөлігі жекеменшік балық өңдеу зауытына 49 жылға жалға берілген. Сондықтан, осындағы балықты аулауға және оны өндіруге тек осы компания ғана құқылы. Алайда, мұнымен ауыл тұрғындары келіспейді. Қоймадағы балықты бір ғана компания емес, ауыл жұрты да ортақ пайдаланса, дейді. «Жалғыз өзі басқарып отыр да бұл кісі, конкуренция қою керек. Жоғары жаққа айтып арыз тастау керек. Қайта ойнатылу керек. Тендер қайта ойнатылсын. Алам деген адам көп. Өкіметке өтсін де, сонымен ойнатылсын басқа адамдарға. Бізде күнімізді көруіміз керек қой, жағада тұрған соң». "Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ". Тараптардың айтысып, тартысып жүргендеріне екі жылдан асып кеткен. Бүгін де ортақ келісімге келе алмады.  БАҚЫТЖАН СЕРМАНИЯЗОВ, БАЛЫҚ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Жігіттер осы күнге дейін рұқсат болмаған ешқандай. Енді қазір, арызымызды жазып, наукаларды шақыртып, енді официально берейін деп жатыр». балықшылар қоймадағы балыққа таласып жатқанда ұсталған он адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кеткен. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілерге "заңсыз балық аулау" бабымен іс қозғалыпты. САЛТАНАТ ҚАРАКӨЗОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Және де күдіктілерден моторлы лодка алынды, сеткалар алынды, аңшы мылтықтың патрондары алынып отыр. 10 адамның екеуі сот шешімімен қамауға алынды. 8 күдіктіге байланысты қолхат берілді». Ауыл тұрғындары кешегі қамауға алынған азаматтардың барлығын жауапкершіліктен босатылуын талап етіп отыр. Себебі, олардың барлығы өзенге бала-шағаның нәпақасын табу үшін түскендер екен. Бірақ, оны әрине заң шешеді.

Жүктелуде...