Саясат

Nur Otan-да 4 мыңнан астам түйінді мәселе бақылауға алынды

0
(0)

«Nur Otan» партиясы азаматтардың өтініштеріне барынша ден қойып келеді. Жыл басынан бері партиялық бақылау комиссиясының 1293 отырысы өткізіліп, онда 4137 түйінді мәселе қаралды. Олардың ішінде жекелеген мемлекеттік органдарда халықпен кері байланыстың болмауы, білім ошақтарының төңірігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігі, өңірлердегі ТКШ мен жол инфрақұрылымының көңіл көншітпейтін жағдайы сияқты басқа да көптеген мәселелер бар.

«Nur Otan» баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың халықпен өзара іс-қимылдың белсенді форматына көшу және ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмалары аясында жыл басынан бері азаматтардың өтініштері негізінде 2 мыңнан астам түрлі рейд ұйымдастырылды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында нұротандықтар Көкшетау қаласыдағы №13 гимназияның төңірегін тексерді. Оқушылардың ата-аналары жол инфрақұрылымы мен көше шамдарының жоқтығына шағымданған. Олардың айтуынша, әсіресе, қыста мектепке жету қиын. Партияның араласуынан кейін әкімдік мектепке баратын жолды жөндеуге және 30 қыркүйекке дейін жарық орнатуға уәде берді. Тұрғындардың өтініштеріне уақытылы жауап бермегені үшін партия мүшелері Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаровқа «ескерту» түріндегі жаза қолдануды ұсынды.

Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы Махамбет ауылындағы орта мектеп жаңа ғимаратының құрылысын тексерді. Мұнда бұған дейін балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр болды. Азаматтар партияға өтініш білдіргеннен кейін 200 орындық үш қабатты қосымша ғимарат салу үшін жергілікті бюджеттен 380 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бүгінде жұмыстар 80%-ға аяқталды. Нысанды қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Осыған ұқсас тексеру жұмыстарын Тараз қаласындағы нұротандықтар да жүргізді. «Шалғай Қарасу» ауданында 600 орындық мектеп салынуда. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр және ол партияның ерекше бақылауында болады.

Алматыда «Nur Otan» партиясының өкілдері Алғабас шағын ауданы тұрғындарының жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне және №164 балабақшаға жақын жерде жылдамдық режимін сақтамау фактілеріне қатысты шағымдарын тексерді. Нұротандықтардың жедел араласуынан кейін жол өткелдеріне «Балалар» және «Жылдамдықты шектеу 40» жол белгілері орнатылды. Тұрғындардың өтініштеріне уақытылы жауап бермегені үшін Партиялық бақылау комиссиясы Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Әділет Тоқтасыновқа «ескерту» түріндегі партиялық жаза қолдануды ұсынды.

Партияның баспасөз қызметі атап өткендей, бірінші жартыжылдықта партиялық бақылау комитеті мен комиссиялары жеке және заңды тұлғалардың 716 өтінішін қараған. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға 4 мыңнан астам ұсыныс берілді.

150 адам партиялық жауапкершілікке тартылса, олардың қатарында бірқатар вице-министрлер, өңір әкімдерінің орынбасарлары, мәслихаттардағы фракциялар басшылары және т.б. бар. Олардың ішінде түрлі заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 46 адам партиядан шығарылды.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button