Өңір тынысы

Жамбыл облысы әкімдігінің ғимаратын 1,2 млрд теңгеге жөндемек

Жамбыл облысы

«Қаңтар қырғыны» кезінде өртеніп, жоғарғы қабаттары ғана бүлінген әкімдік ғимаратын жөндеуге 1,2 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл туралы журналист Мият Кәшібай өзінің Facebookтагы парақшасында мәлім етті деп жазды newsroom.kz порталы.

«Осыған байланысты Жамбыл облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы мемсатып алу порталында екі келісімшарт жасасты. Біріншісі – 16 наурыз күні жасалған 1 млрд, 176 млн теңгелік келісімшарт. Тапсырыс орындаушы компания – «Интеллект Азия» ЖШС. Келісшартқа сәйкес, аталған жеке компания әкімдік ғимаратын жыл аяғына дейін жөндеп бітіруі тиіс. Келісімшарт «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы жасалған. Яғни, әкім аппаратының шаруашылық басқармасы тендер жеңімпазын анықтау үшін ашық конкурс өткізбеген», – дейді ол.

Айтуынша, мемлекеттік сатып алу туралы заңға сәйкес, тендерді «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы өткізуге ондаған негіз бар. Алайда тапсырыс беруші бұл тәсілді қолданған күннің өзінде, кемінде үш компанияға ұсыныс жіберіп, ең арзан баға ұсынғанымен, келісімшарт жасасуы тиіс. Сондай-ақ порталда 3 компанияға ұсыныс жібергені туралы есепті жүктеуі қажет.

«Бірақ әкім аппаратының шаруашылық басқармасы «Интеллект Азия» ЖШС-мен жасасқан келісімшартта ондай есеп жоқ. Бұған қоса, кез келген келісімшартта негізгі құжат саналатын техсипаттама да порталға жүктелмеген. Сондықтан тендерді «ұтқан» компания 1 млрд, 176 млн теңгеге нақты қандай жұмыс істеуі тиіс екенін біле алмаймыз. Әділет министрлігінің дерегінше, «Интеллект Азия» ЖШС – Тараз қаласында тіркелген компания. Басшысы әрі құрылтайшысы – Біржан Жорабеков деген адам. Мемсатып алу порталындағы мәліметке қарағанда, компания 2018 жылдан бері Жамбыл облысының әкімдігіне қарасты мемекелерден 11 мемтапсырыс алған. Орындаған және орындап жатқан тапсырыстарына қарағанда, компания негізінен су және кәріз құбырын тартумен айналысады», – дейді Мият Кәшібай.

Сондай-ақ ол Жамбыл облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы әкімдік ғимаратын жөндеуге байланысты жасасқан екінші келісімшарт туралы айтты. Оның құны 35,5 млн теңге тұрады екен.

«Тапсырыс орындаушы компания – Technadzor Elite ЖШС. Келісімшартқа сәйкес, аталған компания «Интеллект Азия» ЖШС-нің жұмысына техникалық қадағалау жасайды. Әділет министрлігінің дерегінше, Technadzor Elite – 2021 жылы 22 желтоқсанда құрылған компания. Мемлекетке әлі бір тиын да салық төлеген емес. Құрылған кезін және әлі пайда таппағанын ескерсек, бұл компанияны тәжірибесіз деуге негіз бар. Бірақ соған қарамастан, компания құрылғанына үш-ақ ай толғанда, яғни, наурыз айында Жамбыл облысы әкімдіген 35,5 млн теңгелік мемтапсырысты конкурссыз алды», – дейді әріптесіміз.

Ал ол компанияның бір емес, екі құрылтайшысы бар көрінеді. Олар – Анапия Бозжігітов пен Рахманқұл Байталиев.

«Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, Байталиев 2010-2016 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарған. Бұдан шығатын қорытынды – Жамбыл облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы әкімдіктің бұрынғы қызметкерінің тәжірибесіз компаниясына 35,5 млн теңгелік мемтапсырысты конкурссыз берген. Жалпы, әкімдік ғимаратын жөндеуге 1,2 млрд теңге бөлінгенің өзі күмәнді. Өйткені, интернеттегі фотоларға қарағанда, «Қаңтар қырғыны» кезінде әкімдік ғимаратының кейбір тұсы ғана өртенген», – дейді журналист.

Оның айтуынша, сол 1,2 млрд теңгеге 180 орындық екі мектеп немессе 300 орындық бір мектеп салуға болады екен.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.