Тарих

Бостандық ауданындағы шаруалар көтерілісі құрбандарын анықтау: барысы жəне туындаған мəселелер

Бостандық ауданы Сырдария  округының ең шалғайдағы, әрі толықтай кеңестендірілмеген ауданы болатын. Бостандық – Ташкент облысының солтүстік-шығысындағы аудан. Солтүстігінде Қаржан тауы арқылы Оңтүстік Қазақстанның Қазығұрт ауданымен, шығысында Қырғызстанның Талас облысымен шектеседі.

Ауданның  халқы бес ұлттан құралды: қазақ, өзбек, тәжік, қырғыз және аз санды европалықтар. Негізгі халқы – өзбек пен тәжіктер болатын.

Бостандық ауданы 1956 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы.) облысының әкімшілік құрамына қарап келген. 1956 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының  «Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-інің арасындағы шекараларына жекелеген өзгеріс-тер енгізу туралы» Қаулысымен Бостандық ауданы түгелімен Қазақ КСР-і құрамынан Өзбек КСР-і құрамына берілген.

Бостандық ауданындағы шаруалар көтерілісінің себептері:

  1. Біріншіден, ауылшарушылығы есебінен индустрияландыру қарқынын жеделдету өнеркәсіп товарларының қымбаттап, керісінше, ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының төмендеуінен  шаруалар астық тапсырудан бас тартты. Нәтижесінде 1927/1928 жылы астық дайындау  көлемі алдыңғы жылғы астық дайындаудан төмен болды.
  2. Екіншіден, 1927  жылдың 29  желтоқсанында Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің жабық мәжілісінде  кабылданған «Астық дайындауды күшейту туралы» қаулысы,  Өлкелік партия комитетінің 1928 жылғы 7 қаңтарындағы «Астық дайындаудың барысы туралы»  қаулысы шешімдеріне сәйкес: Астық дайындауды жеделдету және ақша түсіру мақсатында салықтың барлық түрлерін: ауыл шаруашылығы салығы, өзіне-өзі міндетті салық (самообложение.) т.б. несие мемлекеттік қамсыздандыру, серіктестіктердің пай төлемдерін тез арада жинап алу қажет болса кей жағдайларда күш қолдануға рұқсат берілді;
  3. Үшіншіден, 1928 жылдың 11 сәуірінде БК(б)П мен БОАК-нің біріккен пленумында «1929-1930 жылдардағы астық дайындау науқаны туралы»  қаулының негізінде шаруалардың астығын мемлекеттік төмен бағамен алуға, ал, көнбеген жағдайда әкімшілік немесе сот арқылы тартып алуға үкімет уәкілдеріне билік берілді.

Архив  материалдарынан мысал

1929 жылы 21 октябрьде Бостандық ауданына қарасты Галабасай ауылының азаматы Омар Дәуренұлы мойнына түскен салығын уақытында төлемегені  үшін акт жасалып, барлық мал-мүлкі тәркіленіп, базарға шығарылған.

Нәтижесінде:

1) Алты қанат үй тұрмысыменен 194 сомға сатылды.

2) 2  сандық ескі  15 сомға сатылды.

3) 2 ешкі 16 сомнан  32 сомға сатылды.

4) Және бір ешкі 17 сомға сатылды.

5) 1 лақ 6 сом 80 тиынға сатылды.

6) 1 тоқал ешкі 13 сомға сатылды.

7) 2  ешкі 12 сом 20 тиыннан 24 сом 40 тиынға сатылды.

8) 3 лақ 6 сом 70 тиыннан 20 сом 10 тиынға сатылды.

9) 3 ешкі 12 сом 60 тиыннан 37 сом 80 тиынға сатылды.

10) 3 лақ 6 сом 60 тиыннан 19 сом 80 тиынға сатылды.

11) 3 ешкі 15 сомнан 45 сомға сатылды.

12) 3 лақ 7 сом 10 тиыннан 21 сом 30 тиынға сатылды.

13) 3 ешкі 17 сом 50 тиыннан 52 сом 50 тиынға сатылды.

14) 5 ешкі 16 сом 80 тиыннан 84 сомға сатылды.

15) 7 лақ 5 сом 20 тиыннан 36 сом 40 тиынға сатылды.

16) 2 есек 38 сомнан 76 сомға сатылды.

Қара малдар:

1)Қоңыр сиыр бұзауымен 66 сом 20 тиын.

2) Қызыл сиыр бұзауымен 60 сом 20 тиын.

3) Ала сиыр бұзауымен 71 сом 70 тиын.

4) Қара құнажын бұзауымен 60 сом 70 тиын.

5) Қоңыр наубас 41 сом 60 тиын.

6) Қызыл құнажын 46 сом 50 тиын.

Жылқыдан:

1) Күрең бие құлынымен 168 сом.

2) Ақжал бие құлынымен 195 сом.

3) Сары бие құлынмен 162 сом.

4) Қара бие құлынымен 128 сом.

5) Жирен байтал 156 сом.

Тәркіленген мал-мүліктің жалпы пұлы 1 мың 8 жүз 50 сом 10 тиын. Соның ішінен қайық пұлына 4 сом берілген, айдап апаруына 6 сом 50 тиын,  байлағанға 2 сомға жіп алынды, үш күн баққан адамға 1 лақ берілді. Барлық шығыны 12 сом 50 тиын, содан қалғаны 1 мың 8 жүз 37 сом 60 тиын.

Сатылмай қалған малдары:   2 өгіз, 2 байтал, 1 ат, 4 ескі туырлық, 2 мың бау беде, 2 қап зығыр,  3 там, 1 асхана, үсті төсек және тағы бір амбархана және бір там. Осы жоғарыдағы көрсетілген заттар сатылмай қалды. Бірақта осы сатылмай қалған малдарды жақын арада сатып, кассаға берер. Осы 41 ешкінің ішінен 3 лақ базар ішінен жоғалды. Көпшілік ішінен қайда кетенін білмейміз. 1 мың 8 жүз 37 сом ақшаны  кассаға салу үшін Жолдыбай Мәтенұлына жолықсын деп, акті түзеледі.

Комиссия мүшесі:

1) Толымбекұлы, (қолы қойылған).

2) Мәтенұлы (қолы қойылған).

3) Нарбайұлы (қолы қойылған). ТОҚСТММ. Қор – 2, тізбе – 1, іс-20, парақ-3.

Көтерілістің барысы, қорытындысы

Көтеріліс 1929 жылы  27 қыркүйекте Піскем ауылында  басталды.

Бостандық көтерілісін ұйымдастыруда Т.Мұсабаев пен Ө.Майлыбаев белсенділік танытты. Олар 1929 жылы тамызда Шатқал алқабында жасырынып жүрген басмашылар тобының басшысы И.Чаныбековпен астыртын байланыс орнатады. Өз кезегінде  И.Чаныбеков  көтерілісшілерге қолдау көрсетті.

Көтеріліске 500-дей адам қатысты. Әлеуметтік  құрамы жөнінен бұлардың көбісі орташалар мен кедейлер болатын.

Бостандық көтерілісіне аудандағы 19 елді мекеннің 12-сі қатысты. Көтерілісшілер аудан орталығы Ходжикентті  қарсылықсыз алғанымен, жазалаушы отрядтың келе жатқанын естіп шегінуге мәжбүр болды. Жазалаушы отрядпен алғашқы қақтығыста көтерілісшілер жағынан 8 адам өліп, 20-ға тарта адам тұтқынға алынды.

Бричмулла қышлағы түбінде болған шайқаста көтерілісшілерге И.Чаныбековтің басмашылар тобы көмекке келді. Шайқас екі сағатқа созылды. Көтерілісшілерден 50-ге тарта адам қаза тапты. Аман қалған көтерілісшілер И. Чаныбековпен бірге Көксу бағытына қашып, жасырынды. Алайда көтеріліске қатысушылар  ОГПУ -дің тынбай іздестіруінің нәтижесінде көп кешікпей түгелдей тұтқындалды.

Көтеріліс кеңес билігі тарапына басып-жаншылғаннан кейін көтеріліске қатысқаны үшін РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 – бабының бірнеше тармақтары бойынша сотталды.

РСФСР ҚК 58-бабы, 2-тармағы «Қарулы көтеріліс», 58-бап, 8-тармақ «Терроризм», 58-бап, 10-тармақ «Кеңеске қарсы үгіт және насихат»  бойынша айыпталып сотталғандар:

  1. Акулов Мулла Джамал 48 жаста, тәжік, дихан.
  2. Султанов Мансур 51 жаста, тәжік, имам

РСФСР ҚК 58-бабы, 2-тармағы «Қарулы көтеріліс», 58-бап, 10-тармақ «Кеңеске қарсы үгіт және насихат»  бойынша айыпталып сотталғандар:

  1. Ша-Азимов Ша-Акпар 58 жаста, тәжік, дихан.

РСФСР ҚК 58-бабы, 2-тармағы «Қарулы көтеріліс», 58-бап, 8-тармақ «Терроризм» бойынша айыпталып сотталғандар:

  1. Адинаев Абдукагар 70 жаста, тәжік, дихан.
  2. Мусабаев Наджметдин 37 жаста, тәжік.

3.Саитов Тойчи 30 жаста, тәжік, дихан.

РСФСР ҚК 58-бабы, 2-тармағы «Қарулы көтеріліс» бойынша айыпталып сотталғандар:

1.Хаитбаев Мулла-Ураз 58 жаста, қырғыз, дихан.

2.Нанаев Юлдаш 53 жаста, 18 жанды асыраушы.

3.Джиянбаев Сайфутдин 44 жаста, тәжік, саудагер.

4.Усманбеков Кенжибай 45 жаста қырғыз, дихан.

5.Юлчиев Ергеш 30 жаста, тәжік, дихан.

6.Мир Халимов Икрам 32 жаста, тәжік, дихан.

7.Хаитов Исай 34 жаста, тәжік, дихан.

8.Мадмуратов Ширмат 32 жаста, тәжік, дихан.

9.Алшынбаев Дүйсен 38 жаста, қазақ, дихан.

10.Джанзаков Ширмат 38 жаста, қазақ, дихан.

11.Жаңабаев Чемурбай 53 жаста, қазақ, дихан.

12.Кариев Мирзадаулет 39 жаста, тәжік, дихан.

13.Абдумаликов Абдуманап 31 жаста, тәжік, жұмысшы.

14.Сайбов Абкар 40 жаста, тәжік, дихан.

15.Мама-Юсупов Мама-Юнус 35 жаста, тәжік, дихан.

16.Касымов Юлчи 44 жаста, тәжік, дихан.

17.Мама-Расулов Ша-Мамут 35 жаста, тәжік, дихан.

18.Мирзаев Зиятдин 46 жаста, тәжік, дихан.

19.Саржанов Касан 42 жаста, өзбек, дихан.

20.Дадабаев Арий 28 жаста, өзбек, дихан.

21.Нигмажанов Махмуджан 25 жаста, тәжік, дихан.

22.Ниязбеков Абдулла 36 жаста, тәжік, дихан.

23.Ниязкараев Ташмат 48 жаста, тәжік, дихан.

24.Четкараев Тойлыбай 31 жаста, қырғыз, дихан.

25.Ганиев Абляс 35 жаста, татар, қызмет көрсетеді.

26.Мирзаахмедов Махмут 37 жаста, өзбек, дихан.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде туындаған ұсыныстар:

  1. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтауға тікелей қатысты материалдар Өзбекстан мұрағаттарында көптеп кездеседі.   Алайда, он жылдан асты  Қазақстан азаматтарының Өзбекстан мұрағаттарына  кіруіне   тиым салынған. Осы проблеманы қазіргі екі ел арасындағы байланыстың қайта жаңғыру жағдайында үкімет немесе мемлекет деңгейінде шешіп берілсе деген ұсынысымыз бар.
  2. Архив қорларындағы жергілікті көптеген аса құнды материалдар төте, яғни араб қарпімен жазылған. Зерттеушілердің ол жазуды (әрі қолмен жазылған)  білмегендіктен  аталған материалдар зерттеу нысанынан тыс қалып жатқан жайы бар. Біз бұл мәселені  Қытайдан келген қандас-студенттеріміз арқылы шешудеміз.

Ортағасырдан ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейінгі төл тарихымыз араб қарпінде жазылып келді. Сол кезеңнің тарихи бейнесін  жасау үшін араб тілі мен қарпін білуіміз қажет. Сонымен қатар,  тарих мамандығында оқитын студенттерге ҚР БжҒМ тарапынан араб, парсы, қытай, шағатай тілін  оқу жоспары мен бағдарламасын  енгізу міндеттелінсе дұрыс болар еді.

Фото: Egemen.kz

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.