Түркістан облысы

Биыл солтүстік өңірлерге 6 мыңнан астам адам көшуі керек

0
(0)

Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының мәжіліс залында еңбек күші жетіспейтін Солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан Оңтүстік өңірінен тұрғындарды көшіру мәселесі талқыланған жиын өтті. Zoom жүйесі арқылы өткен жиынға Түркістан, СҚО, ШҚО, Қостанай мен Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен жауапты өкілдері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары қатысты. Мәжілістің модераторы – «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Бейсенбай Тәжібаев көші-қон саласы стратегиялық маңызы бар мәселе екенін атап өтті.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында облыс тұрғындарының әл-ауқатын көтеру көзделген. Бұл ретте өңір тұрғындарын жұмыс орындары көп Солтүстік өңірлерге көшуіне қолдау көрсету арқылы еңбек ресурстарын тиімді үйлестіруге мүмкіндік мол. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асқан 5 жылда ШҚО, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарына 20 мыңнан астам адам қоныс аударған болса, оның 6 мыңдайы немесе 1700-дей отбасы – Түркістан облысының тұрғындары. Біз көшуге ниет білдірген азаматтарға көмектесу, осы бағытта ақпараттық және түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жандандыруымыз керек. Әрбір азамат Солтүстікке қалай көшу керектігін, оларға мемлекеттен қандай қолдау болатынын білуі тиіс», – деді Б.Тәжібаев.


Көші-қон саласына үлес қосып жүрген белсенді азамат «Евроремонт сервис» ЖШС-ның директоры Жаңабай Ағабеков «Қоныстанушылардың несие қарызына 6 айға дейін каникул берілсе, өңірлердің ерекшелігімен таныстыратын бейімдеу орталықтары ашылса, әр ауылға кем дегенде 5-10 отбасыны бірге қоныстандырса, көш жанданар еді. Қазірдің өзінде Түркістан облысынан көшуге ниет білдіріп отырған азаматтар жетерлік», – деді. Ал Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов «Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныстанушылардың 30 пайызы Түркістан облысының тұрғындары екенін баяндады. Оның мәліметінше, атқарылған жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері Түркістан облысынан 36 отбасы, 117 адам қоныс аударған. Жалпы 5 жыл ішінде Түркістан өңірінен көшкендердің 2286-сы жұмысқа қабілетті болса, оның 1545-і тұрақты жұмыспен қамтылған.


Егер Солтүстікке қоныс аударсаңыз «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (102095 теңге) мөлшерінде материалдық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ он екі ай ішінде тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарды өтеуге субсидия қаралған. Қалаға қоныс аударған бір адам 20 АЕК (58340 теңге) мөлшерінде көмек алса, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК (72925 теңге) мөлшерінде пәтерақыға көмек беріледі. Ауылдық жерге қоныс аударған бір адам үшін 15 АЕК (43755 теңге) мөлшерінде пәтерақы берілсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК (52506 теңге) мөлшерінде қолдағуа ие болады.


Осы және өзге де деректер сөз болған жиында 5 облыстың әлеуметтік салаға жауапты басқарма басшылары мен өкілдері өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасов өңірде 1000-нан астам бос жұмыс орындары бар екенін мәлімдеді. Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Меруерт Есенбаева жұмысқа жарамды қоныстанушылардың 78 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтты. Сонымен бірге Қостанай, ШҚО облыстарының жауапты өкілдері де өз ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе, тұрғындарды баспанамен қамтуда мәселе бар екені сөз болды. Олар осы саладағы өзекті мәселелерді тізбектеп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына ұсынуға уағдаласты.


Жиын нәтижесінде алдағы айларда аудандық, қалалық «Жұмыспен қамту орталықтарында» «Еңбек» бағдарламасы арқылы көшкісі келетін азаматтарға кеңес беретін бөлме ашу, отбасылардың көшіп-қонуына көмектесетін демеушілер табу және отбасылардың тізімін анықтау, ақпараттық жұмысты күшейту жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ ғаламторда Түркістан облысының көшуге ниетті тұрғындарына арналған ортақ ақпараттық кеңістік құру жөнінде ұсыныс берілді. «Nur Otan» партиясының Түркістан облысындағы барлық филиалдары әкімдіктермен бірлесіп, осы бағытта жұмыс жүргізіп, көші-қонға тікелей атсалысатын болды.


Бүгінде Солтүстік өңірлерге қоныстанғандар саны бойынша Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам аудандары мен Арыс қаласы көш бастап тұр. Бұл – осы аймақтарда түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстары жолға қойылғанын білдіреді.


Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын бекітті. Осыған сәйкес, 2021 жылы Ақмола, ШҚО, Қостанай, Павлодар СҚО облыстарына көшу үшін 6039 адамға квота бөлінген.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Ақнұр Сағатова

Инстаграм парақшасы

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button