Тарих

Түркістан өңірінің Ұлттық рухани жаңғыруы

Түркістан өңірінің «Ұлттық рухани жаңғыруы» өңірдің туристік аймаққа айналуымен тікелей байланыстыруға болады, деп Newsroom порталының тілшісі жазады.

Қазақстан тарихының алуантүрлігінің орталығы және тарихи маңызы бар орталықтарды сақтаған өңірінің тарихын айтуға бір мақала өзі жетпейді. Ал өңірдің туристік аймаққа айналуы арқылы қазақстандықтарға Қазақстан тарихын өз көзімен көріп, аздаған уақыт ішінде рухани күшпен иемденуге мүмкінік туды. Ұлттық рухани жаңғыру мақсаты – Ұлттық-мәдени бірегейлікті сақтау және мәдени өнімдерді ынталандыру, олардың сапасы мен әр алуандығын арттыру арқылы әрбір қазақстандықтың көркемдік-шығармашылық әлеуетін іске асыру, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады.

Ендігіде Түркістан тарихи ордасының маңызды орталықтарына шолу жасайық:

1 – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды.

1396 жылы Орта Азияның билеушісі Ақсақ Темір Қожа-Ахмет Яссауидің ескі мазарының орнына жаңа кесене салу жайлы бұйрық береді. Орта ғасырларда бой көтерген ең керемет сәулет өнерінің бірі саналатын аталмыш кесенеде Қазақтың 21 ханы жерленген деседі. Кесене салынып жатқан кезде қайта-қайта құлап қала берген екен. Сонда Ұлы Билеушінің түсінде бір ақсақал аян беріп, «Қожа-Ахметтің Арыстан атты ұстазы болған. Сондықтан әуелі Арыстанға, сосын ғана шәкіртіне кесене салыңдар» депті. Бұл түсті көрген Әмір Темір көріпкелдерін шақыртып алып, түсін жорытады. «Арыстанның қабірін қалай табамын?» деп олардан ақыл сұрайды. Көріпкелдері «Жұма намаздан соң Қожа Ахмет Яссауидің қабірінің басына екі құс келіп қонақтайды, сол құс ұшып, ұстазы Арыстанбабтың басына барады, осылайша табасың» деп айтқан екен. Арыстанбабтың сүйегі жерленген жер осылайша табылғанға ұқсайды.

Арыстанбабтың жерленген жері жөнінде тағы да бір қызық аңыз бар. Арыстанбаб қайтыс болмай тұрып, тірі кезінде Қожа Ахмет Ясауиге «Менің саған айтар аманатым, жасым келді, қартайдым. Қайтыс болсам жаназамды сен оқисың. Жас та болсаң сен тегін адам емессің. Пайғамбарымыздың (с. ғ. с) аманат жіберген адамысың. Менің жаназамды оқысымен күн батыс жақтан бір ақ түйе келеді. Соған денемді артып, басын бос қоя сал. Түйе қайда барып шөксе, сол жерге сүйегімді жерле» деп айтыпты. Сол аманат бойынша Арыстанбабтың жаназасына жиылған адамдар ақ түйенің соңынан ереді де отырады. Түйе Отырар өңірінің батыс жағына келіп шөгеді де, сол жерге Арыстанбабтың сүйегі қойылады. Арыстанбаб Түркістанда қайтыс болғанымен Отырарда жерленген.

Жоғарыдағы әңгімеге қайта оралайық. Әмір Темір Түркістаннан кірпіштерді тасытып, Арыстанбабтың басына үлкен күмбезді кесене салдырыпты. Содан кейін ғана Қожа-Ахметке арнап салынып жатқан кесене құламапты да, әміршінің тірлігі алға басыпты.

Қожа Ахмет Ясауи, халық арасында Әзірет (Хазрет) Сұлтан атымен танымал (1093 немесе 1103, Сайрам — 1166, Түркістан) — ортаазиялық философ, ислам уағызшысы, сопылық ақын.

Қожа Ахмет Ясауи – 1093 жылы туылған түркістандық ғұлама, әулие. Қожа Ахмет Ясауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Ясауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады. Қожа Ахмет Ясауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. IX ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Ясы, Сауран, Сығанақ Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағы да басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған болса, Х ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Ясауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабта исламдық фикһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Ясауи ілімі осы саяси-әлеуметтік, тарихи шарттарға байланысты қалыптасты. Қожа Ахмет Ясауи ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Кашифи “Рашахат-ул айн-ил хайат” атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Ясауидың “Диуани хикметінде” де Арыстан баб жиі ауызға алынады. Қожа Ахмет Ясауидың өмірі мен қызметі туралы Жазба деректерде (Хазини, “Жауаһир-ул Абра Мин Амуаж-ил Биһар”) оның Юсуф Хамаданидың шәкірті екендігін көрсететін деректер болғанымен, соңғы зерттеулерде оны теріске шығаратын тұжырымдар айтыла бастады. Қожа Ахмет Ясауидың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр Ата, екінші шәкірті – Сайид Ата Хорезми, үшінші шәкірті – Сүлеймен Бақырғани. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі – Бақырғани (Хакім Ата) (Кашифи, “Рашахат-ул айн-ил хайат”). Тағы бір танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышменди сопы Қожа Ахмет Ясауидың “Мират-ул Қулуб” атты мұрасын хатқа түсірді. Сондай-ақ Садр Ата, Бадр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шейх Лұқпан Перенде сияқты тұлғалар да Қожа Ахмет Ясауидың шәкірттері саналады. А.Беннигсон Қожа Ахмет Ясауидың Шопан Ата және Зеңгі Баба атты да шәкірттерінің болғандығын айтады. Ясауи шәкірттері жөнінде Фуат Көпрулу: “Мутасаууфтардың (сопылардың) өмірбаяны жайлы еңбектерде Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген сопылардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Ясауи тариқатының шейхтары еді” дейді. Ахметтің әкесі діндар, құдай жолын ұстаған атақты шайхылардың бірі болған секілді.

Қожа Ахмет Ясауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Ал, халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кемелдікке жету үшін адамда ашқ (қуатты махаббат) пен дерт болу керек дейді. “Дертсіз адам адам емес, мұны аңла; Ашқсыз инсан хайуан жынысы, бұны тыңда”. Осы хикмет жолындағы “дертсіз адам” адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан. “Ашқсыз адам” – илаhи фитраттан, яғни Алла тарапынан адамға берілген құдайлық сыйдан мақрұм қалған, өзінің адамдық қадірін бағалай алмайтын, парасаттылыққа ұмтылмайтын, өзін қоршаған әлемге, адамға, табиғатқа, осының бәрін Жаратушы иеге мән бермейтін жан. Дертті адамның Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде “Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май” болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ашқ отына түсіп, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді. Шынайы ашққа осы дерт арқылы ұласады. Ал ашқ – кемелдікке жетелейтін күш-қуат көзі. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ибадат), ол “Сізді, бізді Хақ жаратты ибадат үшін” – дейді. Бұл ибадат (убудийат) – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Құдайлық ашқты, Аллаға деген махаббатпен тұтастықта көретін Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы Алла жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеуді парыз деп қарайды. “Сүннет екен кәпір де болса берме азар, Көңілі қатты ділазардан Құдай бизар” деген хикмет адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет (жүйе, заң, қағида) ретінде танытады. Өйткені Қожа Ахмет Ясауи ілімі – дін, мәзһаб аясына сыймайтын шексіз ашқ (махаббат) жолы. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында “дертті адам”, “топырақ адам”, “кемел адам”, сондай-ақ, “ғарип адам” тұлғалары да дәріптеледі.

Ғарип адамды кемелдік мәртебесіне жеткізіп, пайғамбардың қоғамдағы өкілі, ізбасары ретінде бағалайды (қ. Сопылық). Қожа Ахмет Ясауи өзін де ғарип ретінде көрсетеді: “Ғариппін ешкімім жоқ, бейшарамын hәм пақыр, Сенен басқа кімім бар, рақым ет Сен (Алла) таң сәріде” – деп рақымды тек Алладан ғана күтеді. Өйткені оны Алладан басқа шын ұғатын, қолдайтын ешкім жоқ. Оны ғарип қылып, жалғыздыққа итермелейтін күш оның дүниеге деген көзқарасы, илаhи ашқ – Хақ жолына деген ұмтылысы мен махаббаты. Ғариптік – адамның өз-өзімен іштей күресіп, санасын сансыратқан мәселелердің шешімін табу жолында рухымен тілдесу, өз әлімен ғана ләззат алу сияқты көңіл-күйді білдіретін психологиялық хал. Сондықтан да Қожа Ахмет Ясауи “Қай жерде ғарип көрсең һем дем болғыл” дейді. Яғни оларға дем бер, қолдау көрсет, қасынан табыл, құрметте дегені еді. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында өмір мен өлім мәселесінің мәні өзгеше. Ғазали “өлімнің ақиқатын түсіну үшін, өмірдің мәніне жету керек, ал рухты білмей тұрып, өмірді тани алмайсың” дейді. Оның ілімінде нәпсі – жамандықтың, рух – жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Жақсылық пен жамандық секілді нәпсі мен рухтың да қатар өмір сүруі мүмкін емес. Рухтың өмір сүруі үшін нәпсінің өлуі шарт. Өйткені өмірдің мәні рухтың тазалығында, яғни көңіл айнасының сафтығында жатыр. Рух тазалығын мақсат тұту “ашқ” мәртебесіне ұласып, Хақ дидарын көру болып табылады. “Муту қабла ан тамуту-топырақ болмақ; Ашқтар өлмес бұрын өледі екен…” “Құл Қожа Ахмет, нәпсіні тептім, нәпсіні тептім, Өлмес бұрын жан берудің дертін шектім, Дидар тілеп тәрк етсем масиуаны; Өлмес бұрын болмысыңды айла фәни…” Бұлар – “өлмес бұрын өлу” философиясына тән хикметтер. Қожа Ахмет Ясауи мұнда масиуаны (Хақтан басқа барлық дүниені) тәрк ету арқылы шынайы өмір мәнін ұғынуға шақырады. Оның көзқарасы бойынша, “шынайы өмір” деп, рухтың нәпсіден арылып, илаhи нұрлармен шайылуын айтады. Бұл ілім негізінде адамдарды “өлілер” және “тірілер” деп қарауға болады. Бұл жердегі “өлі” және “тірі” ұғымы рухқа байланысты. “Өлілер” – дүниеде нәпсінің құлы болып өткендер, олар тірі болса да өлікпен тең. “Тірілер” – нәпсілерін жою арқылы рухтарына “өмір” сыйлағандар, олар өлсе де мәңгілік өмірмен қауышқандар, бақи мәртебесіне жеткендер. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында физикалық өлім жоқ. Ол жай ғана рухтың тәннен айырылып, басқа бір халге ауысуы. Аллаға құлшылықтың ең жоғарғы халі – еркіндік. Рухани өмір ішкі рухқа қатысты болғандықтан,Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі еркіндік мәселесі де адамның “ішкі еркіндігі” шеңберінде қарастырылады. Ішкі еркіндікті ислам ахлағында “моральдық еркіндік” дейді. Яғни, Хаққа толық құл болған адам ғана толық еркін, азат. Демек, Алладан басқа барлық нәрседен тазару шынайы еркіндікке ұласады. Сопы Хақ алдында құл, халық алдында азат, еркін. Рухани өлімнің нәтижесінде нәпсі үстемдік құрып, адамды өзіне құл етеді. Адам өзінің жаратылысын, табиғатын жатсына бастайды. Нәтижесінде рух еркіндіктен айырылады. Қожа Ахмет Ясауи әдісі бойынша, рухты еркіндікке қауыштырудың жолы – зухд Қожа Ахмет Ясауи ілімінде ішкі еркіндікке жетудің дәрежелері мен басқыштары айтылады. Бұлар сопылық дүниетанымдағы “халдер” мен “мақамат” категорияларының рет-ретімен жалғасуы арқылы жүзеге асады. Ішкі еркіндік жайындағы мәліметтің негізі – дін. Ал дін адамзатқа “ішкі құлдықтан” құтылу және “ішкі еркіндікке” жетудің жолын көрсететін Алла тарапынан берілген илаhи жолдағы Қожа Ахмет Ясауи ілімі бойынша, “өлілер” мен “тірілер” ұғымына сәйкес, еркіндік мәселесінде де адамдарды екі топқа бөліп қарауға болады. Бірінші топ – “еркіндікті аңсаушылар”. Бұлар тек қана Хаққа табынып, құлшылық етеді. Екінші топ – “еркіндіктен қорқатындар”. Бұлар – нәпсімансапбайлықатақдүние, адамға, т.б. табынып, құлдық ұрады. Хикметтің басы – Алланы бар және бір деп білу.

Қожа Ахмет Ясауи адам баласы осы шындықтан бейхабар қалғанда өзінің негізінен алыстай бастайтындығын айтады. Осы ақиқатты адам баласына ескертіп, тікелей еске салып отыратын таным көзі – Құран деп біледі. Сонымен қатар, Алланы танудың негізгі сыры адамның өзінде екендігін айтады. Адам – микрокосмос болса, рух, бүкіл әлем, болмыс – макрокосмос, Алланың аяттары, яғни белгілері. Адам – рух әлемінде Алламен болған сұхбат-антты бұзбай “Зікір” арқылы үнемі есте сақтаушы. Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі зікір, уажд (экстаз), сама сияқты әдістер Алламен болған сертті ұмытпау үшін қолданылған. Адамның арабша “инсан”, яғни “ұмытшақ” екендігін ескергенде, Құранның бір аты болып табылатын зікір (еске алу) адамдық болмысты толықтырып, кемелдендіріп отыратын әдіс екендігі белгілі. Осы тұста “қалу бәла” серті (“…мен сендердің Жаратушың емес пе едім” деген Тәңірінің сұрағына рухтардың “Иә, әлбетте” деген жауап-серті) мен рух әлеміндегі онтол. және туыстық бірліктің адамзат арасында осы кезге жалғасып, сақталуына деген ұмтылыстың, тілектің жатқандығын байқау қиын емес. Жалпы сопылық дүниетанымға тән бұл теориялы-тұжырымдамалық ұстанымды Қожа Ахмет Ясауи түркілік дүниетаным негізінде жаңғыртты. Ислам тарихында дінді ұғынудың, қабылдаудың ерекше түрі ретінде пайда болған “сопылық ағым” ресми діндегі (қалам мен фикһ) қасаңдыққа қарсы бағыт ретінде бой көрсетті. Сол секілді Қожа Ахмет Ясауи ілімі де түркілік дүниетанымның негізгі категориясы болып табылатын әмбебаптыққа сай дамыды. Тәңірді жазалаушы, қорқыныш иесі ретінде ғана емес, Тәңірді сүю және оның үкімдерін құрметтеу арқылы Аллаға махаббатпен қауышу-ұласу әдістерін қалыптастырды. Өйткені сопылық дүниетанымда Алла – ғашық (сүюші), мағшуқ (сүйілуші) әрі ғашықтықтың өзі болғандықтан да, ғашықтық болмыс жаратылысының ең негізгі мұраты. Бұл адам бойында махаббат, жауапкершілік сезімді, иман, т.б. асыл құндылықтарды қалыптастырады. Адам хикмет арқылы, оның нәтижелі жемістерінің негізінде ғана мәнді, мағыналы өмір, “адамша тіршілік ету өнерін” меңгере алады (қазіргі “Диуани хикмет”). Қожа Ахмет Ясауи ілімінің танымдық тірегін құрайтын адамгершілік қағидалардың өзегі – ахлақ (мораль). Ахлақ – хикметтің нәтижесінде қалыптасқан рухани құндылықтар жиыны. Адам ахлақ арқылы адамдық болмысқа, мәнге ие болады. Яғни, адам ахлақтық-рухани құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана “шындыққа”, “жан тыныштығына” қауышады. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде “жан тыныштығы”, “шындыққа жету” адамгершілік қасиет пен сипатқа ұласу арқылы тариқатта жүзеге асады. Аллаға қауышудың жолы қоғамға, адамға қызмет ету – тікелей ахлақтық кемелдену арқылы өтеді. Нәтижесінде рухани тазалыққа, өзін-өзі меңгеруге қолы жетіп, “Кемел адам” тұрпаты қалыптасады. Көшпелі түркі қауымын имандылыққа шақыру арқылы Қожа Ахмет Ясауи ілімі барша түркі халықтары мәдениетіне үлкен өзгеріс енгізді. Дәстүрлі түркілік дүниетанымның негізі сыршылдық (мистика) дін екендігін ескерсек, сопылық танымның түркі мұсылмандығының ең маңызды ерекшелігін қалыптастырудағы себептерін ұғыну қиын емес. Бұл құбылыстың табиғилығын дін феноменол-сы тұрғысынан қарасақ, діндердің таралуындағы ескі ұстанымдардың толығымен жойылмайтынын, жаңалары сол құндылықтар, түсінік, ұғымдар негізінде өз орнын табатынын көруге болады. Көбінесе діндерде ескі ұстанымдар мистикалық институттармен тұтасып, “халық діндарлығы” түрінде тіршілігін жалғастырады. Бұл құбылыстың көрінісін Қожа Ахмет Ясауидың сопылық-моральдық ілімінен көруге болады. Оның “құрма” символизмі арқылы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға байлануы, осы құбылысқа Арыстан бабтың “себеп” болуы, өмірін пайғамбар өміріне ұқсатуға тырысуы, пайғамбарға ұқсаудың ишараты ретінде ұлының атын Ибраһим қоюы, пайғамбар жасына келгенде тірідей “жерасты мешітіне”, яғни қылуетке түсуі, осының бәрі оның іліміндегі көшпелі түркілерге исламды таратудағы маңызды әдістемелік, құбылыстық ерекшелік әрі жаңалық болып табылады.

Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. “Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады” деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариғаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, шығармашылық әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Ясауише хикмет жазу дәстүрге айналды. Кіші Азияда Хаджи Бекташ УалиЖүніс ӘміреСүлеймен Бақырғани хикметтерінен Қожа Ахмет Ясауи сарыны байқалды. XII ғасырдан бері түркі халқының дүниетанымына елеулі ықпал еткен Қожа Ахмет Ясауи сарыны Асан Қайғыдан Абайға, сондай-ақ, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапқан.

Azretsultan.kz дереккөздеріне сүйене отырып, рухани тарихына үнілейік: Өркениеттердің және мәдениеттердің қарымқатынастарын қарастыруда олардың өзгешеліктерін зерттеу өте маңызды болып табылады. Ол үшін сәулет өнерін зерттеудің маңыздылығы жоғары орын алатыны белгілі.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» болып ашылып, қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып халыққы музей ретінде қызметін атқаруда.

Орталық Азияның Ислам өнерінің тарихи дәуірленуі бірнеше кезеңге бөлінеді. Мұсылман архитектурасының маңызды бір кезеңі — Әмір Темір дәуірі.

Қазіргі заманда Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің туындылары көп жерлерде сақталған. Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің ескерткіштері – өте бай Ислам өнерінің елеулі бөлігі болып табылады. Ал Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің туындыларының алғашқы үлгілері Орталық Азияда пайда болғанын ескерсек, осы аймақта орналасқан сәулет ескерткіштерін зерттеп қарастырудың орны ерекше екені анық. Әмір Темір дәуірінің сәулет өнер өз көркем үрдісі дамуының негізін қалайтын көптеген мәдениеттердің қарымқатынастарының негізінде қалыптасты.

Әмір Темір негізін қалаған орасан зор мемлекетте әр-түрлі өнер салаларының қалыптасуы мен дамуына көп көңіл бөлгені белгілі. Әсіресе, қазіргі Орта Азия, Ауғанстан және Иран аймақтарындағы сәулет өнеріне ерекше көңіл бөлінгені анық.

Орта Азия сәулет өнері тарихында Әмір Темір дәуірі тұсында мұсылмандық сәулет өнері дамуының жаңа кезеңінің басталатынын айқындайтын маңызды да сапалы өзгерістер қалыптасты. Бұл кезең ХІҮ ғасырдың соңы мен ХҮ ғасырды қамтиды. ХІҮ ғасырдың соңынан Мәуераннахр шығармашылық ойлардың орталығына айнала бастайды. Осыған байланысты сәулет өнерінде жаңа стилдер пайда болады. Сол кезде өмір сүрген Ибн-Арабшах Әмір Темірдің сәулет сарайларына сипаттама берген кезде «олар жаңа тұрпатта салынған» деп жазады.

Сол заманға жататын түпнұсқалар Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің тұтастығы, оның қоғамдық көзқарасының негізін көрсетеді.

Қалалық сәулет өнері Әмір Темір дәуірінде гүлденгені туралы Кастилия мен Лион патшасының елшісі Клавихо былай деп жазады: «Әмір Темір және оның ұрпақтары қалыптастырған дүние экономикалық өркендеуді ынталандырудың негізі болып табылады. Осыған байланысты Иран мен Орта Азияда сансыз ғимараттардың салынуы сәулетшілерді шабыттандыра түсті. Аруақ қонған жерлер ерекше көңілге алынды: бар ғимараттар қайта жаңғыртылды және әшекейлендірілді, көптеген жаңа кесенелер салынды».

Әмір Темірдің көркем мұрасы Орта Азия өнер тарихының жарқын беті деп айтуға әбден болады.

1379 жылдан бастап Әмір Темір Хорезм, Тебриз, Шираз, Индия және Сирия аймақтарының сәулетшілерін өз мемлекетіне жинады. Осы сәулетшілер Әмір Темірдің бастауымен көрнектілігі жағынан ерекше орын алатын жаңа тұрпатын қалыптастырды.

Бұл тұстағы сәулет өнерінің туындыларының ішінде Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі ерекше орын алады. Аталмыш ғимарат Әмір Темір дәурінің сәулет өнерінің алғашқы туындыларының біріне жататыны белгілі. Сонымен қатар, осы ғимаратты салу барысында қолданған тәсілдер кейінен Әмір Темір мемлекетінің астанасы Самарқандыда көп қолданылғаны мәлім.

Түркістан қаласына жақындаған кезде ең бірінші болып көрінетін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Биіктігі жағынан оған тең келетін сол заманғы ғимараттар өте аз болып табылады. Осы қасиет оның негізгі бір ерекшелігіне жататынын атап өту қажет.

Әмір Темір дәуірінің сәулет өнері Ақсақ Темір мемлекетінің ой-санасы дамуын көрсететін бірден-бір құрал екені анық. Осы дәуірдің сәулет өнерін зерттеу барысында салынған ғимарттардың биіктігі бірден көзге түседі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі осы пікірдің дәлелі болып табылатыны анық.

Шахрисябздағы Ақ-Сарайдың маңдайында Әмір Темір мынадай ұран жаздырған: «Біздің қуатымызға, күшімізге күмән келтірсең – біздің салған ғимараттарға қара».

Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің көзге түсер ерекшелігі оның ауқымдылығы мен салтанатты байлығы. Осы факторлар мемлекеттің қуаттылығын, күштілігін көрсетуге арналған. Осы концепцияны іске асыруда сәулет ғимараттарының кейбір бөліктері ерекше орын алады. Мысал ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мұнаралары мен қасбетін алуға болады. Кесененің мұнаралары екі түрлі ойға келтіреді. Оның орасан биіктігі ресми діни орталығының орнын айқындап көрсетсе, екінші жағынан – ғимараттың сәнін келтіреді. Жалпы айтқанда мемлекет басшысының қуатын көрсетіп, Ислам дінінің осы жерде басшылығын айқындайды. Кесененің қасбеті де сол қызметтерді атқарып тұр.

Ғимараттың құрылымдық элементтері де маңызды ақпарат беруі тиіс еді. Күмбездің рәміздік қасиеттері туралы ойларды бірнеше ғалымдар білдірген болатын. Әмір Темір тапсырыс беруші ретінде өзі де күмбездерге көп көңіл бөлгені белгілі. Өзінің қатысуымен ол осы тұрпаттың қалыптасуына үлкен үлесін қосты.

Орта Азиядағы Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің ескерткіштерін екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа сәулет ғимараттарының тұрпатын полихромдық (түрлі-түсті) әшекейлендіру айқындайтын ғимараттар жатады. Екінші топқа керісінше, полихромдық әшекейлендіру сәулет ғимаратын «жұтып», оның негізгі құрылымдарын көрсетпейтін ғимараттар жатады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ғимараттардың бірінші тобына жатады. Бұл ғимарттың декоративтік әшекейлендірілуі кесененің сәулет құрылым-дарын анық, күшейтіп көрсететіні анық көрініп тұр. Бұл топқа және Ақ-Сарай мен Бибі Ханымның кесенесін жатқызуға болады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулет ескерткішінің құрылымы жағынан атап өтуді жөн көрдік. Құрылысты жүргізуді Әмір Темір өз дуанында игілікті істермен шұғылданатын Мәулен Убайдулла Садырға жүктейді. Кесенені салу жедел қолға алынып, сол заманғы деңгейден қарағанда, аса қарқынды жүргізілді. Негізгі және қосалқы бөлмелерді салу кезінде құрылысшылар қолдарындағы архитектуралық сызбалар мен ғимарат жобасына сүйеніп отырды. Архитектуралық көлемдер мен олардың бөлшектерінің асқан шеберлікпен салынғандығының себебін тек осылай ғана түсіндіруге болады. Әмір Темірдің болашақ кесене жобасын жасауға тікелей қатысып, құрылысшыларға нақты нұсқау бергендігін әр-түрлі жазба деректер де дәлелдейді.

Жобаны әзірлеу барысында олар белгілі бір модульді пайдаланды, оның жартысы да ширегі де өлшем ретінде жүре беретін. Сондай ақ, композициялық негіз етіп алынған модульдік жүйе де қолданылатын. Осы жүйе бойынша архитектуралық көлемдердің мөлшері ішкі және сыртқы тарамдардың, қуыстардың түрлері, қанаттардың ұзындығы, терезе және есік ойықтарының, аркалардың, қуыстардың, күмбездердің, сталактиттердің және тағы басқа бөлшектер өлшемдерінің тепе-теңдіктері белгіленіп отыратын. Ғимараттың жеке бөліктерінің жобадағы және кеңістіктегі өзара үйлесімділігі, негізінен алғанда, шаршы келген қабырға ұзындықтарынан тұратын бас бөлменің көлденеңіне қаншалық сәйкесуіне байланысты белгіленген.

Осы әдіс Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салу кезінде кеңінен қолданылды. Жобаны өлшеу нәтижесі кесененің 60,6 сантиметрлік тең қабырғалы модульдік – көлемдік торға дәл келіп тұрғанын көрсетті. Ал 60,6 см ортағасырлық бір кезге тең.

Қожа Ахмет Ясауи кешені – аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені 46,5 м., ұзындығы 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені 50 м. жуық) және бірнеше күмбезі бар орталық залының төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған.

Кесене құрылысы сол маңда орналасқан ХІІ – ХІҮ ғасырлардың кішігірім кесенелерін біртіндеп бұзып, олардың кірпіштерін Әзірет Сұлтан кесенесінің құрылысына пайдаланудан басталды. Осылайша биіктігі 14-15 метрлік құрылыстың бірінші кезеңі 1391-1393 жж. аралығында тұрғызылып, ол екінші қабаттың төбе жабынымен аяқталды. Бас портал – Пештақ жартысна дейін қаланып, сырты сырлы қышпен қапталуын күтіп тұрды. Алайда 1393-1399 жж. аралығында өткен екінші кезеңінде портал өзіне тиісті биіктікке дейін (60-65 м) қаланбады, бар-жоғы 41 м биіктікпен тоқтап қалды. Бұған себеп аса ауыр бұл бөлік бірден шөгіп, оның Қазандық бөлмесімен жалғасқан жері ажырап жарыла бастауы еді, сонымен бірге, портал нишасын жапқан арка да ортасынан екіге бөліне бастаған болатын. Кесененің бұл бөлігінің (мұнаралар мен аркаға дейінгі аралық) қабырға қалындығы 3 метрден 5 метрге дейін барады және құрылыстың астына 2 метр тереңдікке дейін іргетас қаланған бөлігі де тек осы жерлері ғана, әйтсе де, тап осы бөлік екі жаққа қарай шөге бастап, арканың қиысқан ұшы мен артқы қабырғасы екі айырылып, жарық пайда болады. Бұл кезде (1399 ж.) ұсталардың дені Самарқандағы Бибі Ханым мешітінің құрылысына алып кетілген болатын, Түркістанда негізінен кесенені сырлы қышпен қаптау жұмыстары жүріп жатты. Пештактың биіктігі 65 метрге дейін көтерілмегендіктен Қазандық бөлмесінің екінші күмбезі де қаланбай қалды, бірақ күмбездің бірінші қабатының сырты көгілдір түсті бояулы қышпен қапталды. Егер екінші күмбез қаланғанда біріншісі сегіз бұрышты мойынның үстінен қонатын биік барабанның (Қабірхананыкі сияқты) ішінде қалып, оны сырлы қышпен қаптаудың қажеті болмай қалатын еді.

1591 ж. Бұхара ханы ІІ Абдолла Түркістанға келген кезде Пештақтың артқы қабырғасының жоғарғы жағы әлдеқашан құлап түскен болатын. Тарихта «Құрылысшы Абдолла» деген атпен белгілі бұл хан пештақтың артын қайта қалатып, артқы қабырғасына «Абдолла хан нишасы» деп аталып кеткен бес бұрышты ойықты да қайта қалатады. Бұл жерде бұрын да бір нишаның болғандығын оның төбесінде 1 метрдей жерден өткен басқа бір арканың ізі байқатады.

Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі күрделі инженерлік құрылыс болып табылады. 2 және 3 деңгейде орналасқан бірнеше үлкен бөлмелерден тұратын күрделі құрылыс жауапты контсрукторлық шешімді табуға түрткі болды. Кесене мұнаралары тереңдігі 3 м дейін сазды қоспадағы бұт тастардың үстінен қаланған. Ғимараттың ірге тасының қызметін тереңдігі 1,5 метрге дейін баратын бірнеше қатпарлы құм мен саз балшықтан жасалған құймалар атқарады. Екінші жағынан, бұл құймалар ғимарат қабырғаларының гидро-изоляциясының қызметін де атқарады.Ғимараттың негізгі бөліктерінің қабырғалары (портал, жамағатхана) саз балшықтан тұрғызылған іргетасқа отырғызылған. Ескерткіштің төменгі бөлігінің астында – тереңдігі 2,5 м дейінгі саз құйылма табанынан бір метрге дейін сазды қоспадан қаланған қыш.

Ғалымдар тарихи құжаттарды, аңыз әнгімелерге байланысты, Түркістан төңірегіндегі радиусы – 40-75 шақырым болып келетін елді мекендердегі көптеген балшық түрлеріне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде ескерткіштің керамикалық кірпіштерінің химиялық құрамына ең жақын және сәйкес келетін балшық, Түркістан қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан қазіргі темір жол бойындағы Сауран станциясындағы көне Сауран қорғаны маңынан алынған топырақ екендігі анықталды. Дәл сол жер әсіресе аңыз әнгімелерде көп айтылатын. Белгілі тарихшы М. Е. Массон былай деп жазды: «Аңыз әнгімеге байланысты кесененің құрылысы және өрнекті кірпіштері Сауранда дайындалып, Ясыдағы құрылыс орнына дейін құрылысшылар қолма-қол жеткізілген». Күйдірілген Сауран балшығының химиялық талдануы мынандай қатынасты көрсетті: кремний – 61 %, қалайы тотығы – 14 %, кальций мен магний – 15 %, темір тотығы – 5 %, калий мен натрий – 4,5 %. Бұл көрсеткіш кесене кірпіштеріне жүргізілген химиялық талдауымен сәйкес келеді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі кірпіштерде жарылған іздер жоқ. Бұл кірпіш балшығының аса ыждағаттылқпен дайындалғандығын көрсетеді. Балшық құрамына қосылған шөпшектер, жылқы қылы, жүн – арматураның қызметін атқарып кірпіштің жарылуына жол бермеді. Кептірілген кірпіштер арнайы қолдан жасалған ошықтарда күйдірілді. Сыртқы кейіпі үстінде тесігі бар аударылған қазан тұрпатында болды. Ошаққа бізге беймәлім арнайы отын пайдаланған. Аңызға сүйенсек 1000-1100 º дейін ыстық беретін тамырлы шөп туралы айтылады. Тағы бір аңызда бұл шөп емес Түркістан маңында сол кезде өскен ағаш деген болжам бар. Керекті жоғары темпиратураны алу үшін жел үрлеп отыратын арнайы жасалған ошақтар болған. Ауызша жеткен мәліметтерге сүйенсек кірпіштерді ойпаттау жерге жинап, үстіне отып үйіп бірнеше күн жағып күйдірген. Кірпіштерді күйдіргенде оған қосылған шөпшектер, жылқы қылы, жүн отқа күйіп, кірпіш ішінде қуыстар пайда болады. Бұл қуыстар кірпіш салмағын жеңілдетіп төзімділігін арттыра түседі. Суған кірпіштерді құрылыс алаңына жіберілген. Керек кезінде бұл кірпіштен қаптайтын бөлшектер араланып жасалды.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — әр-түрлі қызмет атқаратын бөлмелерден тұратын күрделі құрылыс нысаны: Жамағатхана, Қабірхана, Үлкен және Кіші Ақсарай, Кітапхана, Асхана, Құдықхана және бірнеше худжралар. Кесененің бөлмелері мен бөліктері дәліздер және баспалдақтармен бір-бірімен байланыстырылған.

Архитектуралық-құрылыс жоба композициясын байланыстырып тұрған кесененің орталық бөлмесі – жамағатхана.

Ол порталы оңтүстік-шығысқа, ал бүйір беттері тиісінше оңтүстік-батыс пен солтүстік-шығысқа қарайтын етіп салынған. Келген адам орталық залға бас порталдың сәнді есігі арқылы кіреді. Қазандық Қазақстан мен Орта Азиядағы кірпіштен өрген күмбездердің ішіндегі ең үлкені — диаметрі 18,3 метрлік күмбезбен көмкерілген.

Сәулет өнері жағынан қарағанда Жамағатхана бөлмесімен маңызы бірдей болып табылатын бөлме Қожа Ахмет Ясауи жерленген Қабірхана бөлмесі. Бұл бөлменің аты жазуларда әртүрлі аталады. Солтүстік қасбеті жағында орналасқан софитте оны «муркат», яғни мола деп атаған. Ал Қабірханаға кіреберістің жоғары жағында «бұл қасиетті қабірді «раудатты» (шерифтердің бауы) Әмір Темір Гурган тұрғызуға бұйрық берді» деп жазылған. «Раудат» ұғымын «Қабір» деп аударуға негізделген, бірақ дәл аудармасы «бау» деген мағына береді. Қожа Ахмет Ясауидің замандасы Абд ал-Қадыр Гилянидің түсініктемелерінде бұл ұғымды пайдаланудың мағынасы «адамдарға тозақтың есігін жауып жұмаққа жол ашу» деп береді [5, 10 бет]. Яғни, әулиенің жатқан бөлмесін жұмақтың бауы ретінде қарастырады. Осыған байланысты бұл бөлменің архитетуралық құрылымы да осыған тығыз байланысты болып келеді. Бөлменің ортасында Қожа Ахметтің құлпы тасы орналасқан үш деңгейлі подиум салынған. Бұл подиум серпентинит тасынан жасалған қаптамалармен әшекейленген.

Қазандықтан өзге бөлмелерге қарай қос қатарлы сегіз дәліз тарайды. Бұл дәліздер ғимаратты сегіз дара блокқа бөледі. Әр блокта архитектурасы да, пайдаланатын мақсаты да әр қилы бөлмелер бар. Оңтүстік-батыс блокта мешіт орналасқан.

Кесененің мешіті аса бір тамаша архитектуралық құрылыс. Ол мойындығында он алты терезесі бар, шағындау қос қабат күмбезді сопақшалау келген бөлме. Оған жамағатхана бөлмесінен Жолбарыс хан дәлізі арқылы өтуге болады. Мешіт қабырғалары жыланкөз өю-өрнектерімен әшекейленген және сонымен бірге алты қырлы көгілдір тақтайшалар жапсырылған. Зиярат етіп келген халықтың құлшылық ғибадатын атқаруға арналған – Мешіт (қабырғалары 9,3х10,7 м) ерекше нақышпен көркемделген, тамаша архитектуралық құрылыс. Оның биіктігі –11,5 м, тереңдігі 2 метрлік аркалық ойықтары, екі үлкен терезесі бар.

Мешіттің батыс жақ қабырғасына Меккедегі Қағбаға қаратылып 3,5 х 2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Михраб мешітке ерекше көрік беріп тұр. Оның беті мозаикамен және өсімдік суреті бедерленген майолика тақтайшаларымен әшекейленген.

Михраб — жебе ұшты арқасы бар ойық. Бұл ойық көгілдір түсті мозаикамен көркемделген, тік бұрышты сәндік белдеумен қоршалған, оған ақ әріптермен Құран сөздері жазылған. Әр жерден әсемдік үшін жалатылған алтынның сілемі көзге шалынады.

Қабірхана мен мешіт арасында зияратхана деп аталатын дәліз орналасқан. Мұнда зиярат жасауға келгендердің басым бөлігі әулие жатқан орынды көруге мүмкіншілік алады. Зияратхана мен Ахмет Ясауи бейіті жатқан Қабірхана арасын есік ойығына қойылған ағаш тор ғана бөліп тұр. Бұған ұқсас дәліз Қабірхананыі шығысында да бар. Екі бөлме төбесі де Орта Азияның ортағасырлық ескерткіштерінде өте сирек кездесетін крест үлгісіндегі жабумен өрілген. Л.Ю. Маньковскаяның пікірінше, «осы шатырлар ғимарат құрылысшысының ойлап тапқандарының ең озығы және ол басқаларға ұқсамайтындығымен ерекшеленеді».

Кітапхана бөлмесі оңтүстік қабырғасындағы терезе және күмбездің төбесіндегі тесігі арқылы жарықтырылған. Мұнда бұрын көне жазбалардың, ескі басылымдардың кітапханасы орналасқан. Шығармалар көшірілетін, іс-қағаздарды тіркейтін орын болған. Осында ХІV – ХІХ ғғ. Түркістан тарихына байланысты құжаттар әр түрлі ақпараттар мен қолхаттар сақталған. Бізге көне кітаптардан ХІІ ғ. Құраны, ХV ғ. алгебрасы, математикасы, шығыс авторларының көптеген шығармалары, оның ішінде Ахмет Ясауидің «Хикметі» жеткен, алайда олар 1954 жылы Қазақстан Ғылым Академиясы мен Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорына тапсырылған.

Ғимараттың солтүстік-батыс бөлігінде үлкен Ақсарай және оған қарама – қарсыда Кіші Ақсарай орналасқан. Бөлмелердің осылай аталуы олардың түсіне емес, ХVІ — ХVІІІ ғасырларда Түркістанда қазақтың Ұлы жүз бен Орта жүз хандарының ордалары орнығып, аталған бөлмелердің түрлі салтанаттар үшін пайдаланылуымен байланысты болғанын Т.К. Басенов көрсетті. Үлкен және Кіші Ақсарай залдарының жоғарғы қабаттарында жүріп тұруға болатын өтпелі дәліздер галерея жасалған.

Асхана — Халимканада дүйсенбі мен жұма күндері кедей-кепшік пен дәруіштерге тегін үлестірілетін тағам — халим әзірленетін болған.

Ғимараттың оңтүстік шығыс бөлігінде биіктігі 16 м, қабырғалары 5,3 м күмбезді бөлме – Құдықхана орналасқан. Оны қабырғаларындағы терең ойықтардың есесінен бөлме кеңейіп, ұзарып көрінеді. Оңтүстік ойыққа жақын ортада құдық орналасқан. Құдықтың суын ас дайындауға және Тайқазанды суға толтыру үшін пайдаланған. Кесене әлеуметтің сан-салалы құлшылық, ғибадат, қоғамдық, рухани-ағарту мұқтаждықтарын өтеуге байланысты жиналатын орны болғандықтан ол жерде құдықтың болуы нақтылы қажеттілік. Сонымен қатар, адамның рухани сусынын қандыратын ілімнің ордасында халықтың рухына медет, тәніне шипа болатын кәусәр судың бастауы құдықтың орын алуы да оның символдық мәнінің терең екенін көрсетеді. Әмір Темірдің уакуфтық қолхатында су тасушылардың арнайы қызметі анықталып, міндеті белгіленген.

Қорыта келгенде кесененің құрылыс ерекшеліктері : Іргетасы балшық пен тастан құйылған Ахмет Ясауи комплексі ХІҮғ. құрылыс инженерлерінің сөзсіз озық шешімі болып табылады. Пропорциялық қатынастардың бірлігі, құрылыс тәжірибелері ортағасырлық шеберлердің сәулет өнерінің күрделі теорияларын меңгергендігін көрсетеді.

Ахмет Ясауи құрылысының тағы бір ерекшелігі оның құрылысында көне түркі ақынының алғашқы қабірі қамтылғанында. Салмақ көп түсетін пилондарының табанына ірі кесек тастар қалаған. Ал басқа қабырғаларының іргетасы лайдан құйылып тапталған. Ескерткіш іргетасынан жоғарғы бөлігі конструкциялық түрлеріне қарай әр түрлі ерітінділерге бекітілген күйген кірпіштен қаланған және 600 жыл бойы өмір сүріп келе жатқан ғимарат. Табан топырағы ылғалды жерге салынғандықтан 50-60см төмен шөккенін байқауға болады. Ғимараттың жеке бөліктерінің архитектуралық формаларының өзара үйлесімділігі негізінен алғанда Қазақстан мен Орта Азияға тән

келген қабырға ұзындықтарының осы бөлменің көлденеңіне сәйкес теориясының сақталуына байланысты. Шатыр тұрғызу техникасы мен түрлері:

  1. Аркалы желкендерге орнатылған, кең қанатты күмбез.
  2. Қанатты желкендерге орнатылған кең қанатты күмбез (Құдықхана).
  3. Тік көтерілген кең қанатты күмбез және жарық сәулелі орталық (Мешіт).
  4. Көтермелі аркаларға орнатылған кең қанатты күмбез (Асхана, дәліздер). Калқан тәрізді желкендерге орналасқан аласа күмбезшілер (кітапхана, кіші Ақсарай). Цилиндрлі шатырлар.

Бір орталыққа жинақталған комплекс бөлмелері, бір-бірімен көптеген дәліздермен, баспалдақтармен байланысқан. Олардың барлығы кешенде 22. Ғимаратта баспалдақтардың мынадай түрлері кездеседі. Айналма және бір шеті айқасып келген шахтадағы баспалдақтар (Мұнара мен үлкен күмбездердің төрт қырлы қабырғасында). Айнала төрт бұрышты шахта және жылжымалы жарты аркалар тізбегі арқылы орналасқан баспалдақтар (дәліз баспалдақтары). Айналма, тік бұрышты шахта (бас порталдың ойығы). Шахтасыз ашық баспалдақтар.

Кесененің жалпы архитектуралық құрылымдық жобасы мен композициясын қарастыру бұл құрылыс – мұсылмандық дәстүрдің қалыптасуының кіндік орталығы болғанын көрсетеді. Бұл сәулет ғимараты, барша жәдігерлерімен бірге ғасырлар бойы дәстүрлі Исламның жасампаздық рухын, асыл мұратын әйгілеп тұрады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені — 46,5 м, ұзындығы — 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық аркасының ұзындығы — 18,2 м) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Жамағатхана (мұнда қазан тұруы себепті қазандық деп аталған) күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі — 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалындығы — 1,8—2 м, қазандық қабырғаларының қалындығы — 3 метр. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады:

  1. Қазандық;
  2. Үлкен Ақсарай;
  3. Кіші Ақсарай;
  4. Құдықхана;
  5. Кітапхана;
  6. Асхана;
  7. Көрхана;
  8. Мешіт;

Негізгі және қосалқы бөлмелері

Ол порталы оңтүстік-шығысқа, ал бүйір беттері тиісінше оңтүстік-батыс пен солтүстік-шығысқа қарайтын етіп салынған. Келген адам орталық залға бас порталдың сәнді есігі арқылы кіреді. Қазандық Қазақстан мен Орта Азиядағы кірпіштен өрген күмбездердің ішіндегі ең үлкені, диаметрі 18,3 метрлік күмбезбен көмкерілген. Бұл бөлмеден өткен соң оюмен өрнектелген ағаш есік арқылы Қожа Ахмет Ясауи мүрдесі жатқан бөлмеге кіруге болады. Көрхананың қос қабат күмбезін кейде Мұхаммед Ханафия порталы деп те атайды. Қазандықтан өзге бөлмелерге қарай қос қатарлы сегіз дәліз тарайды. Бұл дәліздер ғимаратты сегіз дара блокқа бөледі. Әр блокта архитектурасы да, пайдаланатын мақсаты да әр қилы бөлмелер бар. Оңтүстік-батыс блокта мешіт орналасқан. Ал оңтүстік-шығыс блокта халимкана бар. Халимканада дүйсенбі мен жұма күндері кедей-кепшік пен дәруіштерге тегін үлестірілетін тағам — халим әзірленетін болған. Солтүстік-шығыс блокта құдықхана, ал солтүстік-батыс блокта Үлкен Ақсарай орналасқан. Оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс жақтарының орта тұсында өзінің архитектуралық тұрқы жағынан біртектес, қабатты залдар — Кіші Ақсарай мен кітапхана бар. Кесенедегі сегіз дәліздің алтауы өтпелі де, екеуі — тұйық. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тек зират болумен шектелмей, мешіт-медреселік қызметтерді де атқарған. Түрлі мақсаттағы бөлмелердің басын осылайша біріктіру өз заманының тамаша үлгісі болып табылады. Кітапхана мен Ақсарай бөлмелері көлденең аркалармен жабылған. Төбені осылайша жабу түрлі пішімдағы күмбездерге, тұрқы шаңырақ тәрізді иықтар мен жаппаларға негіз болып тұр. Бұл жаппаларда көтеруші аркалардың өзара қиылысу элементтері Орталық Азия архитектурасында сол кезге дейін кездеспеген елеулі жаңалық болып табылады. Негізгі бөлмелер — қазандықта, көрхана мен мешітте қос қабатты арқалар жоқ, олардың әрқайсысының қабырғаларынан төрт- төрттен ойықшалар жасалған. Күмбездердің ішкі беті алуан тұрпаттағы сталакиттермен көмкерілген. Бұлар арша ағашынан жасалған білезіктермен бекітілген. Кесененің сырт қабырғаларының көмкерілуі үш бөлікке жіктеледі.

Оның орта бөлігіне үлкен көлемдегі өрнектелген жазулар түсірілген, жоғары жағына — эпиграфтық фриз, төменгі жағына (ірге бөлігіне) биіктігі — 1,85 м тас кенере жүргізілген. Ӏрге бөлігі қашалған тас тақталармен дәнекерленген. Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құраннан алынған сөздер жазылған. Эпиграфтық фриздің жазулары терракоталық фонда құйма кірпіштермен өрнектелген. Фриздің биіктігі — 2,37 м. Жазулар көгілдір қышпен өрнектеліп, қара көк түсті кірпіштермен көлеңке түсірілген. Ғимараттың солтүстік бетіндегі екі бұрыштың екеуінде циллиндр түріндегі діңгектер бар. Бұл діңгектерге де куфа қарпімен жазылған жазулар мен ою-өрнектер түсірілген. Жазулардың арасынан «Алла»«Мұхаммед»«О, жарылқаушы»«Билік Аллада»«Алла менің әміршім» деген секілді, т.б. сөздерді оқуға болады. Кесененің солтүстік-шығыс бетінде Ӏлияс хан ойығының үстіндегі фриз соңында «Шираздық Қожа Хасан» деген сөз және «һиджраның 800 жылы» деп жазылған. Көрхананың қатпарлы күмбезінің жоғары жақтауы мен алты бұрышты тақтайшада куфалық стильмен шираздық мозаикашы Шемс Әбд әл-Уақабтың есімі жазылған. Ол күмбездің қатпарлы қабырғаларына өрнектер жасаған шебер еді. Бас порталдың екі жағында биік мұнарамен жиектелген зәулім аркасы бар. Оның ені — 50 метрге, ішінің ұзындығы — 18,2 метрге, биіктігі — 37,5 метрге тең. Порталдың салынып бітпей қалған қос қанаты үстінен арка үш бұрыш тәрізденіп көрінеді. Әмір Темірдің кезінде бас порталдың тек нұсқасы ғана бар-ды, оның құрылысын 1583—98 ж. Бұхарды билеген Абдолла хан аяқтады. Абдолла хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталған. XIX ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталға қарабайыр корғану орындары салынып, қам кесекпен қоршалып, кесене қамалға айналдырылған.

Орталық зал — қазандық төбесі жалаң қабат күмбезбен көмкерілген төртбұрышты бөлме. Қазандық күмбезі сегіз қырлы, діңгек үстіндегі желкенге табан тірейді. Қазандық күмбезінің ішкі жағы — 18,2 метрге , сырты — 20,5 метрге тең. Қазандық көрхана және мешіт кабырғаларының теменгі жағы алты бұрышты көгілдір тақтайлардан тұратын биіктігі — 1,5 метрлік майолика тыстамамен қапталып, мозаикалық өрнектермен әшекейленген. Әрі мозаикалық бедермен көлеңкелендірілген. Ал еденге жанасар тұста бетіне өсімдік өрнегі салынып, тастан қашалған белдеушелер жүргізілген. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да халық өнерінің лағыл-маржандарының қатарына жатады. Бұларда да оны жасаушы исфаһандық шебер Тадж әд-Дин Изеддиннің есімі жазылған. Қола шырағдандағы жазулар һиджраның 799 жылы 20 рамазанында жасалғандығын көрсетеді. Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі — әулиенің көрханасы болып табылады. Бұл — қабырғаларының ұзындығы — 7,15 метрлік төртбұрышты бөлме. Қабырғаларында сталактиттермен әшекейленген тайыздау ойықтары бар. Көрхананың төбесі қос қабатты күмбезбен көмкерілген. Ішкі күмбезі — құрылыстық, сыртқы күмбезі — көркемдік міндет атқарады. Көрхана күмбезі бұрыш-бұрыштағы төрт білікке тіреліп, биік мойындықпен көтерілген. Сыртқы күмбезі қатпарлы. Бұл қатпарлар өсімдік өрнекті пішіндес мозаикамен қапталған. Солтүстік портал қабырғаларының көркемдігі көрген жанды таң қалдырады. Үш ширектік діңгекшелері алты қырлы тақталармен қапталған, көгілдір түсті бояулармен айшықталған. Көрхананың дәл ортасында Қожа Ахмет Ясауидің сағана-құлпытасы орнатылған. Ол жасыл түсті яшмадан жасалған, ернеуіне нәзік өрнектер салынған. Қазандық пен көрханадағы Сафар шебер өрнектеп жасалған ағаш есіктер көркемдігімен көз жауын алады. Көрхана есігінің ою-өрнектері сүйекпен ерекше нақышталған. Есік жұқа темірмен қақталып, оған алтынмен жазулар түсірілген. Есіктің үстіндегі тас тақтайға көрхана Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылғандығы жайында жазылған. Кесененің мешіті де аса бір тамаша архитектуралық құрылыс.

Ол мойындығында 16 терезесі бар, шағындау қос қабат күмбезді сопақшалау келген зал. Оған қазандық бөлмесінен Жолбарыс хан дәлізі арқылы өтуге болады. Мешіттің батыс жақ кабырғасына Меккедегі Қағба сияқтандырып 3,5×2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Михраб мешітке ерекше көрік беріп тұр. Оның беті мозаикамен және өсімдік суретімен әшекейленген. Михраб — жебе ұшты арқасы бар ойық. Бұл ойық көгілдір түсті мозаикамен көркемделген, тік бұрышты сәндік белдеумен қоршалған, оған ақ әріптермен Құран сөздері жазылған. Әр жерден әсемдік үшін жалатылған алтынның сілемі көзге шалынады. Кесененің оңтүстік-батыс жағында діншілдердің ораза ұстауына және Құдайға құлшылық етуіне арналған жер асты мінажатханалары Қожа Ахмет Ясауидің көзі тірі кезінде жасалып, қайта жаңғыртылған. XVI ғасырда мешітке іргелес қосалқы бөлмелер тұрғызылған. Бұлар: батыс беткейдегі дәрет алатын тахаратхана мен Үлкен Ақсарайдың солтүстік- шығысындағы «балхи» тәсіліндегі иықпен көмкерілген жер асты зираты. XVI ғасырдан кесененің жекелеген бөлмелеріне әйгілі адамдардың сүйектері қойыла бастады.

1864 ж. Черняев бастаған Ресей әскерлері Түркістан қаласын алған кезде полковник Веревкин қала қорғаушылары бас сауғалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зеңбірекпен атқылады. Оның снарядтары кесенені 11 жерден опырып кетті. 1871—72 жылдары А. Кун 7 дана фотосуретті «Түркістан» альбомын құрастырды. Бұл әлем жұртшылығының пікірін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бұруға белгілі дәрежеде әсер етті. Соның нәтижесінде Ресей өкімет орындары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне көңіл бөле бастады. 1884 ж. патша үкіметі кесенені жөндеуге 15 мың сом қаржы бөлді. XIX ғасырдың соңына қарай ғалымдар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі— эпиграфикасын зерттеуге ден қоя бастады.

2 – Ежелгі Күлтөбе қаласы

Күлтөбе – Қазақстан Республикасының Түркістан облысы, Түркістан қаласында орналасқан ежелгі бекіністі қоныс және археологиялық ескерткіш. Нысан – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енген ескерткіш – Түркістан қаласының шығысындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі буферлік оңтүстік аймағында, 480 м жерде орналасқан (Ордабасы ауданы, Сарыарқа ауылынан 1 шақырым солтүстікте, Арыс өзенінің сол жағалауында).

Сопақша келген, биіктігі 9 м, аумағы 150х120 м ауқымды төбешік болып келеді. Кейінгі заманда ескерткіштің топографиясы қатты өзгеріске ұшыраған. Оның оңтүстік-шығысы мен оңтүстік-батысында құрылыс үшін топырағы қазылған жыралар, қыраттың үстіңгі жағында сопақша және төрткүлді көптеген орлар бар, бекініс арқылы дала жолы шығады. Алайда сақталып келген топографиялық белгілер «алаңқайлы төбе» үлгісіндегі ескерткіш екенін анықтауға мүмкіндік береді, ол ертедегі ортағасырлық қоныс үлгісіне тән болып келеді.

Түркістан қаласының бертінгі ортағасырлық тарихының соңғы кезеңінде, бәлкім, 19-ғасырда Күлтөбе қыраты, бүкіл Оңтүстік рабат сияқты, бекініс қабырғаларымен қоршалғандықтан, Күлтөбе ортағасырлық Түркістанның әскери құрылыс жүйесіне жатады. Осы жағдай 1940 жылдың аяғында Оңтүстік Қазақстан экспедициясы Түркістан бекінісінің орнын алдын ала зерттеген кезде Күлтөбені бертінгі ортағасырлық заман қабаттарындағы дербес ескерткіш ретінде анықтауға мүмкіндік бермесе керек.

Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды жүргізген зерттеу

Күлтөбе жөніндегі алғашқы археология материалдарды Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды берді. 1972 жылы қазба жұмысы қыраттың батыс бөлігінен басталды, бірақ 18–19 ғасырларға жататын әдеттегі тұрғын үй кешендерінің жоғары қабаттары топырақтан аршылғаннан кейін ондағы жұмыс тоқтатылды, Күлтөбеден кездейсоқ табылған 7–8 ғасырлардағы Отырар зергерлігінің теңгелері мен аршылған төмненгі қабаттардан жиналған ерте ортағасырлық қыш ыдысы туралы мағлұматтар ғана жарияланды. Осының негізінде ертедегі Иасы қонысының іздерін бертінгі ортағасырлық Түркістан қаласы қабаттары астынан емес, керісінше, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен біршама оңтүстікке қарай іздеу керек деген М.Е.Массонның болжауы тұжырымдалды.

Түркістан археология отряды (Е.А.Смағұлов) жүргізген стратиграфиялық зерттеу

Алайда Күлтөбеде 1981–1984 жылдары Түркістан археология отряды (Е.Ә.Смағұлов) жүргізген стратиграфиялық зерттеулер нәтижесі арқылы ой тұжырымдау керек. Бекініс орнының оңт-тегі шетінен 70 м2-ден астам алаңда стратиграфиялық қазба жұмысы жүргізілді. Ол Күлтөбенің мәдени шегінділерінің бүкіл қатқабатын ашты. Қазба 6 м болды (1–12 қабаттар) және одан тереңдей түсті (13–14 қабаттар). Мәдени қабат 7 құрылыс белдеуіне бөлінді.

Қыш ыдыстар мен тас дән үккіш қалдықтары табылған 10–12 қабаттар бірінші құрылыс белдеуіне (төменнен санағанда) біріктірілді. Мұнда қандай да бір құрылыс қалдығының іздері байқалмайды. Осы маңнан табылған барлық 23 қыш ыдыстардың сынықтары шартты түрде бірінші құрылыс белдеуіне біріктірілді. Отырар-Түркістан аймағындағы ерте ортағасырлық қыш ыдыстардың археология жағынан жан-жақты зерттелмеуі, сондай-ақ Күлтөбе белдеуінен қыш ыдыстардың аз табылуы олардың осында қашаннан бері жатқанын дәл анықтауға мүмкіндік бермей отыр. Алайда 1–2-құрылыс белдеуінен табылған қыш бұйымдарды Отырар-Қаратау мәдениетінің 2-кезеңіне (4–5 ғ-лар) жатқызуға болады. 2-құрылыс белдеуінде (8–9-қабаттар) 5-мекенжайдың (ішінара) үлкен қабырғалары табылды. Қабырғалардың қалыңд. 1,4 м-ге дейін жетеді, олар көл. 40х20х9–10 см шикі кірпіштен қаланған. Мекенжайда ені тар, қабырғалық жатаған сатылардың ізі қалған.

3-белдеуде (6-қабат) үйдің жобасы өзгерген, бірақ қабырғалардың жалпы бағдары сақталып қалған. Қазбаның ортасында үлкен шаршы тәріздес мекенжай табылды, сақталған қабырғалары 0,5–0,6 м. Мекенжайдың Оңтүстік бөлігінің орта шенінде еденнен көлемді балқыма дағы байқалды, оның жанынан жебенің сүйек ұштығы табылды. Балқыманың астынан қабірдің аузы аршылды, ол 10-қабатқа түсірілген. Қабірдің сол жақ бүйірінен аяқтарын бауырына басып жатқан басы жоқ жылқының қаңқасы тазартылып алынды, ол батысқа қарай бағдарланған. Оның алдыңғы аяғының жанынан сопақша келген темір үзеңгі, төм. жағында төрт қырлы сырғалығы бар белдік, белдіктің күміс қаптырмасы және жалғыз шығыршықты темір ауыздық табылды. Алдыңғы және артқы аяқтарының арасынан қойдың жамбас сүйектері кезікті.

3- белдеуді жауып жатқан 4-белдеуден қандай да бір құрылыс конструкциялары табылып отырған жоқ. Онда тек еденнің көмескі деңгейі мен қолданылатын мақсаты белгісіз пештің едендігінің қалдығы ғана анықталды.

Осыдан жоғары жатқан 5-белдеуде 2 мекенжайдың қалдықтары табылды, олардың әрқайсысынан едендерінің салыну деңгейі бойынша құрылыс дәуірлері анықталды және төрткүлді жер ошақтар, сонымен іргелес орналастырылған тандырлар тазартылды.

6-құрылыс белдеуі (3-саты) қазындысының бүкіл алаңы күйдірілген шаршы кірпішпен төселген, солардың бірінің астынан 13 ғ-дың аяғы – 14 ғ-дың 1-жартысындағы шағатайлық (күміс және қола) теңгелерінің қоймасы табылды, олар ангоб әшекейі салынған ыдыс бүйірінің сынығынан алынды. Теңгелердің тотығуынан мата қалдығына түскен ізге қарай отырып, олардың матадан тігілген қалташада болғанын және оған шамасы ақық тастан жасалған 2 моншақ тігілгенін анықтауға болады.

Осы олжадан жарты метр жерде, 6-құрылыс белдеуінің еденіндегі кірпіш төсенішінің астынан бір тұтқалы бүтін қыш құмыра табылды, оның аузы дөңгелек тегіс ұсақ жұмыр таспен бекітіліп, жоғ. жағынан құрсаулы тостағанның түбімен жабылған; ол бос болып шықты. Теңгелерді тазартқаннан кейін көмбеде 297 күміс дирхем және 88 қола фельс болғаны анықталды. Дирхемдер Алмалықтың (16 дана), Әндіжанның (2 дана), Бұхардың (10 дана), Қашқардың (3 дана), Кендженің (57 дана), Марғиланың (3 дана), Отырардың (61 дана), Самарқанның (4 дана), Тараздың (77 дана), Ходженттің (17 дана), Шаштың (29 дана), Янгидің (1 дана) теңге сарайларында соғылғаны анықталды. 17 теңгеден қаласының аттарын оқу мүмкін болмады. Дирхемдердің соғылған уақыты һиджраның 676–696 жылы кезеңіне сай келеді (121 дана). 71 теңгеде шығарылған уақыты жоқ, ал қалған 105 данасында уақыты өшіп қалған. Түр түсі бойынша һиджраның 698 жылғы теңгесі (75 дана) Отырарда, хиджраның 699 жылғы теңгесі (9 дана) Фараде соғылғанға ұқсайды.

Фельстардың уақыты көмбені салған кезге сәйкес келеді, сондықтан Күлтөбенің 6-белдеуінің жоғарғы шекарасы 14 ғ-дың 1-жартысына сай келеді.

Жетінші, ең беткі құрылыс белдеуінен (1-, 2-қабаттар) Кузнецов ф-касының ақ қыштан жасалған кеселері мен балалар ысқырықтарының қалдықтары, бояуы үйлесім тапқан жалатпа қыш ыдыстар табылды. Бұл бертінгі ортағасырлық Түркістанның 18–19 ғ-лардағы дәуірі екенін көрсетеді.

Көмбеде Тараз және Кендже зергерлерінің 1309 жылы күміс теңгелерінің, Отырар зергерлерінің 1312 жылы мыс теңгелерінің ең кейінгі уақыты белгіленіпті. 14 ғ-дың 1-жартысында Күлтөбедегі бекініс қиратылып жойылады да, оның бүкіл аумағы зират ретінде пайдаланылады. Күлтөбенің қаңырап бос қалу кезеңі 19 ғ-ға дейін созылды, бұл кезде қыратта тағы да ішінара құрылыс салына бастады және кейінірек пайда болған қаланың сыртқы қабырғалары қала аумағына сұғына түседі.

3 – Есім хан кесенесі

Есім хан кесенесі — Түркістан қаласында XVII ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің батыс мұнарасынан оңтүстікке қарай 12 м жерде орналасқан. Кесене Қазақ хандығының билеушісі Есім ханның қабірінің басына тұрғызылған.

Есім хан — 1598—1628 жылдары аралығында Қазақ хандығында билік еткен хан. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан — Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған.

Қазақта «Қасым салған қасқа жол, Есім салған ескі жол» деген қанатты сөз ежелден бар. Керей мен Әз Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығы әуелде әлсіз, жаңа-жаңа қаз тұрып келе жатқан-ды. Қазіргі Қазақстанның күншығысында, Жетісуда дулаттар, жалайырлар, албан, суан, наймандар, тағы басқа ру-тайпалар құрған күшті мемлекет Моғолстанға келіп, жер сұраған ақордалық бауырларына Есенбұға хан Шу-Іле тауларының Қозыбасыға дейінгі жерін бөліп берген. Сол заманның көне көзіндей болып, күні бүгінге дейін атын жоғалтпай, Шу бойында Хан тауы, хандар құс салған Cұңқар шыңы алыстан мұнартып, қол бұлғап тұрғандай. Қаз-қаз басып, ту көтерген Қазақ хандығы жан-жағына алаңдай қарап, күн көруге мәжбүр болған. Шығысында Ойраттардан, батысында Әмір-Темір әулеті билеп тұрған Сырдария мен Әмудария арасындағы күшті мемлекет Мауреннахрдан, солтүстігінде Сібір хандығынан қауіптенетін Моғолстанға қалқан, қорған тәрізді өмір кешті. Әсіресе, өздеріне кектеніп қалған хан Әбілхайыр әне-міне шабуылға шыға ма деген үрей бар.

Қалайда Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының туын жыққан жоқ, олар дүниеден өткен соң билік Қасым ханның қолына тиді. Ол мұсылман дінінде болғанмен отырықшы елдердегі тәртіп, заңға ұқсамайтын көшпенді халықтың күнделікті тұрмыс- тіршілігіне, салт-санасына, ой-көзқарасына орай жаңа заң-тәртіп орнатты. «Қасым салған қасқа жол» дейтініміз сол. Қасым нұсқаған жолдың негізгі мақсаты — Қазақ мемлекетін күшейту, халқын көбейту, жерін кеңейту- тұғын. Ол бұл жолда күні-түні аттан түскен жоқ, іргедегі мемлекеттердің өзара және ішкі алауыздықтарын, араздықтарын пайдаланып, досынан да, қасынан да одақ таба білді. Соның нәтижесінде Қазақ хандығының жері Сарыарқаны қосқанда сонау Жайық жағасына дейін кеңейген еді. Қасым хан өзінің бақталасы өзбек ханы Мухаммед Шайбаниді тізе бүктіріп, Сыр бойындағы қалалардың басым көпшілігін Қазақ хандығына қаратқан. Оның ақылды, алғыр, батыл қимылдарының сарыны орыстың Ұлы князі Василий ӀӀӀ-ге де жетіп, дипломатиялық байланыс орнатқан.1523 жылы Қасым хан өлгеннен кейін оның мұрагерлері арасында таққа, баққа таласу өріс алып, Қазақ хандығы біраз әлсірейді де, Хақназар тұсында (Қасым ханның баласы) қайта өрлейді. 42 жыл бойы тақтан түспеген Хақназар (Ақназар) «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» аталған. Сол тұста ыдырай бастаған Ноғай ордасынан қаңлылар, қыпшақтармен бірге Кіші жүз — Алшын одағына енген тайпалар түгелімен Қазақ хандығына келіп қосылғаны мәлім. Тіпті Ноғай ордасының астанасы Сарайшық қаласы да Хақназарға қарағанын айта кету керек. Әйтсе де сырттағы жаудан іштегі жаудың ақыл-айласы артық екені анық. Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын адамдар жіберіп, қапылыста қазақ сұлтаны Жалымды екі баласымен, Хақназарды екі ұлымен қоса өлтіртіп жіберген. Екі жыл өткен соң Баба сұлтанның да басына зауал туып, Түркістан қаласының түбіндегі ашық шайқаста Тәуекел бастаған қазақ қолы Баба сұлтанның әскерін талқандап, өзінің басын алған.

Тәуекелден кейін тарих сахнасына 1598 жылы Есім хан шығады. Ол бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға катысып, «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған еді. Тәуекел Бұхараны қоршағанда ол 20 мың әскерімен Самарқандты билеп тұрған. Ауыр жарақаттан қайтыс болған ағасының орнына хан сайланған Есім отыз жыл бойы буыны жаңа бекіп келе жатқан Қазақ мемлекетін қорғау, күшейту жолында қанын да, жанын да аяған жоқ. Шығысында қалмақтармен, солтүстік батысында Бухара хандығымен үздіксіз шайқасуға тура келген. Көрші жатқан қазақ ауылдарын үнемі талан-таражға салып, ұлдарын құл, қыздарын күң етуге ұмтылған қалмақтардың бетін қайтаруы, кейде тіпті өзі де жорыққа шығып, шекарадан алысқа қуып тастауы түсінікті жағдай, ал өзімен қандас, халқы аралас-қүралас Бұхара хандығымен неге жауласты дейсіз ғой? Бұған бірнеше себеп бар.

Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты. Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді. Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен Тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал Тұрсын Мұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты. Есім хан Әбдірахимнің қызы Патша ханымға үйленді де, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахимге берді. Есім хан мен Тұрсын хан арасында күрес шиеленісе берді, 1627 жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді.Есім ханның феодалдық бытыраңқылықты жеңіп, қазақ хандығын біріктіру жолындағы күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған.

Қазақ сұлтандарының өзара қырқысы және Тұрсын ханның өлімі жайында Махмуд Уәлидің «Бахр Ал-аср» атты кітабының алтыншы томындағы төртінші бөлімінде мынандай баяндаулар бар: «Сол жылдары, яғни 1036 хижрада (1626- 27-жылдары) Есім сұлтан қалмақ жұртын шаппақ болды. Ол өз туының астына барша алаштан және ұлыстың басқа да бағынышты тайпаларынан, сондай-ақ, Тұрсын сұлтанға сүйеу болған қатағандардан да әскер жинап, Моғолстан шетіндегі қалмақ мекен-жайларына ойран салды. Сол уақытта өзінің негізгі саяси бақталасын құрту кезегін көздеп жүрген Тұрсын сұлтан Түркістан маңайындағы Есім ордасын ойрандап, қалған кісілерін қыру үшін әскер жасақтады. Жасақ жауынгерлері ордаға басып кіріп, талай адамды өлтірді. Есім сұлтанның әйелдері мен балаларын барша жасау-жабдығымен Ташкентке алып кетті. Бұл табысқа масаттанған Тұрсын енді Есім ханның көзін жою қамына кірісті. Мақсаты — күтпеген жерден соқтығып, өзін жол үстінде ұстау. Осындай зұлым оймен ол өз әскерін бастап, Есім сұлтанның алдынан шықты. Екі жақ Сайрам шаһарынан шығысқа қарай, 40 шақырымдай жерде, Сайрамсу өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан қазіргі ОҚО Төлеби ауданы,Кеңесарық ауылы маңында, бетпе-бет келіп, «шайқас отын тұтатты». Тұрсын сұлтанның әскері жеңіліп, Ташкентке қарай шегінді». (Ұзаққа созылған (1613-1628 ж.ж.) Есім мен Тұрсын егесіне, Есім жағында Төле бидің атасы дулат Құдайберді мен шапырашты Қарасай батыр қатысқан (Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме дейін»)). Тарихи деректерде Ташкент түбіндегі екінші шайқаста Тұрсынды өзінің жақындары өлтірді делінген. Есім хан Тұрсынның басын кесіп, Имамқұли ханға жібереді. Өзінің бақталасы, опасыз Тұрсынның өлгеніне қуанды ма, өлде Есімханның өзінен қорықты ма — Бұхара ханы оған Ташкентті, Түркістанды, сол маңайдағы қорғаны бар ауыл-мекендерді «сыйлаған».

Тұрсын өлген соң екінші рет ұлы хан болып қайта сайланған Есім сол заманның қатал салты бойынша өзіне қарсы шыққан қатаған тайпасын аямай жазаласа керек. Замандасы Махмуд ибн Уәлидің жазуына қарағанда, Есім де көп ұзамай, өз ажалынан өледі.

Денесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңайына жерленген. Кезінде моласының үстіне шағын да болса айрықша кесене орнатылса керек, бүгінде ол жермен-жексен болып жатыр.

Кесене қирап, бұзылған қалпында ғана жеткен. Ол XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында қираса керек. Кесене күйдірілген кірпіштен төртбұрышты (9х9 м) етіліп өрілген. Негізгі қасбеті портал түрінде болып келеді. Қасбеттері жылтыр қалақтаспен геометриялық ою-өрнектер түрінде әшекейленген. Оңтүстік-шығыс жағында кесенеге кіретін есік бар. Сақталған қабырғасының енінің 1,2 м болуы да биік күмбезді көтеруге шыдайтындығын көрсетеді. Еденіне төртбұрышты күйдірілген кірпіш төселген.

  • 1958 жылы алғышқы зерттеу жұмыстары жүргізілді.
  • 1982 жылы Қазақ КСР-нің тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштер тізіміне енді.
  • 1980 жылдары жартылай қалпына келтірілген.
  • 200 жылы кесененің сақталған бөлігі қайта жөнделді.

Фото: Egemen.kz

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.