Түркістан облысы

Түркістан: Қазығұртта 4,5 мың гектар жер тұрғындарға қайтарылды

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында жер дауы шешімін тауып келеді. 22 қыркүйекте Қазығұрт ауданы, Қарабау ауылдық округінің Жұмысшы, Қарабау және Сынтас елді мекендерінде тұрғындармен «Қарабау ТӨШ» ЖШС-нің теңгеріміндегі жер телімдерін пай үлеске бөліп беру мәселесі қаралды, деп newsroom.kz хабарлайды.

Жиналыста ауыл тұрғындары талабы егістік жерді «Қарабау ТӨШ» ЖШС-нің теңгерімінен аудан қорына қайтарып, ауыл тұрғындарына пай үлеске бөліп беруді талап еткен болатын.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Ұлттық аграрлық білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма басшылары ауыл тұрғындарының талабын толық тыңдап, нақты шешімді айтатын болып келісілген-ді. Осыған орай 27 қыркүйекте Қазығұрт ауданына ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Б.Бекбауов, «Ұлттық аграрлық білім беру орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Д.Балпанов арнайы келіп, үш ауылдың тұрғындарымен кездесті. Кездесу нәтижесінде «Қарабау ТӨШ» ЖШС-не қарасты 4959,5 гектар жердің 4468,5 гектары ауданның арнайы жер қорына қайтарылатын болып шешілді. Ол жер үш ауылдың тұрғындарына теңдей бөлініп беріледі.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында игерілмей жатқан жерді қайтарып алу туралы сөз қозғаған болатын:

Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін  бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет. Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы.  Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.