Тарих

Түркістан: Бәйдібектегі аппақ ишан мешіт-медресесіне саяхаттап келетін туристер көп

Сынын жоғалтпай, сырын ішіне бүгіп алыстан менмұндалап көрінетін Аппақ ишан мешіт-медресесі кезінде атағы алысқа кеткен, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан әйгілі білім ошағы болған. Aptamedia.kz дереккөздеріне сүйене отырып, 1880 жылы бой көтерген Түркістан облысындағы бұл ғимарат ХІХ ғасырдың соңындағы сәулетті ескерткіштердің бірі саналады, деп newsroom.kz хабарлайды.

Түркістан облысының Шаян елді мекеніндегі ірі медреседе оқу мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін созылып отырған, ал шәкірттер дәрісханада білім алып, құжыраларда тұрған екен. Жергілікті жерден ғана емес Шаянға білім іздеп Қарқаралы, Жетісу, Атбасар, Іле, Талас, Сарысу, Сыр өңірінен де шәкірттер келген. Тарихи деректерге қарағанда, осында білім алғандардың қатарында Ұлбике ақын, Кенесарының ұлы Садық сұлтан, өңірдегі атақты ақынның бірі, аты аңызға айналған Манат қыз да болған.

Бұл мешіт-медресенің салынуына ерекше ықпал еткен Аппақ ишан деген кім? Ол қандай болған? Алдымен осы сұрақтарға жауап бере кеткеніміз жөн болар. Өңірімізге белгілі музейтанушы Гүлмира Серікбаева бізге берген сұхбатында Аппақ ишанның тарихтағы орны туралы түсіндіріп өтті.

– Тірісіндегі жасаған тірлігі өмірден өткеннен кейін ғасыр өтсе де, жалғасып ұрпақ тағдырына, ұлт мүддесіне қызмет жасап, ұмытылмай келе жатқан биік болмысты дара тұлғаның ғазиз аты Аппақ Мақсұм Сейдахметұлы, – дейді Гүлмира Серікбаева ханым. – Ол ел аузында Аппақ ишан деген атпен танылған. Облыс бойынша репрессияға ұшырағандардың ішіндегі биік тұлғалардың бірі, бірегейі. 1926 жылы Кеңес одағында діни наным-сенім бостандығы жойылып, дін ұстануға қатаң тыйым салынды. Сол кезде қожа-молдалар қуғын-сүргінге ұшырайды. Нақ осы саясаттың салдарынан Сейдахмет ұрпақтарының тоз-тозы шығып, олар Ташкент өңіріне бас сауғалауға мәжбүр болады. Заманында сопылық ағымды ұстанып, ғұлама атанған Аппақ ишанның өзі 1930 жылы Чимкентте (қазіргі Шымкент қаласы) тұтқынға алынады. Қызыл белсенділер оны және ұлы Бахабулла Аппақишанов пен інісі Сабыр Сейдахметовтерді «астық салығын өтей алмады, Антисоветтік насихат жүргізушілер, т.б.» деген сылтаумен тұтқынға алып, тергеу ісін жүргізеді.

Енді Аппақ ишан мешіт-медресесіне тоқталайық. Ол Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орналасқан. Аппақ ишан күмбезі күйдірілген кірпіштен шаршы жобада салынған. Жалпы табанының аумағы 6, 7х6,6 метр, ішкі көлемі 3,5х3,5 метр, биіктігі 6 метр. Қабырғаның ішкі жағына әлемнің төрт жағына бағытталған тайыздау қуыс жасалған. Құрылысты күмбезбен жапқан. Күмбез – пішіні жағынан Қазақстанның оңтүстігіне тән діни құрылыстарға жатады. Күмбезінің ішінде екі сағана бар. Оның бірі – Шаян ауылындағы мешіт-медресені салдырған Аппақ ишандікі, екіншісі – осы Аппақ ишан күмбезін салған шебердікі.

Жылдар өте бұл дін орталығы жан-жақтан ағылған талапкерлерге тарлық еткен соң Аппақ ишанның әкесі Сейдахмет ишан патша ағзамның шенеуніктеріне қайта-қайта жүгініп, 150 мың рубль ақшалай қаражат бөлдіреді. Алғашқы жобада 40 құжыра салу көрсетілген екен. Бірақ қаржының жетіспеуіне байланысты 29 құжыра салынып, құрылысты 1883 жылы Аппақ ишан атамыз аяқтайды.

Шаян мешіт-медресесінің шамшырағы Аппақ ишан. Ол Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбарымыздың қызы Фатима мен Әзіреті Әліден тараған ұрпақтың 35-ші буыны Сейдахмет ишанның отбасында Аппақ ишан атамыз дүниеге келгенде бабасы Қосым ишан қатты қуанып, сәбиді төбесіне көтеріп тұрып «келдің бе, батыр екесі, келдің ғой. Мен сені қанша жыл күттім дейсің» деп жағасына түкіріпті. Сейдахмет әкесінің ойда жоқта көрсеткен оқыс мінезінің сырын сан жылдардан кейін ұққандай болды. Себебі бұл мешіт-медресені аяқтап кейінгі ұрпаққа аманаттайтын, сөйтіп бабалар арманын орындайтын осы сәбидің болатынын қасиетті Қосым ишан сол кезде көріп, білген болатын.

Мешіттің жанынан ашылған 100 орындық медресе мүридтер, яғни шәкірттер тәрбиелеген. 1927 жылға дейін мұнда Арқадағы Қарқаралыдан, Атбасардан, Жетісудағы Шу, Іле, сондай-ақ Талас, Сарысу өңірінен, Сыр бойынан, тіпті қырғыздың Ош аймағынан талапкерлер келіп шәкірт атанған. Осы географиялық ауқымға қарап-ақ бұл мешіт – медресенің сол кезде бүкіл Қазақстан көлемінде ислам мәдениетін қалыптастыру және діни білім тарату ісінде үлкен орталық болғаны байқалады.

Аппақ ишан Бұқарада медресе ашып, оны басқаруды өзінің ұлы Сағидоллаға (ишан) тапсырған. Бұл уақытта Бұқара әмірлігі қез келген дін өкіліне мешіт ашқыза бермегені әркімге белгілі. Соған қарап Аппақ ишанның дін өкілдері арасында қандай мәртебелі болғанын бағамдай беріңіз.

Бүгінгі ұрпақ мына бір шындықты да біліп өсуі тиіс. Аппақ ишанды және оның бауырлары мен ұлдарын өз ауылдарынан еріксіз кетуге мәжбүр еткен ол – отбасына түскен ауыр астық салығы еді. Бір қарағанға солай сияқты екені рас. Алайда, Аппақ ишанға туған жерін тастап, басқа өлкеге кетуге итермелеген жағдай бұл ғана емес-тін. Ол жөнінде ишанның тергеушіге берген алғашқы жауабында: «Мені ишан болғаным үшін тұтқындады»,- деген сөзінің астарында Кеңес Өкіметінің түпкі мақсаты жатқанын аңғарамыз.

Сөзіміздің басында айтқан Аппақ ишан мешіт-медресенің құрылысы ХІХ ғасырда басталып, ондаған жылдарға созылған. Тарихи деректерге қарағанда, ХІХ ғасырдың басында Шаян өңірін мекендеген жұрт өзара ақылдаса отырып, балалардың сауатын ашатын мешіт-медресе салу қажет деп шешеді. Осы мақ­­сатта олар Түркістаннан ағайынды Қосым және Құлатай де­ген араб тілін жетік білетін, дін­дар азаматтарды шақыртқан. Сөйтіп жергілікті халық асарлатып Шаянға қам кірпіштен мешіт салады. Мешіт-медресе ашыл­ғаны туралы хабар тез тарап, Қаратау, Теріскей, арысы Шу, Әулиеата өңірінің халқы ба­лаларын оқытуға алып келе бастайды. Асарлатып салынған шағын мешіт уақыт өте тарлық етеді. Осыдан кейін ХІХ ғасыр­дың бірінші жартысында Қосымның баласы Сейдахмет еуропалық үлгідегі күйдірілген қыштан мешіт-медресенің құ­рылысын бастайды. 1830-1840 жыл­дары басталған кешен ме­шіт-медресе, 29 құжыра, азан­хана, дәрісхана сияқты бір­неше бөліктен тұрған. Соңғы құрылысы 1906 жылы аяқталған мешіт-медресенің кейінгі тарихы ел аузында Аппақ ишан деген атпен танылған Сейдахметтің ұлы Аппақ мақсұммен тығыз байланысты. Әкелері Сейдахмет 1895 жылы өмірден өткен соң балалары атадан жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша бала оқытуға көшеді. Алайда 1926 жылы Кеңес Одағында дін ұстануға ты­йым салынып, қожа-молдалар қуғын-сүргінге ұшырайды. Осы саясаттың салдарынан Сей­дах­мет ұрпақтарының тоз-тозы шығып, Ташкент өңіріне бас сауғалауға мәжбүр болған. Ал мешіт-медресе жұмысын тоқ­татқан.  Деректерде заманында сопылық ағымды ұстанып, ғұлама атанған Аппақ ишанның 1930 жылы тұтқынға алынғаны айтылады.

Кейінгі оқиға қалай өрбіді? Аппақ ишан 1931 жылы Ташкент түрмесінен Шымкенттегі абақтыға жеткізіледі. Содан кейін Алматы, кейіннен Павлодар түрмесіне ауыстырылып сол жылы 69-дар 70-ке қараған жасында түрмеде бақилық болады. Аппақ ишанның мүридтері, яғни ел таныған шәкірттерінің саны көп болған. Шәкірттері арасынан елге танылған білімімді молдалар мен имамдар өте көп шыққан. Сондай ел таныған шәкірттерінің бірі Шәді Жәңгіров. Оның әкесі Жәңгір Абылай ханның шөбересі. Кезінде Кенесары ханның жорықтарына қатысып ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен айтулы тұлға.

Бүгінде Аппақ ишан мешіт-медресесі мемлекет қарамағында, ешқандай мешіт қызметін атқармайды. Атауы  2000 жылы Бәйдібек аудандық сәулет-көркем мұражайы болып өзгертілген Аппақ ишан мешіті «Қазақстан­ның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасына енген. Сол 2000 жылы аудандағы мекемелер асар әдісімен медресенің бөлмелерін қайта қалпына келтірді. Осы кезден бастап мұражай Бәйдібек ауданының тарихына қатысты жәдігерлермен толыға бастады. Мешіт-медресенің бүгінгі за­манымызға жетуіне үлкен үлес қосқандардың бірі –  көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков еді. Атеизм өршіп тұрған сексенінші жылдары осында Ө.Жәнібековтің бастамасымен «Көркем-сәулет кілем және кілемнен жасалынған бұйымдар» мұражайы ашылады. Осылайша Шаян мешіт-медресесі алғаш рет тарихи жәдігер ретінде мемлекет қорғауына алынды. Аталған нысанда реставрация жұмыстары 2017 жылы басталған. Мешіт төбесіндегі 35 күмбез қалпына келтірілген. Бірінен-бірі биіктеліп, сатыланып жасалынған күмбездер мешіт ішінде дыбыс күшейткіш міндетін атқарған. Мешіттің үстінде биіктігі 11,5 метрлік бас күмбезі бар. 2018 жылы 29 құжыраның барлығы жөнделіп, қазіргі таңда мешіттің, дәрісхананың ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мұражайдағы әрбір жәдігердің өзіндік тарихы бар. Халқымыздың ежелден тұрмыста қолданған заттары мен батырлардың жаугершілік заманда қолданған қарулары топтастырылған. Құжыралардың біріне этноауыл жасалып, киіз  үй  тігіліп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін арнайы экспозициялық бөлме дайындалған. Сонымен қатар мұражай ішінде ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарға арналған көрме бөлмелері бар.

Жалпы, мұражай он сегіз экспозициядан тұрады. Бастапқы есігі дәрісханадан басталады. Мұндағы кітапхана қорын Аппақ ишанның туыстары жинақтады. 2014 жылы абыз тұлғаның 150 жылдығына арналған жиында туыстары 40-қа жуық кітап өткізген болатын. Медреседе білім алған шәкірттердің пайдасына жараған кітаптар ескі шағатай, түрік тілінде түсірілген. Мұражайда сақталған ең құнды жәдігер – Аппақ ишан қолданған жайнамаз. Оны әжесі ХVIII ғасыр соңында, тықыр кілем әдісімен тоқыған. Жаратылыс кеңістігі бейнеленген қастерлі жайнамаздағы бейнелер жеті бөлім бойынша көрініс тапқан. Олар – жаннаттың сегіз есігі, бес парыз, кәлима, Нұх пайғамбар, рух әлемі, өмір тіршілігі, тозақтың жеті есігі. Бұл  жайнамаз мұражайдағы ең көне жәдігердің бірі. Бүгінде мешіт-медресеге саяхаттап келетін туристер көп.

Сәулетті мұражай осылайша халық игілігіне қызмет етіп қана қоймай руханият әлемінде де өз қызметін үздіксіз жалғастыруда. Аппақ ишан мешіт-медресесінің қысқаша тарихы, мінеки, осындай.

Сәбит Тастанбек

Фото: aptamedia.kz

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.