Түркістан облысы

Мемлекет басшысы Түркістан облысының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы Түркістан облысының жұртшылығымен кездесті, деп newsroom.kz хабарлайды.

Президент кездесу барысында жұмыс сапарының негізгі мақсаты облыстағы ахуалмен танысу екенін айтып, Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті.

– Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.

– Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кейінгі жылдары болған оң өзгерістерді атап өтті. Президенттің дерегіне сәйкес, Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған.

Мемлекет басшысы елімізде «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтып, оның халық саны көп оңтүстіктің тұрғындарын жұмыс күші аз өңірлерге қоныстандыруға арналған жоба екенін түсіндірді.

– Бірқатар азаматымыз солтүстікке көшіп, тіршілігін жасап жүр. Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді. Ел іргесін бүтіндеп, тұғырын нығайту жолындағы осы маңызды жұмысқа сіздер зор үлес қосып келесіздер. Дегенмен жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек. Біз құрып жатқан жаңа қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасына, балаларына қамқор болуы керек. Оларға еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев түркістандықтармен кездесуде халықаралық ахуалға қатысты еліміздің ұстанымы туралы айтты.

– Біз мемлекеттігімізді сақтап, өсіп-өркендеуіміз үшін ел бірлігі ауадай қажет. Ал бірлік – бейбітшіліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі. Осы орайда, қазіргі халықаралық ахуал жөнінде айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан парасаттылық пен сабырлық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек. Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік. Осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнеді. Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Бұның бәрі бекер емес. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Шекарамыз бүтін болса, сырттан шабуыл жасалмаса, төрт құбыламыз түгел болады. Бұл – мемлекетіміз үшін, мен үшін аса маңызды міндет әрі басты мақсат, – деді Мемлекет басшысы.

Президент көрші елден келіп жатқандар туралы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселеге де арнайы тоқталды.

– Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым. Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек. Мұны мен киелі Түркістан төрінен арнайы айтып тұрмын. Өйткені бұрын-соңды дәл осы жерде айтылған аталы сөздің бәрі алты Алашқа түгел тараған. Ғасырлар бойы жалғасып, қанымызға сіңген бұл дәстүр қазір де сақталып отыр, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған мәселелерге тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, біз саяси жаңғырумен қатар бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды қолға аламыз. Оның игілігін бүкіл жұртымыз көреді.

– Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін. Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек. Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Жұмысты одан әрі жалғастыру үшін жаңа Конституцияға сай сенім мандаты қажет. Сондықтан кезектен тыс Президент сайлауы биылғы 20 қарашаға белгіленді. Біз бұл науқанды заңға сәйкес, әділ және ашық өткіземіз. Түркістандықтар да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жиын соңында бірқатар еңбек ардагерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Атап айтқанда, «Водные ресурсы-Маркетинг» ЖШС директоры Анарбек Орман І дәрежелі «Барыс» орденімен, еңбек ардагері Жарылқасын Әзіретбергенұлы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен және еңбек ардагері Қойшыбай Әріпбай мен Мәдениет және спорт министрлігі «Қазқайтажаңарту» РМК Түркістан филиалының сәулетшісі Нұрғали Имажанов «Парасат» орденімен наградталды. Сондай-ақ «Южный Казахстан» облыстық газетінің бас редакторы Марина Лимаренкоға «Ерен еңбегі үшін» медалі, орта мектеп мұғалімі Пернебай Арыновқа «Шапағат» медалі табыс етілді.

Айта кетейік, мемлекет басшысы 1-қыркүйек күні Қазақстан халқына жолдауында басты экономикалық даму бағыттарын атап өткен болатын:

Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз.  Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ.

Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар.

Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және  цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз.

Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру.

Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары мыналар:

– жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту;

– бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру;

– сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу.

Мұның бәрі кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндетті шешуді талап етеді.

Бірінші. Бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Сондай-ақ, тауар тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді етеді.

Сондықтан, баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту керек. Бәсекелік ортасы жоқ нарықтар ғана бұрынғыдай қала береді. Монополистердің тарифтері қатаң бақылауда болады. Бірақ, бақылау жасау орынсыз қысым көрсету деген сөз емес.

Бүгінде мемлекеттік органдардың, соның ішінде күштік құрылымдардың бизнесті тексеруге жаппай кірісіп, бағалар мен тарифтерді төмендетуді талап етуі жиілеп кетті. Құр дақпырт үшін жасалатын мұндай  әрекеттерді доғару керек.

Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады.

Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді.

Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет.

Тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі. Меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс.

Инновация енгізу үшін тиімді ынталандыру шараларын әзірлеген жөн. Сондай-ақ, шығыстың бір бөлігін тарифтік сметаның аясында қайта бөлуге және табыстың белгілі бір бөлігін сақтап қалуға рұқсат беру керек.

Тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатымен басқалар үшін бағаны көтеру тәсілінен біртіндеп бас тарту қажет.

Екінші. Экономиканы одан ары монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажет.

«Конгломерат» ұғымын заң жүзінде айқындап алған жөн.

Нарықтың өзара байланысты субъектілері экономикалық әлеуетін бір жерге  шоғырландыру үшін рұқсат алуға міндетті. Олардың барлық мәмілесін, соның ішінде  нарыққа тән емес бағаларды қолдану белгілері бойынша жасалған келісімдерін де мұқият тексеру керек.

Бірыңғай операторлардың қызметі нарықтық экономиканы дамытуға кері әсер етеді. Сондықтан, бұл институтты ретке келтірген жөн. Қазір жұмыс істеп тұрған операторларды бәсекелі ортаға беру қажет немесе монополист деп танып, қызметін монополияға қарсы арнаулы құқық аясында реттеу керек.

Үшінші. Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты.

Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс.

Сондай-ақ, жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек.

Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн. Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек.

Салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режімдерін жеңілдету керек. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет. Сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту керек.

Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталайын. Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара.

Төртінші. Салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына тығыз байланысты.

Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру ісін аяқтау маңызды.

Келесі мәселе. Тексерушілердің тым көптігі. Олардың теріс әсер еткені белгілі. Сондықтан, шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу қажет. Кедендік рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс.

Бесінші. Біз «көрпеге қарай көсілу» қажет екенін ұмытпауымыз керек.

Бюджет саясатына реформа жасалады. Ақырғы нәтижені дөп басуымыз керек. Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіледі. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет.

Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз.

Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге, бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек.Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс.

Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық. Бұл жұмысты жалғастыру қажет.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек.  Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет.

Алтыншы. Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау.

Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024  жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет.

Келесі мәселе. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап.

Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады.

Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет.

Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс.

Жетінші. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек.

Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісім-шарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет.

Сегізінші. Несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр.

Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді.  Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр.

Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді  несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс. Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар.

Тоғызыншы. Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек.  Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды.

Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.