Түркістан облысы

Түрік Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағының V Бас Ассамблеясы өтті

0
(0)

2021 жылдың 26 қазан күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде (бұдан әрі – Университет) Түрік Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағының V Бас Ассамблеясы өтті.

Жиынға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия елдеріндегі 32 университеттің ректорлары, ғалымдары мен студенттері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар,  эксперттер, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Мәжіліс Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Б. Әміреев, Бас хатшының орынбасары Ө. Кожаман, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңесінің төрағасы М. Шимшек және университет ректоры Ж. Темірбекованың құттықтау сөзімен басталды.
Ассамблеяда сөз алған Түрік Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев жаһанды жаулаған пандемиядан кейін қайта бас қосқан жиын қатысушыларына сәттілік тілеп, шараның жалпы Түркі қоғамындағы маңызын тілге тиек етті.

«Түркістан – түркі цивилизациясының бесігі. Жыл сайын болатын жиын пандемияға байланысты біраз уақыт тоқтап қалды. Ал бүгін бүкіл түркі мемлекеттерінен университет ректорлары бас қосып отырмыз, білім саласындағы талқылаймыз, нәтижелі жиын болады деген сеніміміз мол», – деді Түрік Кеңесінің Бас хатшысы.

Бұдан әрі Түркі әлемі университеттер Одағының 2018 – 2021 жылдар кезеңінде төрағалық қызмет атқарған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Университет төрағалығы кезеңінде І Жас Көшбасшылар форумы, «Түркі әлемінің алтын бесігі –Түркістан» атты халықаралық жастар форумы , Халықаралық «Түркістан мемлекеттік басқару жазғы мектебі», Түркология ғылыми зерттеу институтының ұйымдастыруымен ІХ Түркология Конгресі және т.б айтулы шаралар өтті. Ассамблеяға жиналғандар атқарылған қарымды қызметке жоғары баға берді.

Жиын барысында «Орхун» ұтқырлық бағдарламасының мәселелері және оны дамытуға қатысты нақты қадамдар қарастырылды. Мүше университеттер бағдарлама аясында жүзеге асқан жобалар бойынша есеп берді. Сонымен қатар, мәжіліске қатысушылар Студенттік Кеңес тарапынан атқарылған іс-шараларды талқылап, 2021-2022 жылдарға арналған «Жол картасын» әзірлеу үшін ой-пікірімен бөлісті.

V Бас Ассамблея мәжілісінде Түркі әлемі университеттері Одағына бірқатар жоғары оқу орындары қосылды: Қазақстаннан – Семей медицина университеті; Әзірбайжан мемлекеттік Экономика университеті; Қырғызстаннан – Батырәлі Сыдықов атындағы Қырғыз-Өзбек халықаралық университеті, Өзбекстаннан –  Әлемдік экономика және дипломатия университеті, Ташкент мемлекеттік Шығыстану университеті, Әлішер Наваи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті, Қоқан университеті.

Шара соңында 2018 – 2021 жылдар аралығында артылған міндетті абыроймен атқарған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін тағы бір жылға төрағалық қызметке қалдыруға шешім қабылданды.

Айта кетейік,  Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағы 2013 жылы құрылған. Қазіргі таңда Одаққа  Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия елдерінен 40-тан астам университет мүше.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button