Түркістан облысы

Түркістанда «Ескерткіштерді қорғайтын халық» халықаралық конференциясы басталды

Түркістанда «Ескерткіштерді қорғайтын халық» халықаралық конференциясы басталды, деп newsroom.kz хабарлайды.

Маңызды басқосуға ЮНЕСКО-ның бастамасымен әлемнің 20 елінен 60 халықаралық сарапшы жиналды. 26-28 қазан аралағында үш күнге созылатын іс-шара барысында конференцияның 400-ден астам делегаты ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра объектілерін басқару, сақтау және қалпына келтіру, туризм маркетингі және Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен еңбектерінің түркі халықтары үшін рөлі мәселелерін талқылайды. Конференцияға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, Қожа Ахмет Ясауидың ұлт руханияты үшін маңызды тұлға екенін айтты.

– Түркістан – ұлтымыздың мақтанышы! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы облысымызға іссапарында Түркістан еліміздің рухани және тарихи елордасы мәртебесін беру мәселесін көтерді. Қазіргі таңда осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласына берілетін жаңа мәртебе, қаламыздың одан әрі дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Түркі әлемі үшін ұлы ұстаз – Қожа Ахмет Ясауидің орны айрықша. Ұлы ғұлама өз ілімі арқылы ізгілікті, бірлікті, еңбекті насихаттады. Қожа Ахмет Ясауи – қазақ руханиятының қайнар көзі. Мәдениетіміз бен әдебиетіміздің көрнекті өкілі. Ислам дінінің ұлы кемеңгерлерінің бірегейі. Ясауитану ғылымының болашағы алда деп ойлаймын. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – сәулет өнерінің жауһары. Мұндай ескерткіштер әлемде өте сирек. Тарихымыз үшін бұл кесененің қадірі өте зор. Міне, осы екі құндылық Түркістанның абыройын асқақтатып тұр. Қасиетті шаһардың басты тарихи мағынасы мен мәні осы мұраларда жатыр. Сондықтан біздің зерттеушілеріміз бен ғалымдарымыз осы тарихи мұраларды зерттей түседі деген сенім мол. «Ескерткіштерді қорғайтын халық» халықаралық конференциясы Түркістанның жаңа деректерін ашады деп сенемін, – деді Д.Сатыбалды.

Ежелгі Түркістан жері «Түркі әлемінің бесігі» мәртебесіне ие болуы заңдылық. 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық Кеңесінің бейресми саммиті Түркістанды Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Саммит аясында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің көшбасшыларына маңызды үндеу жасады. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи мен қасиетті Түркістан мұрасын бүкіл әлемге таныстырудан бастауға шақырды.

Ясауидің мұрасы Қазақстаннан тыс елдерде де белгілі. Адамзаттың шабыт көзі бола отырып, ол рухани ойлар үшін азық беріп қана қоймай, ғалымдардың ұрпағын тәрбиелеудің негізіне айналды. Әлемнің әртүрлі елдерінде сақталған ұлы түркі ойшылы мен оның ізбасарларының еңбектері ясауитанушы ғалымдарының ғылыми зерттеулерінің тақырыбы болып отыр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 2003 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу және сақтау жұмыстары сөзсіз жалғасады. Конференцияға қатысқан ғалымдар осылай ой қозғады.

Конференция Түркістан облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, халықаралық серіктес ұйымдардың (ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросы, МИЦАИ, IRCICA), университеттердің (Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті) және «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының жан-жақты қолдауларымен ұйымдастырылды.

«Ескерткіштерді қорғайтын халық» конференциясы «Ясауитану» ғылыми бағытының жетістіктері мен даму перспективаларын талқылау және пікір алмасу үшін түрлі бағыттар мен мектептердің ғалымдарына платформа ұсынып қана қоймай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау саласындағы әдістер, тәсілдер мен шешімдерді талқылауға арналып отыр. Сонымен бірге ескерткіштерді қорғау, туризм саласын дамыту мәселесі де талқыланды.

Пленарлық отырыстарда тарихи қалалық ландшафттар: туризмді дамыту және нысандарды сақтау жолдары қаралады. «Киелі нысандар мен қажылық маршруттарындағы туризмді дамыту ерекшеліктері», «Орталық Азиядағы киелі орындардың тарихы», «Мәдени мұра объектілерін басқару», «Киелі нысандардағы туризмді ілгерілету және маркетинг: үздік тәжірибелер мен ұсыныстар» тақырыбында сессиялар жұмыс істейді. Ал 27 қазан күні «Киелі туризм саласындағы білім беру мекемелерінің халықаралық ынтымақтастығы», «Түркі халықтарының мәдениетіндегі рухани қабаттар», «Киелі мұра объектілерін сақтау, қалпына келтіру, құжаттаманы жүргізу», «Ортағасырлық қолжазбаларды зерттеу» тақырыптары қамтылады. Сондай-ақ қатысушылар басқару бойынша «ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны үшін жоспар менеджментін әзірлеу (менеджмент жоспарын әзірлеуде HUL тәсілдерін қолданудың)» практикалық семинарына қатыса алады.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.