Түркістан облысы

Түркістанда «Цифрлық денсаулық сақтау мен телемедицинаны дамыту» атты дөңгелек үстел отырысы өтті

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңесінің 35-ші мерейтойлық отырысы аясында Түркістанда ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен «Цифрлық денсаулық сақтау мен телемедицинаны дамыту» атты дөңгелек үстел отырысы өтті, деп newsroom.kz хабарлайды.

Отырысқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Марат Пашимов,

ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңестің мүшелері, ТМД электрондық денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін интеграциялау мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшелері және Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның өкілетті өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының, Еуразиялық даму банкінің цифрлық бастамалар дирекциясының өкілдері, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.

ҚР ДСМ-нің басшысы отырыс барысында қазіргі Қазақстан әлемдік үрдістерден тыс қалмайтынын және медицина саласы ауруларды анықтау, алдын алу, ден қою және бақылау саласында жаңа білімді қалыптастыру және практикалық шаралар әзірлеу үшін цифрлық құралдарды белсенді пайдаланатынын атап өтті.

– Пандемия Қазақстан үшін қоғамдық денсаулыққа байланысты төтенше жағдайларға дайындық және онымен күрес саласындағы процестер мен деректерді цифрландыруға көбірек көңіл бөлуге түрткі болды, – деп атап өтті А.Ғиният.

ҚР ДСМ-нің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Фархад Бекболатов дөңгелек үстелге қатысушыларды денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейлерінде пандемиямен күресу үшін белсенді пайдаланылған, Қазақстанда іске асырылған бірнеше цифрлық жобалар туралы хабардар етті.

– Қазақстан Республикасының электрондық денсаулық сақтауды дамыту стратегиясы монополиясыздандыру және орталықсыздандыру қағидаттарына негізделген денсаулық сақтауды ақпараттандыру саласындағы шешімдердің ашық нарығын қалыптастыруға қайта бағдарланған болатын, – деді өз сөзінде Ф.Бекболатов.

5,8 мыңнан астам мемлекеттік денсаулық сақтау объектілерінде медициналық ұйымдардың IT-инфрақұрылымы дамыған (98 %), медициналық ақпараттық жүйелер (98,2 %), мобильді және веб-қосымшалар (20-дан астам) енгізілген, оларды интеграциялау жүзеге асырылған. Тұрғындар үшін пациенттің жеке кабинетіндегі eGov электрондық үкімет порталындағы және eGovMobile мобильдік қосымшасындағы бірқатар цифрлық сервистер іске асырылған. Олар: вакцинация паспорты; «Вакцинация», «вакцинацияға жазылу»; клиникалық қызметтерді көрсету бағыттары мен нәтижелері; электрондық рецептілер; ауруханаға жатқызу жолдамалары мен үзінді көшірмелер. Цифрлық трансформация аясында eHealth электронды денсаулық сақтаудың жаңа сандық архитектурасына көшу жұмыстары басталды.

– Денсаулық сақтауды цифрландыру саласын трансформациялаудың негізгі міндеті Министрліктің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының, медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру болып табылады. Бұл цифрлық денсаулық сақтаудың мақсатты архитектурасын құру, дербес медициналық деректерді рұқсатсыз жариялау және тарату қаупін болдырмау және медициналық ұйымдар арасында клиникалық деректермен алмасу үшін қажет, – деп толықтырды ҚР ДСМ-нің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің басшысы.

Бұл ретте eHealth электрондық денсаулық сақтау архитектурасы азаматтардың денсаулығына арналған ұлттық электрондық паспортты толыққанды және жан-жақты қалыптастыруға ықпал етеді, бұл азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды, сондай-ақ пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауды жүзеге асыруға және медициналық сервистерді ұсынуға көшуді қамтамасыз етеді.

Медициналық қызмет көрсету сапасын бағалау үшін пациенттермен кері байланысты ұйымдастыру қажеттілігін ескере отырып, статистикалық деректерді жинау, сақтау және ұсынудың цифрлық технологияларына құрылған медициналық ұйымдар пациенттерінің қанағаттануын қадағалаудың әртүрлі жүйелері жоспарлы түрде енгізілуде.

Жақын арада медициналық бейнелер мен зертханалық зерттеулер үшін қойма құру, медициналық ұйымдар арасында клиникалық деректермен алмасу сервисі, мемлекеттік медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесін автоматтандыруды жүргізу жоспарланып отыр.

eGovMobile мобильді қосымшасында жаңа «eGov.Densaulyk» бөлімі әзірленуде, ол халыққа арналған неғұрлым ауқымды ақпаратты, атап айтқанда донорлық мәртебесі (өмір бойғы); электрондық рецептілер; медициналық су таратқыштар туралы мәліметтер; жүкті әйелдерді есепке алу; диспансерлік есепке алу; емдеуге жатқызу фактісі; вакцинациялау; зертханалық зерттеулер нәтижелері; көрсетілген клиникалық-диагностикалық қызметтер және еңбекке жарамсыздық парақтары бойынша ақпаратты қамтиды. Денсаулық сақтау саласына қатысты барлық ақпарат eGovMobile бір бөлімінде біріктіріліп, азаматтарға қолжетімді болады. Азамат өзінің медициналық деректеріне жылдам қол жеткізе алады, бұл медициналық көмек көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етеді.

– Ағымдағы жағдай бізге 2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау стратегиялық міндеттерінің негізіне айналған денсаулық сақтауды цифрландыруды дамытуда жаңа сын-қатерлер туғызады. Үш стратегиялық басымдық айқындалды – медициналық көмек алу кезінде теңсіздікті төмендету; медициналық көмектің қолжетімділігі мен медициналық көмектің сапасын арттыру, – деп атап өтті Ф.Бекболатов.

Сондай-ақ, Беларусь Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мамандандырылған медициналық көмек басқармасының бастығы Татьяна Санукевич, Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Нурайла Шериева, Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің Цифрлық даму және ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Олия Артемова, Тәжікстан Республикасы Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрландыру жөніндегі бас маманы, ТМД электрондық денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін интеграциялау мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Манучехр Шамсуллозода, Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «IT-MED» ЖШҚ директоры Артур Хакимовөз елдерінде цифрлық денсаулық сақтаудың дамуы туралы хабардар етті.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында медицина саласынның дамыту маңыздылығын атап өтті:

Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды  мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады.  Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын  дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.