Түркістан облысы

Түркістан облысында тұңғыш рет «Oiqazan» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды

0
(0)

«OIQAZAN» интеллектуалды ойыны Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесіне ие болуына 3 жыл және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қайта құрылғанына 2 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараның тақырыбы – «Білім. Бірлік. Болашақ».
«Түркістан – Арена» стадионында өткен шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов сыбайлас жемқорлықтан азат парасатты қоғамды қалыптастыру – әрбір ел азаматына жүктелген ортақ міндет екендігін және білім мен бірлік салтанат құрған елдің болашағы жарқын болатынын жеткізіп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Түркістан облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған ауқымды шара – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте білім мен зердеге (ой-санаға) басымдық беру арқылы жемқорлық көріністеріне қоғам болып төтеп беруді, саналы ортаны қалыптастыру арқылы бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеуді көздейді.
«OIQAZAN» зияткерлік ойынына еліміздің бірқатар өңірлерінен 7 қатысушыдан құралған жалпы саны 35 команда қатысты. Топтық ойын түрінде өрбіген сайыста командалар білім мен біліктілік, пайым мен парасат, тапқырлық пен шапшаңдық қабілеттері бойынша сынға түсті.
Өзара бақ сынаған командалардың құрамында Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларында орналасқан жоғары және орта оқу орындарының студенттері, облыстық мемлекеттік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың мамандары, кәсіпкерлер, журналистер мен блогерлер және қоғам белсенділері болды.
Интеллектуалды ойын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, Түркістанның тарихы, ой ұтқырлығына құрылған сұрақтар бойынша 7 кезеңнен тұрды. Жанкүйерлер тарапынан санитарлық талаптар мен арақашықтық ережелерінің сақталуы қатаң қадағаланып, оларға «Ashyq» қосымшасы арқылы кіруге рұқсат берілді.
Білім бәсекесінде Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің «Тұмар» командасы көш басынан көрініп, бірінші орынды және Түркістан облысы әкімі аппаратының атынан сынға түскен «Фараб» командасы екінші орынды, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша Департаменті мекемесінің мерейін асырған «Қайнар» командасы үздік үштіктен көрінді. Жеңімпаздарға тайқазан үлгісінде әзірленген кубок пен бағалы сыйлықтар және Түркістанның көрікті жерлерін тамашалауға мүмкіндік беретін арнайы сертификаттар табыс етілді. «OIQAZAN» интеллектуалды ойынында көрермен назарына концерттік нөмірлер ұсынылып, сайыс соңы салтанатты шараға ұласты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button