Түркістан облысы

Түркістан: Дархан Сатыбалды диқандармен кездесті

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелерді ашық талқылау мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесті, деп newsroom.kz хабарлайды.

Оларды жеке-жеке тыңдап, ұсыныс-пікірлерін ескерді. Басқосу барысында ағын су жетіспеушілігінен туындайтын проблемалар, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау мен несиелендіру, жер мәселесі, минералды тыңайтқышты уақытылы жеткізу, мақтаның нақты бағасының белгіленуі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ ветеринария саласына реформа жүргізіп, дербес басқарма ретінде дамытуды ұсынды.

Шаруаларды алаңдатқан мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Олардың талабын мұқият тыңдаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір мәселеге жіті назар аударатынын жеткізді. Жауаптыларға бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Мақта бағасының белгіленуіне орай ірі зауыт иелерімен келісімге келуге кірісті.

– Ауыл шаруашылығына қажетті ағын су мәселесі шешуде кешенді шаралар қабылданған. Бүгін саладағы қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған шаруалардың үніне құлақ түріп, арыз-шағымдарыңыз бен ұсыныс-тілектеріңізді тыңдап, олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Мәселелер белгіленген тәртіп пен заң аясында шешіледі, – деді Дархан Сатыбалды.

Шиттi мақта –тоқыма өнеркәсiбi, май өңдеу, гидролиз, химия және басқа да салалары үшiн қажеттi шикiзат. Еліміз бойынша мақта өсіретін бірден-бір өңір саналатын Түркістан облысында мақта саласы негізінен экспортқа бағытталған. Сондықтан баға саясаты да сыртқы нарықтағы өнімге сұраныс негізінде қалыптасады. Жыл сайын өңірде 70 мың тоннадай мақта талшығы өңделсе, ішкі нарықтағы сұраныс 20 мың тонна. Өңірде өндірілетін мақта талшығының жоғары сұрыптары Түркия, Ресей мен Еуропаға экспортталады. Мақта дақылын өсіру үшін тыңайтқыштарға мемлекет тарапынан субсидия беріледі.

Облыс әкімі оның дер кезінде берілуін қатаң қадағалауды тапсырды. Сонымен бірге, болашақта мақтаны облыс ауамағында өңдейтін өндіріс орындарын ашу жолдарын қарастыруды жүктеді. Басқосуда шаруалардың мәселелерін шешуге атсалысатын арнайы қауымдастық құрып, жер дауларына қатысты комиссия құру жайлы айтылды. Оның құрамына диқандар кіреді.

50-ден астам шаруаны тыңдаған аймақ басшысы әкімдік тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған іс-шаралардың кезең-кезеңімен жүргізілетінін қаперге салды. Және сындарлы диалог орнату арқылы ортақ мәселелерді бірлесіп шешетіндігін айтып, аудандардағы халықпен кездесу кездерінде шаруалармен бірге ортақ мәселелерді бірлесіп қарайтынын жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылығы проблемалын ерекше атап өтті:

Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін  бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет. Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы.  Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.