Түркістан облысы

Түркістан: Мақсатына сай пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылып жатыр

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысында 1 млн. гектар жайылымдық жерді мемлекетке қайтару міндеті қойылған, деп newsroom.kz хабарлайды.

Ортақ жайылым жыл басынан бері 639,6 мың га жермен толықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан және жеке меншікке жазсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде жұмыс жүргізілуде. Басты мақсат – ауыл тұрғындары үшін жайылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Ортақ жайылым көлемін ұлғайту жұмыстарының барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында баяндалды. Жер учаскелерін қайтару жұмыстары Отырар, Сауран ауданымен Арыс қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бәйдібек, Қазығұрт, Шардара аудандарында жұмысты ширату қажет.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, жұмысшы топ тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, өңірде 476,2 мың га жайылым жерлер мақсатына сай пайдаланылмағандығы анықталған. Жер пайдаланушыларға хабарлама берілген. Мақсатына сай пайдаланылмаған жерлер мемлекетке қайтарылады.

Аппарат отырысында облыста жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы мен жоспарланған жұмыстары туралы талқыланды. Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17509,5 шақырымды құрайды. Биыл құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 779 нысан н/е 2000 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл қорытындысымен жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 87%-дан 92%-ға арттыру жоспарлануда.

Битум тапшылығы мен нарықтағы бағасының күрт қымбаттауы жол жөндеу жұмыстарына тұсау болуы мүмкін. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың мәлімдеуінше, кен орындар, карьерлер орналасқан аумақтардан облыстық маңызы бар 1000 шақырымға жуық автомобиль жолдары арқылы ауыр жүк көліктері қатынайды. Бұл жолдардың мерзімінен бұрын жарамсыз жағдайға жету қаупі артуда. Сондықтан балама жолдарға автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату ұсынылды. Карьерлерге таразы орнатылуын міндеттеу де маңызды.

Облыс әкімі жол жөндеу мәселесінің стратегиялық маңызы бар екеніне тоқталып, осы саладағы жұмысты ширата түсуді тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылығы проблемалын ерекше атап өтті:

Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін  бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет. Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы.  Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.