Түркістан облысы

«Аманаттықтар» жағымды жаңалықпен бөлісті

Ошақты және Біртілек ауылы тұрғындарымен кездесулерде жеңілдетілген несие алу шарттары жайлы түсіндірмелер жүргізілді, деп newsroom.kz хабарлайды. 

Келес ауданында ауыл шаруашылығымен айналысуға су тапшы. Бұл туралы «Ауыл аманаты» партиялық жобасының кезекті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында айтылды. Осылай деген ауыл тұрғындарына насихат тобы жан-жақты кеңестер берді. Мәселен, кәсіпті таңдау кезінде ауылдың мүмкіншілігіне қарай отырып дамытқан жөн дейді. Өйткені, проблемалы тұстарын біле тұра сол кәсіпті қолға алған адамның нәтижеге жетуі екіталай. Сондықтан жаңа тәсілдерге қадам басу маңызды. Ошақты және Біртілек ауылы тұрғындарымен кездесулерде жеңілдетілген несие алу шарттары жайлы түсіндірмелер жүргізілді.

Ең көп қойылған сұрақтардың бірі – кепіл мәселесі. Азаматтарға жер кепіл ретінде қабылданбайтыны және кепілсіз несие берілмейтіні хабарланды. Дегенмен жобаның тиімді тұстары бар. Егер үміткерде жылжымайтын мүлік болмаған жағдайда, өзге адамның келісімімен нотариалды түрде кепілдікке ұсына алады. Ал, ұтымды жағы – Қазақстанның қай  аймағында орналасқаны маңызды емес. Бұл тұрғындар үшін жағымды жаңалық болды. Өйткені жас отбасылардың басым бөлігінде жылжымайтын мүлік жоқ. Жаңа жобаның аталған талабы арқылы олар кәсіппен айналысып, күнкөрісін жақсартуға мүмкіндік алады.

Жыл соңына дейін жүргізілетін скринингтен соң, қай ауылға қандай кәсіп тапшы немесе халықтың сұранысы қалай деген сауалдарға жауап анықталады. Осылайша партия мен Үкіметтің бірлескен бастамасын ауыл әкімдері мен жергілікті тұрғындар жалғайды. 2023 жылдан бастап әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Өйткені Жамбыл облысында тәжірибе ретінде басталған жоба оң нәтижесін көрсеткен. 2500-ге жуық тұрғын пилоттық жоба аясында несие алған. Табысын арттырған “жамбылдықтардың” 37 пайызы борышын мерзімінен бұрын өтеген. Бүгінде олар келер жылы бастау алатын бағдарламаны асыға күтіп жүр. Түркістан облысындағы жобамен таныстыру жұмыстары да азаматтардың қызығушылығын оятты.

– Мына ақпаратты түсінген адамға  бұл үлкен қуаныш болатыны анық. Өйткені 2,5 пайыздық несиемен 1,5 жыл демалыс алу бұрын-соңды болмаған. Мемлекеттің ауыл тұрғындарына берген мүмкіндігі деп түсінемін. Жоба халықтың қолдауына ие болса, жағдайымыз жақсарады. Мен енді кездесуге қатыса алмаған ауыл тұрғындарына бұл жаңалықты жеткіземін және өзім қатысамын, – дейді ауыл тұрғыны Рахматулла Ермеков.

Ал аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев ауыл тұрғындары мұндай мүмкіндіктен қағылмауы үшін ауыл аралап, жобамен таныстырмақ ниетте.

– Аграрлы аудан болғаннан кейін ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 2,5 пайызбен берілетін несиенің тиімділігі жайлы жақсы түсіндірді. Енді біз халыққа насихаттайтын боламыз. Ауылдық округтерге барып, халықпен жеке-жеке кездесулер ұйымдастырып, жобаны насихаттауға атсалысамыз, – дейді ол.

Айта кетейік, Бейсен Тәжібаев Facebook парақшасында 16-тамызда ауыл тұрғындарына ең төменгі 2,5%-бен 1 триллион теңге несие таратылады деп жарияланған болатын.

Халықтың тұрмысын көтеруді көздейтін мемлекеттік бағдарламаға сай 7 млн теңгеге дейінгі несие 7 жылға арналған. Ал кепіл ретінде елді-мекендегі барлық үй жарайды. Әрі банктегідей емес (банкте 50%), баспана құнының 80%-на дейін есептеледі. Қаражат қолға тиген соң алғашқыда 1,5 жылға дейін демалыс алуға толық мүмкіндік бар. Несиені ай сайын емес, тоқсанына немесе жарты жылда бір рет жабуға да болады. “Бармақ басты” жағдайларға жол берілмеуі үшін барлық ауыл окургтерінде құжат қабылдау барысында елағаларынан, билер мен партия белсенділерінен комиссиялар құру көзделуде. Банктерге бағынышты болмауы үшін бұл қаражат өңірімізде “Түркістан” ӘКК-і арқылы тарату ұсынылуда.

Президенттің бастамасы бойынша 2023 жылы іске асатын жобаның шарттарын түсіндіру үшін “Аmanat” партиясы жанынан құрылған арнайы топ елордадан облысқа келіп, халықпен кездесулерге кірісті. Түркістан облысында 11 тамыз күні басталған ақпараттық-насихат 8 аудан, қалада өтті. Мобильді топ 16 ауылды аралап, кеше Бәйдібек және Сайрам аудандарына жолымыз түсті. Ақсукент пен Қарабұлақта 700-ге жуық адам жиналды.

Бір күнде 4 ауылды қамтыған мобильді топқа ұсыныс-пікірлер айтылып қана қоймай, қызығушылық білдіргендер жеке консультация алып үлгеруде. Жаттанды, қасаң сөздерді қолданбай, кеңесшілер ойларын түсінікті тілде жеткізуде. Көптің талқылауындағы несие мөлшері, каникул ережесін ұзарту, кепілдік, кәсіп түрін таңдау, өндірістік кооперативтер құру, мал бордақылау, жылыжайлар ашу, субсидия, лизингке техника алу тағы да басқа сұрақтар жауапсыз қалмады.

Мал және егін шаруашылығына 7 жыл, ал жеңіл өнеркәсіпке 5 жылдан беріледі. Мұндай төмен пайыз тарихта болмаған.

Жоба 3 жыл бұрын Жамбыл облысының 11 ауданда пилоттық негізде тәжірибеден өткен. Нәтижесі оң. Халықтың кәсіпке ынтасы оянып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Бастапқыда азаматтар сенімсіздік танытыпты. Үйді-үйді аралау, насихаттың дұрыс жүргізілуі, нақты ақпараттардың жеткізілуінің арқасында жұмыссыздар мен АӘК алушылардың саны азайған.

Өз шаруасын дөңгелеткен тұрғындардың 98%-ы берешекті толық өтепті. 36%-ы екі жылдың ішінде қарызды түгел жапқан. Небәрі 2 жыл ішінде осындай көрсеткішке ие болған “жамбылдықтар” тіпті несие тарихында кешігу процессін бастан өткермепті. Мұнан бөлек салық та көбейген. Қазір олар жобаның басталуын күтіп, ынталанып жүр. Міне тәуекел, сенім, құлшыныс, еңбек. Бұл аграрлы және кәсіпке бейім біздің облыс тұрғындары үшін де таптырмас әрі тиімді жоба. Мобильді топ айтарлықтай жаңалықтарымен бөлісіп келеді. Жобаны алдын ала таныстырып, халықтың пікірімен санасып, ертерек қамдануға шақыру ауыл адамдарына деген жанашырлық, үлкен көмек. Ауылдың әлеуметтік-экономикасының дамуына өзгеріс әкелетіні анық. Өйткені несиелендіру қалаға емес тек ауылға бағытталуда.

Ең қызығы, жаңа бағдарламада 5 АЕК көлемінде жарна төлеп-ақ кооператив құруға мүмкіндік туып отыр. Бұған дейін жылжымайтын мүлік қою міндеттелген. Сарапшылардың бірі қызықты оқиғамен бөлісті. Сүт өнімдерін базарға тасып саудалайтын тұрғындарға ұтымды кеңес айтылған екен. Демалыс орындарының сұранысы күнделікті 30 литр сүт-айран жеткізу болған. Осы ұсынысты азаматтарға айтылса, талапты орындауға кейбір тұрғын қауқарсыз деген жауап алады. Ал кооператив құрылса бірінің орнын бірі алмастырып, түрлі кедергілерден оңай өте алады. Бұрынғы бағдарламаларда біріккен мүшелер бір-бірінің несиесіне жауапты болып қарызын өтемеген кәсіпкердің салдарынан кейінгілерінің шоты жабылып отырған. Ал “Ауыл аманаты” жобасында әр азамат жауапкершілікті тек өзі арқалайды.

Жасыратыны жоқ цифрлы заманда өмір сүрсек те, кейбір жағдайда бір қағаздың соңынан сенделіп, уақыттан ұтылатын кезіміз болады. Сайып келгенде тағы да жаңа жүйенің артықшылығына тоқталмақпын. Мәселен, банктен несие алу барысында 30-дан астам құжат түрі рәсімделсе, “Ауыл аманаты” жобасына 12 құжат қана тіркеледі. Тіпті оны онлайн қабылдау да қарастырылуда.

Халық құжаттарын кімге өткізерін білмей, сабылмауы үшін ескерткен жөн, алдымен ауылдарда скрининг өтеді. Ол дегеніміз ауылға керекті кәсіп түрлеріне талдау жасалады. Оны кім жасайды? Әрине ауыл әкімінің тікелей міндеті. Ал халық тарапы өз ұсыныстарын жеткізуі керек. Сұранысқа сай басымдық алған бизнеске қаржы бөлінеді. Кейінгі этап, жауапты тұлғалардың ауылдарға барып өздері құжаттарды қабылдайды. Әрі қарай комиссия анықтаған соң, ауыл тұрғындары облыс орталығына тек құжатты заңдастыру үшін ғана барады. Алгоритм әзірленгенде толығырақ танысасыздар. “Бармақ басты” болмау үшін ауылдарда партияластармен комиссия құрылып, жағдайды бақылауда ұстайтын боламыз.

Аталған жоба аясында облыстың 181 ауылдық округ әкімдері семинар-кеңеске қатысып, 3 күн бойы ауыл скринингі, маркетингтік талдау жүргізу, елді мекен экономикасын дамыту, сондай-ақ бизнес-жобаларды іске асырудың практикалық дағдыларын меңгерді. Енді бағдарламаны таныстыру мақсатында 19 тамызға дейін жалпы 32 ауыл және ауылдық округті қамту жоспарлануда.

Фото: «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.