Түркістан облысы

Түркістан: «Парасат» пікірталас клубтарында өзекті мәселелер шешімін тауып келеді

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысында халық пен биліктің арасындағы диалогты нығайтуға арналған «Парасат» пікірталас клубтары жұмыс істеп тұр, деп newsroom.kz хабарлайды.

Мақсат – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, елдің мұң-мұқтажын, мәселесін жедел шешу. Пікірталас клубы Түркістан облысы, Сайрам ауданында пилоттық жоба ретінде құрылды. Тиімділігі анықталып, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен барлық аудан, қалада «Парасат» клубтары жұмысын бастады.

Бүгінгі таңда облыста өзекті мәселелер қызу талқыланатын бірегей орта құрылды. Бұл жұмысты үйлестіруге аудан, қала әкімдіктері мен «Amanat» партиясының филиалдары бірлесе жұмыс атқаруда. Қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша қызу пікір алмасу ешкімді бей-жай қалдырмайды және клуб отырысының әрбір қатысушысының пікірі тыңдалып, назарға алынып жатыр. Клуб құрамына белсенділер, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, БАҚ және түрлі этностардың өкілдері, депутаттар мен жастар енгізілген.

Клуб отырыстарында көтерілген мәселелердің біразы шешіліп үлгерді. Мысалы, жиындардың бірінде белсенділер өзен арналарында құм мен қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіруге назар аударды. Осыған байланысты, облыс әкімінің тапсырмасымен құқық қорғау органдарының, экологтардың және жұртшылықтың өкілдерінен мобильді топ құрылды. Нәтижесінде облыста заңсыз карьер қазып жүрген 24 нысанның жұмысы тоқтатылды.

Клуб отырыстары – халық пен мемлекеттік органдар арасындағы диалог алаңы. Онда клуб мүшелері тұрақтылықты сақтай отырып (наразылық акцияларына жеткізбей), проблемалық мәселелерді белсенді талқылайды және олармен пікір алмасады. Аудан, қала әкімдері мен мекеме басшылары елдің ұсыныстарын тыңдайды.

Бүгінгі күні облыстың 17 аудан, қаласында клубтың 40-тан аса отырысы өткізіліп, 70-тен аса сала бойынша өзекті мәселелер қаралды. Оның ішінде Келес ауданындағы Абай ауылындағы ауыз су және жер беру мәселелері қаралып, жұмыс басталды. Түлкібас, Шардара аудандарында коммуналдық қызметтер (су, электр жарығы, газ, тазалық және т.б.) мен жайылым жерлерді қайтару мәселелері қаралып, шешу жолдары талқыланды. Өзге аудан, қалаларда да ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, әкімдіктер мен жергілікті тұрғындар бірлесе жұмыс атқарып жатыр.

Uaqyt.kz дереккөздеріне сүйене айта кетейік, AMANAT партиясы Сарыағаш аудандық филиалы жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубының алғашқы отырысы 2022 жылдың 28-наурызында өтті. Алғашқы жиында Сарыағаш ауданының әкімі М.Отаршиаев төраға болып сайланып, жиынды жүргізді.

«Парасат» пікірталас клубы қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтып, пікірталас алаңында жан-жақты талқылау мен шешу жолдарын қарастыруды көздейді. Сонымен қатар ауданның белсенді азаматтары мен саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету міндетін де атқарады. Басқосуға аудандық мәслихат хатшысы С.Тасқұлов және «Amanat» партиясының Сарыағаш аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қ.Қыстаубаев, аудандық мәслихат депутаттары мен жастар, ауданның ардагерлері, қоғам белсенділері, қоғамдық ұйым мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Отырыс төрағасы келесі жиында жастар тәрбиесі, сыбайлас жемқорлықты жою, ауыл шаруашылығы және медицина саласындағы өзекті мәселелер бойынша ашық диалог жүргізуді ұсынды. Бұдан бөлек, алда өтетін отырыстардың төрағасын тақырыпқа сай сайлау мәселесі де талқыланды. Жиында клуб мүшелері белсенділік танытып, түрлі салаға қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты. Атап айтсақ, еркін форматта жүргізілген басқасуда клуб мүшелері жастар арасында жұмыссыздықты жою үшін өндіріс орындарын ашу, әкелер мектебін жандандыруды, әлеуметтік мәселелер және тағы да басқа ұсыныстарын ортаға салды.

Отырыс соңында келесі жиында жастар тәрбиесі мәселесі қаралатыны айтылды және кезекті отырыстың төрағасы сайланды. Алдағы уақытта клуб отырысында аудан көлеміндегі өзекті мәселелердің шешілу жолдары қарастырылып, кез-келген салада орын алып жатқан түйткілдер пікірталас алаңында ашық талқыланып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылмақ.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.