Түркістан облысы

«AMANAT»: Мәжіліс депутаттары мектептердің құрылысына бақылау жүргізді

Түркістан облысы аумағында 120 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді, деп newsroom.kz хабарлайды.

Биыл өңірде 26 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аймақтағы білім ғимараттарының жөндеу және жаңа мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысу мақсатында  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясының Фракция мүшелері Жұлдыз Сүлейменова мен Қайнар Абасов Түркістан облысына арнайы іс-сапармен келді. Мәжіліс спикерлері Бәйдібек және Ордабасы аудандарындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен және құрылысы жүріп жатқан білім ұяларымен танысты.

Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Баян Ахатай және облыстық мәслихат депутаты Қ.Жантөреева, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Төлегенов алдымен Бәйдібек ауданы Ағыбет ауыл округі, Ағыбет ауылындағы Есіркеп батыр атындағы жалпы орта мектеп ғимаратына барды. Жұлдыз Досбергенқызының Түркістан облысына 2021 жылы қыркүйек айында жасаған іс-сапары барысында Ағыбет ауылының тұрғындары елді мекендегі мектептің шатыры мен қабырғасы тозғандығын айтып шағымданған болатын. Сапар барысында Ж.Сүлейменова Ағыбеттегі мектепке арнайы барып, шағым иелерімен кездесу өткізген болатын. Қазіргі таңда елді мекендегі білім ұясының шатыры мен ішкі-сыртқы қабырғалары толық күрделі жөндеуден өтуде. Құрылысқа жауапты «Сервис Центр – 2007» ЖШС мердігер мекемесінің директоры Бақытжан Жандабаевтың айтуынша білім ошағы жаңа оқу жылына дейін ел игілігіне берілмек. Жалпы, Есіркеп батыр орта мектебі 300 балаға шақталған. Қазір 280-ге жуық оқушы білім алуда. Мектеп ғимаратының іргетасы 1990 жылы қаланған. Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Ж.Сүлейменова Есіркеп батыр мектебіне пәндерге арналған арнайы сынып қажет екендігін айтты.

-Өткен жылы Ағыбеттік тұрғындардың шағымы бойынша елді мекенге арнайы барып, мектептің сапасы нашар екендігіне көз жеткізген болатынмын. Құрылысы ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарына тиесілі мектептің шатыры әбден тозған екен. Ал, қазір қайта жаңару үстінде. Дегенмен де білім ұясына жаңа оқушы парталары және спорт залы қажет,-дейді Жұлдыз Досбергенқызы.

Мәжіліс мүшелері аталған аудандағы Жолғабас ауылындағы Жолғабас орта мектебіне жапсарлас салынған, сыйымдылығы 150 оқушыны құрайтын ғимаратпен танысты. Түркістан облысы Құрылыс басқармасының тарапынан тапсырыс берілген бұл ғимараттың құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Білім ұясы  интерактивті лингофон кабинетімен жабдықталған. Сондай-ақ мектеп ішінде арнайы биология-химия, физика және тігін машинасымен жабдықталған кабинет бар.

«AMANAT» партиясының Фракция мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында Ордабасы ауданында жаңадан салынып жатқан 4 мектеп ғимаратының құрылыс басына барды. Мұнда Аққойлы ауыл округінде 100 балаға, Қарааспан елді мекенінде 200 оқушыға арналған білім ұясы бой көтеріп жатса, Бадам ауыл округіне қарасты Дербес елді мекені мен Төрткөл ауыл округінде 300 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Білім ұяларының  құрылыс жұмыстарымен Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов таныстырды.

-Қазіргі таңда аудан аумағындағы 4 елді мекенде мектеп ғимараттарының құрылысы жүруде. Барлық білім ұясына тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Қарааспан, Төрткүл, Аққойлы ауылдарындағы ғимараттардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Ал, Бадам ауыл округіне қарасты Дербес елді мекеніндегі 300 орындық мектепті «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС мердігер мекемесі 2023 жылдың жаңа оқу жылына тәмамдайды деп күтілуде. Ағымдағы уақытта құрылыс жұмыстарының 60% аяқталған,- деді Нұрбек Бақтыбайұлы.

Түркістан облысы – еліміздегі ең көп мектеп шоғырланған аймақ. Облыста бас-аяғы 905 мектеп бар. Оның 800-ге жуығы ауылды жерде орналасқан. Мектеп ғимараттарымен танысу барысында мәжіліс депутаттары жергілікті педагог-мамандар мен ата-аналардың өтініш-тілектерін тыңдады. Фракция мүшелері енді Кентау қаласы және Сауран ауданындағы білім нысандарының құрылысымен таныспақ.

Фото: «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.