Түркістан облысы

Бейсен Тәжібаев: «Түркістан облысының дамуы–фракция бақылауында»

0
(0)

Жуырда Түркістан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының кезекті мәжілісін өткіздік. Мәжіліске Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, фракция мүшелері онлайн және офлайн форматта қатысты. Талқыланған мәселелер жүгі де жеңіл емес. Бірінші «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы орындалмау қаупі бар нысандардың мәселесін талқыладық.
Өздеріңіз білетіндей, биыл сайлау кезінде жетекші партия өз бағдарламасын ұсынып, әр аудан, қаланың 5 жылдық жоспары жасалған болатын. Түркістан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 1956 тармақтан тұратын 1 облыстық, 16 аудандық, қалалық Жол карталары дайындалып, бекітілген. Бүгінде сол уәдені орындау бағытында нақты жұмыстар жүріп жатыр.
Түркістан облысының стратегиялық жоспарлау және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек баяндамасында орындалған жұмыстарды және кездесіп жатқан мәселелерді мәлімдеді. Оның айтуынша, облыстық Жол картасында 2021 жылға 7 бағыт бойынша 110 іс-шара жоспарланған. Биыл 8 айда 30 іс-шара мерзімінен бұрын орындалса, 57-сі орындалып жатыр. Аудандық, қалалық Жол карталарында жоспарланған 1418 индикатордың 668-і (47%) орындалды, 688-і (49%) орындалу үстінде.
Жол картасы аясында 363,5 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, 10541 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыста тоқыма бұйымдарын, құрғақ сүт, бетон бұйымдарын, күйдірілген кірпіш, минералды су, күріш және ет өндіретін 13 кәсіпорын ашылып, онда 1665 адам жұмыспен қамтылған. Осы жұмыстарды баяндаған Қанат Қайыпбек кейбір индикаторлардың орындау барысындағы мәселелер мен кемшіліктерге де тоқталды.
Біз облыстың Жол картасында орындалмай қалуы ықтимал индикаторларды талқылап, оны шешу жолында бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаластық. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, құрылыс салаларында орындалмаған жұмыстар бар. Құрылыс материалдарының қымбаттауы кейбір нысандардың сметалық құнын арттырып жіберіп жатқаны да жасырын емес. Бірақ индикаторлар бюджетке енгізіліп, орындалуы тиіс.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова баяндама жасады. Ол инклюзивті білім алуға жағдай жасау, мұқтаж балаларды қамту деңгейін 100%-ға жеткізу туралы ой қозғады.
Оның мәлімдеуінше, соңғы үш жыл көлемінде арнайы білім беру ұйымдарының желісі 9-ға артқан. Бүгінде Түркістан облысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға 35 арнайы білім беру ұйымдары қызмет етіп жатыр. Облыста инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесі артуда. Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесі 75,3%-ды (669 мектеп), қамтылған балалар саны 5114-ті, денсаулығына байланысты үйде білім алатын балалар саны 3201-ті құраған. Қазір инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысын жандандыру, санын арттыру үшін қосымша қаржы қажет. Депутаттық фракция бұл түйткілді де саралап, өз құзіреттері шеңберінде көмектесетін болады.

Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы

төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button