Түркістан облысы

Түркістан: оқушылар тасымалы үшін 100 автобус бөлінеді

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, 2022 жылғы 3-маусымындағы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Төлеби ауданы тұрғындарымен кездесуінде инфрақұрылым, жер беру, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, мектеп ғимаратын жөндеу, электр қуатымен қамту, мәдениет үйін салу, жайылым және өзге де мәселелер көтерілді, деп newsroom.kz хабарлайды.

Облыс әкімі алдымен еліміздегі саяси реформаларға, облыстың экономикалық көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, жұртшылықты референдумға қатысуға шақырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде саяси реформалар жүріп жатыр. Суперпрезиденттік жүйеден бас тарту, Парламенттің ықпалын арттыру, қоғамды демократияландыру бағытында нақты істер атқарылуда. Осы реформаларды жүзеге асыру үшін Ата Заңға өзгеріс енгізу мақсатында 5 маусымда референдум өтеді. Бәрі тікелей халықтың дауысы арқылы шешіледі. Баршаңызды осы референдумға қатысуға шақырамын. Бұл – елдің жарқын келешегіне, Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға жол ашатын өзгеріс, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Кездесу алдында өңір басшысы Леңгір қаласындағы орталық «Жастық» стадионында жастар арасындағы футбол бәсекесін тамашалап, спортшылар мен жаттықтырушылардың ұсыныс, пікірлерін тыңдаған болатын. Халықпен кездесуде облыс әкімі білім саласын, спортты, мәдениетті дамытуға қолдау жалғасатынын мәлімдеді.

– Өңірде барлық сала өз бағытында дамып келе жатыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6%-ға артып, 707,8 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында 906,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Осы салада жаңа технологияларды енгізіп жатырмыз. Былтыр елімізде 200-дей мектеп берілсе, оның 47-сі Түркістан облысында ашылды. Жалпы 5 жылда 200 мектеп салынады. Білім алған дұрыс, оның ішінде техникалық мамандықтарға бастайтын пәндерді терең меңгеру керек. Бірақ біліммен қатар спортты да қатар алып жүру керек. Еңбек пен спорт адамды шыңдайды. Облыста спорт нысандары бой көтерді. Түркістанда «Мұз» сарайы, ескек есу базасы, ірі спорт кешендері салынып жатыр. Ауыл-аймақта да осы үрдіс жалғасуы тиіс. Нағыз чемпиондар ауылдан шығады. Мәдениет нысандары да көбеюде. Біз бұл бағытта жұмысты тоқтатпаймыз. Облыстың барлық аудан, қалаларын дамыту біздің назарымызда тұр, – деген өңір басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Қаланы сапалы электрмен қамту жөніндегі сұраққа бұл мәселе жеке бақылауында тұрғанын, республикалық бюджетке ұсыныс енгізіліп, Леңгірдің электр және кәріз мәселесі шешімін табатыны жөнінде жауап берді. Сонымен бірге жайылым тапшылығын жою бағытында жұмыс жалғасатынын, бұл ретте тұрғындар, қоғам белсенділері де бірлесе жұмыс атқаруы керек екенін, малды жайылымға жіберіп қана қоймай, бордақылау алаңдарын көбейту дұрыс қадам болатынын жеткізді. Сондай-ақ кәсіпкерлікке қолдау, қаланы абаттандыру, жер беру мәселелері бойынша да өтініштерге жауап берді. Оқушылар тасымалы, туризмді дамыту, екі ауылдық округте мәдениет үйін салу түйткілдері де тарқатылды.

– Төлеби ауданында өмір сүретін адамдарды бақытты деп есептеймін. Өйткені табиғаты айрықша, өмір сүруге өте қолайлы. Ауданның туристік әлеуетін көтеруде ауыл тұрғындарын осы салаға баулу керек. Өзбекстанның тәжірибесіне сүйеніп, әр үйді туристер түсетін қонақ үй ретінде бейімдеп, ел табысын арттыруға толық мүмкіндік бар. Кәсіпкерлік туралы сұраққа келсем, бізге үлкен зауыттардан гөрі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қолайлы. Мемлекет тарапынан тегін оқулар өткізіліп, гранттар берілуде. Қолдау күшейтіледі. Мектеп салудың өз заңдылығы бар. 200-300 адам тұратын елді мекендерге мектеп салу тиімсіз. Бұл ретте біз оқушыларды көрші ауылдардағы білім ұяларына тасымалдау жөн деп есептейміз және таяу уақытта облысқа оқушылар тасымалы үшін 100 автобус бөлінеді деп жоспарланып отыр, – деген Өмірзақ Естайұлы одан кейін бір топ тұрғынды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі осыдан бір ғасыр бұрын салынған көпқабатты үйлердің апатты жағдайын айтты. Облыс әкімі бұл түйткіл назарға алынып, жаңа үйлер салу бойынша жұмыс жүретінін жеткізді.

Төлеби ауданында былтыр өнеркәсіп өнімінің көлемі – 45,4 млрд. теңгені, инвестиция көлемі – 16,7 млрд. теңгені, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 55,6 млрд. теңгені құрады. Биыл 65 мың гектардан астам жерге егін егіледі. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 165 жоба іске асады. Былтыр ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 6 млрд. теңгені құрап, 31856 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 17 елді мекенде 33 жоба іске асырылған. 10 елді мекенде жалпы ұзындығы 47,7 шақырым болатын 28 көшеге асфальт төселген. 5 елді мекенге жаңа ауыз құбыры тартылып, 1 нысан пайдалануға берілді.

Айта кетейік, 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзiлді. Республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу тәртібі «Республикалық референдум туралы» 1995 жылғы 2 қарашадағы Конституциялық заңда көрсетілген. Референдумды өткізуге азаматтар ерікті түрде қатысады әрі бұл жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және тікелей қатысу құқығына негізделеді.

Әкімдіктер дауыс беруге арналған учаскелерді анықтап, референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін жасауы тиіс. Референдумды әзірлеу мен өткізуді ОСК, аумақтық сайлау комиссиялары мен учаскелік сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Орталық референдум комиссиясының қызметін ОСК атқарады.

«Референдумның құрамын, аумақтық және учаскелік комиссияларын жариялау мерзімдері, комиссиялардың орналасқан жері мен жұмыс уақыты туралы мәліметтер референдум тағайындалғаннан кейін 10 күннен кешіктірілмей, ал нақты айтқанда, 15 мамырдан кешіктірілмей БАҚ-та жариялануы тиіс. Дәл осындай мерзімде әкімдер БАҚ-та референдум учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттарды жариялауы тиіс.

Үгіт Жарлық енгізілген сәтте басталып, 4 маусымда аяқталады.

Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдеріне әкім қол қояды және дауыс беру басталғанға дейін 20 күн бұрын, 15 мамырдан кешіктірмей акт бойынша ұсынылады.

Дауыс беруге құқылы азаматтардың жалпы саны 11 734 642 адамды құрады. Ал оның ішінде дауыс беруге 7 986 293 адам немесе 68,06%-і қатысты.

18,66% немесе 1 490 475 адам референдумға қарсы дауыс берді. 125 859 бюллетень немесе 1,58% екі жауапты таңдады.

2,58% немесе 206 096 бюллетень жарамсыз деп танылды.

Референдум өтті деп есептелу үшін оған қатысушылар тізіміне енгізілген азаматтардың жартысынан көбі қатысуы керек.

Бұл межеге елорда уақытымен 14:00-де жетті. Одан бөлек республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.