Түркістан облысы

Түркістан облысының барлық аудан қаласында «Еңбек» бағдарламасы түсіндіріліп жатыр

0
(0)

Бұл бастаманы «Nur Otan» партиясының Түркістан облысындағы филиалдары мен жергілікті әкімдіктер қолға алған. Арнайы кестесі бекітіліп, аудан, қалалардағы жұмыспен қамту орталықтарында тұрғындармен «Ашық есік күні» өткізіліп, сұрақтарына жауап беріліп жатыр. Мақсат – Солтүстік өңіріне қарай көшті жандандыру және «Еңбек» бағдарламасы аясындағы жеңілдіктерді тұрғындарға түсіндіру, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғашқы жиын «Nur Otan» партиясының Жетісай аудандық филиалында ұйымдастырылды. Сайрам аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында да «Ашық есік күні» өтті. Оған аудандық мәслихаттың депутаттары мен орталық қызметкерлері қатысып, Солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындары мен мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ниет білдірушілермен ой бөлісті. Сондай-ақ қыркүйектің 13-14 күндері Павлодар облысынан келген делегаттар Сайрам ауданындағы Ақсу, Қарамұрт, Қарабұлақ, Қайнарбұлақ ауылдарында болып, халықпен арнайы кездесетіндігін жеткізді. Орталық директоры Нұрлан Сарыбеков кез келген сұрақтар бойынша жұмыспен қамту орталығына хабарласып, барлық мәліметтерді алуға болатындығын атап өтті.
Созақта да қабылдау өтті. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мониторинг бөлімінің басшысы Олжас Сатыбалдиев түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырды. Қазіргі таңда Созақ ауданынан Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданына 2 отбасы көшіп, тұрғылықты мекен-жайлары анықталып, жұмыс орнымен қамтылған.


Кентау және Түркістан қаласындағы «Ашық есік күнінде» бірнеше тұрғынға мағлұмат берілсе, Төле би ауданындағы іс-шаралар да мазмұнды өтті. Жұмыспен қамту орталығы және «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалының ұйымдастырған жиында Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарға қойылатын талаптар, қоныс аударған жағдайда көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар және оның тиімділігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының стратегиялық маңызы зор.
«Жуырда Президентіміз өз Жолдауында көші-қон мәселесіне де тоқталды. Солтүстікке көшкен тұрғындарға қолдауды күшейту, кәсіпкерлерге жер беру міндетін де жүктеді. Бұл ретте қабылдаушы облыстар мен Оңтүстік өңірдегі осы салаға жауапты басқармалары, бөлімдері, орталықтары жанашырлықпен жұмыс атқаруы тиіс. Біз партия тарапынан Түркістан облысындағы барлық филиалдарымыз үшін арнайы кесте бекітіп, жоспар жасадық. Барлық аудан, қалада «Еңбек» бағдарламасы насихатталады. Ал жалпы тұрғындардың ұсыныс-тілектерін, осы саладағы мәселерді жинақтап, зерделеп, шешу жолдарын қарастырамыз», – дейді Б.Тәжібаев.


Жыл басынан бері Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге 300-ден астам отбасы қоныс аударды. Олар жоспарға сәйкес, 204 мың теңге көлеміндегі субсидиямен және пәтерақымен қамтылған.

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button