Түркістан облысы

Түркістанда Абай күні тағылымды іс-шаралармен өрнектелді

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, бүгін Түркістанда 10 тамыз – Абай күніне орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Абайды оқы, орында!» тақырыбында кешенді іс-шаралар өтті, деп newsroom.kz хабарлайды.

Алдымен дінтанушы, ғалым Зікірия Жандарбек пен мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева бастаған қонақтар мен кітапхана қызметкерлері Оқушылар сарайы алдындағы Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Осылайша таңертеңнен бастау алған шара ары қарай кітапханада жалғасты. Мұнда Zoom арқылы облысқа қарасты аудандық, қалалық кітапханалардың қатысуымен тікелей байланыс жүргізілді. Конференцияда Семей облысына арнайы барған кітапхана қызметкерлері Сазанова Динара және Нұрғали Ардақ Абай елінен тікелей байланысқа шығып, Семей облыстық кітапхана қызметкерлері қорындағы сирек кітаптар мен Абай Құнанбаевтың өзі пайдаланған жәдігерлермен таныстырды. Сондай-ақ олар Жидебайдағы Абай еліне, Абай мұражайы мен Абай зиратына саяхат жасады. Бұдан бөлек, конференцияда белгілі жазушы-журналист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» пен «Парасат» орденінің иегері Мархабат Байғұт байланысқа шығып, Абай және оның шығармалары мен мол мұрасы жайында баяндап берді. Жазушының «Абайды оқы, орында!» деген сөзі күн тақырыбы ретінде алынып отыр. Ал Зікірия Жандарбек «Ислам және Абай» тақырыбында тұшымды мағлұматтар айтып өтсе, Ұлжан Әбенқызы өз сөзінде кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдіріп, Абай еліне саяхат жасалғанына қуанғанын жеткізді. Конференция соңында кітапханашылардың орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» бейнебаяны көрсетілді.

Содан соң, «Фараб» кітапханасының алдында мерекелік іс-шара өтті. Шараға қатысушы қала тұрғындары мен оқырман қауым «Абай әлемі» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады. Көрмеге Абай шығармалары, абайтанушылардың еңбектері және арнайы Абай елі Жидебайдан алынған фото корме шежіресі қойылды. Кітапхана басшысының орынбасары Жанар Жақсылыққызы шараның мақсаты мен маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар А.Байтұрсынов мектебінің оқушылары Абай өлеңдерін оқыса, кітапхана қызметкерлері қара сөздерін айтып, аудармалары негізінде көрініс қойды. Қатысушыларға Абай шығармалары туралы викториналық сұрақтар қойылып, белсенді оқырмандар мен бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар берілді. Іс-шара соңында кітапханашылар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін хормен орындады.

Ашық есік күні Оқушылар сарайы алдындағы Абай ескерткіші маңындағы «Абай рухымен сырласу» атты поэзия кешімен қорытындыланды. Кеште мектеп оқушылары, кітапханашылар мен тұрақты оқырмандар Абай шығармаларын жатқа оқыды. Белсене атсалысқандар арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Айта кетейік, Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (10 тамыз 1845 жыл – 6 шілде 1904 жыл) — ұстаз, ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер, либералды көзқарасын исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған…») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — «Физули, Шәмси, Сәйхали». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері. Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік — шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану өңірінде екі қасиеттің — сезім мен қыйсынның , түйсік пен ақылдың қатынасын таразылайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады. Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы — жүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын- арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттер қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашқан.

Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зор салған. Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Абайтану қазақ әдебиеттану ғылымының саласы. Абайтану Абайдың өмірі мен шығармашылық өнері, философиясы, қоғамдық, эстететикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерін қамтиды. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 ж. «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп Абайды аса жоғары бағалады. Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болған соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Жарық көруінен бірнеше жыл бұрын құрастырылып, 1909 ж. Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары басылғаны, яғни осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылды.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.