Тарих

Ауа көшу тарихы санама анамның әлдиімен, әкемнің өлеңсөзімен сіңген еді – Хазретәлі Тұрсұн

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Мақсат – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру, материалдарға жан-жақты әрі кешенді зерделеу жүргізу, халықаралық тәсілдер мен стандарттар негізінде толықтай заңды, ал жекелеген санаттарға қатысты – қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау жоспарланған болатын, деп newsroom.kz хабарлайды

Осы орайда, Түркістан облысы бойынша құрылған мемлекеттік комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсұн Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жарлығы бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары барысында жиналған деректердің арасында кездескен өлең-жырларды «Ауа көшу жырлары» деп топтастырды.

-«Өлеңсөз – көңіл сөзі, өмір сөзі. Сөз әрқилы болады ғой көңіл ауаны сияқты. Соғыс жырлары, жорық жырлары, зар заман жырлары деп тарихи оқиғалар мен құбылыстардың өлеңмен өрілген жырларын топтап жатамыз танымға жеңіл болсын деп.

Елдің басына төнген зұлмат кезең халықтың жанына жара салып кете бермей оның жадында аңыз болып, жыр, дастан болып сақталып қалатыны бар. Сыр бойындағы елдің басына төнген сондай зұлмат кезеңнің бірі – тоталитарлық биліктің қысымымен 1927-1934 жылдары Жоғарыға ауа көшу еді. Жаңақорған аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы Емберген Алтынбеков 1933 жылдың 17–20 желтоқсанында өткен партия ұйымының 6-шы конференциясында ауданда 1931–32 жылдары жылқы 27 мың, түйе 16 мың, қой 123 мың, ешкі 103 мың болса, 1933 жылы содан 4940 мал қалғандығын айтқан екен. Аудан басшысының баяндамасынан 1931–32 жылдары аудандағы 10 мың үй болса, 1933 жылы 3 мың үй ғана қалғандығын білеміз.

Мал мен жанның осынша кеміп кетуінің астарында халықтың басына төнген ауыр тақсыреттің зіл батпан салмағы жатыр»,-дейді Хазретәлі Маханұлы. Қиын-қыстау кезең, тарихи арпалыс, қазақ жұртының, қазақ баласының, қазақ отбасыларының көрген теперіші профессор Хазретәлі Тұрсұнның да отбасын айналып өтпеген.

-«Мен де осы Жоғарыға ауа көшкендердің ұрпағымын. Туған жерден үдере көшіп, туған елден жырақта күн кешудің ащы дәмін бесікте жатып сезінгенмін. Ауа көшу тарихы санама анамның әлдиімен, әкемнің өлеңсөзімен сіңген еді»,-дейді профессор.

Әкесі Тұрсұнұлы Махан (1911-1974) 1930 жылдың қаңтарында Төменарықтың жанындағы Қысты Ата деген қыстаудан, анасыі Жұмакүл екеуі ағасы Ысмайылдың бастауымен туған жерін тастап ауа көшкен екен. Жызақ, Самарқан асып, Тәжікстанның Ауғанстанмен шекаралас Пархар ауданына табан тіреген көш 1960 жылы ғана елге бет түзеген. Ауданда Түгіскен тыңы игеріліп, жаңадан кеңшарлар ұйымдастырылған 1964 жылдан бастап Жоғарыға ауа көшкен ел туған жерге орала бастаған.

-«Әкем елге келген соң «Красная звезда» кеңшарында жұмысшы болып еңбек етті. Жат елде жүрген туыстарын елге шақырып өлеңмен хат жазды. Өлеңсөздің сырына сенгені бар, сенбегені бар. Шақырған ағайынның елге келгені бар, келмегені бар. Осы күнге дейін…

Әкем де, оның әкесі де жалғыз екен. Осы күнде «сайынан сайғақ құрлы сая таппай» туған жерден ауа көшкен «Дәу Маханның» ұрпағы бір қауым елге айналыппыз. Егерде әкеміз итжеккенге айдалып немесе ашаршылықтан ісіп-кеуіп бір сайда қалғанда біз өмірге келер ме едік десеңші!

Бұл тағдыр қазіргі кезде туған жердің ырыс-берекесін келтіріп отырған аудан тұрғындарының көпшілігіне ортақ ащы тағдыр!

Соншама тәш-пүш көретіндей әкемнің не жазығы бар еді?

Соншама қайғы-қасіреттің дәмін татып, азап отына өртенетін елдің не жазығы бар еді?

Жалпы, туған жерін тастап ауакөшушілер мен ашаршылық босқындарын шатастырмау керек. 1927-1930 жж. ауа көшкендер кеңестік биліктің қыспағынан бас сауғалап, мал-мүлкімен көтеріле көшкендер. Ал 1931-1934 жж. ашаршылықтың салдарынан күн көріс қамы үшін туған жерінен кеткендер ашаршылық босқындары деп аталады. Аталған екі категория да саяси қуғын-сүргіннің құрбаны деп танылады. Жаңақорған атырабы тарихының осы кезеңі әзірге толық ашыла қойған жоқ.

Өткен жылы ауа көшу тарихын індетіп Душанбенің архивын ақтардым. Биылғы жыл еліміздегі құпия архивтерді сүзіп шықтым. Көп сырдың шетін тарқатқандай болдық. Ауакөшу ешқандай да стихиялы болмаған екен. Өз отанына өзі өгей болып қалған елдің шет жерлерге ауа көшуін елді арқасүйер азаматтар кеңестік биліктің жойқын «қайта құруларынан» аман алып шығу үшін амалсыздан ұйымдастырған екен! Міне, гәп қайда?

Архивтің сарғайған парағы ішіне бүккен тарихты көзкөрген куәгерлердің естеліктері жандандырады. Архив құжаттары мен естеліктер жинағын дайындап отырмыз Сырдария окугі бойынша. Алдағы уақытта жарық көретін болады. Осы жинаққа енетін қыспақ қоғам, қиғаш заң, қысылтаяң заманның тезінен өткен аудан тұрғындарының өкілі – әкемнің жырларын назарға ұсынғанды жөн көрдім»,-дейді Хазретәлі Маханұлы.

Туған жердің ыстық лебін мұң аралас кермек жаспен сезініп, елден жырақ жүрсе де атар таңның сүйінші жаңалығына құлақ түріп, ақ арман үмітке нәзік сәуле жалғаған, ұлт ертеңіне сенім қанатын байлаған қуғын-сүргін құрбандарының бірі Махан Тұрсұнұлының «Ауа көшу жырлары» атты өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

Ауа көшу жырлары

Жайылма, Жалғыз ағаш, Төлес дедім,
Кіндік кесіп, туған жер емес пе едің?
Отыз жылдай өзіңнен ұзап кетіп,
Көзіме сағынғанда елестедің.
Жатсам тұрсам ойымнан бір шықпадың,
Болмаса мен Пархардан келмес те едім.
Түлкілі, Шоқымазар, Шатырабад,
Белгілі барлық жері көңілге жад.
Тіліміз әлдеқайдан оралады,
Жақындап қалыппыз-ау болуға сарт.

***
Құрмышқа!
Тәттінің дәмін білер татқан балды,
Көңлімде қауаныш сөніп, уайым қалды.
Өмірімнің құлпырған қызыл гүлін,
Күздің бозғыл қырауы қалай шалды?
Құрмыш пенен бажасы Дүйсебегім,
Сен екеуің келем деп күйзелмегін.
Алтын шыққан жерлерді белден қазып,
Біздерді ойламай-ақ жүре бергін.
Асанбек пен хат жазам Ауғаныма,
Бірің суда, біреуің тауда малда.
Қайда жүрсең аман бол ойда, қырда,
Қосылсақ деген пікір ойда бар ма?
Барлығың да аман бол жігіттерім,
Келмейсің деп сендерді кемітпеймін.
Осы хатты мен жазып ерікпеймін,
Бәріміз дидарласып жүрсек деймін.
Хат жаздым алыстағы ағайынға,
Қағаз бен қалам ұшын аяйын ба?
Сейдан, Құрмыш екеуің ойланыңыз,
Тік төгіліп ақ кірді самайыңа.
Өмірдің азды-көпті біз ішінде,
Кездестік сұм жалғанның талайына.
Көп айтатын ешнәрсе қалған да жоқ,
Жетпістің жақындадық фаңайына…

***

Ескерту: Елге 1960 жылы оралған Махан Тұрсұнұлы бұл өлең-хатты 1964 жылы елге оралып, Тәжікстанға сапарлап бара жатқан інісі Амал Байсыновқа (ұрпақтары Сунақата ауылы мен Жаңақорған кентінде тұрады) тапсырған екен.

Сейданға хат
Ал Сейдан хат жазамын қалам алып,
Сұм жалған жүргізбеді-ау бойды жазып.
Ағайын бір жиналып отырмадық,
Сондықтан осы күні жүрмін азып.
Ал Сейдан қосылатын күн бола ма?
Қосылып нәсібіміз бір бола ма?
Жас балдар сіз бен бізді неғылады
Шабандап барамыз ғой жылдан жылға.
Жас кезде біз ойнадық биік жарда,
Сейдеке, құлақ салып сөзімді аңла.
Жас қалып атамыздан біз ер жеттік
Дамыл жоқ, біз келеміз, шыбын жанға.
Атаның жүрген жерін көзбен көріп,
Кетіп жүр осы күні көңіл еріп.
Той-жиын, мерекелі күндерінде,
Біз жүрсек сән емес пе соңыңа еріп.
Атамыз бен бабамыз өскен жері,
Бұлардың тарап жүр ғой өркендері.
Қысты Ата, Ішкі айырқұм, Сүттіқұдық,
Есіңде жоқ па сенің жүрген жері.
Ақбастау, Құттықожа, Қарасүйір,
Жылқыны жаймады ма үйір, үйір?
Кіналап мен сіздерді неғылайын,
Келдің де түнемедің қыста биыл.
Келте мен Шалғаяны жазда жайлап,
Атамыз жүрмеді ме тойды тойлап?
Ағайын бір өліде, бір тіріде,
Барып ек бәріміз де несібе айдап.
Болмайды жамандауға туған жерді,
Бабамыз ілгеріден өсіп, өнді.
Бәнданың несібесі жүрген жерде,
Өзіңіз түсінерсіз осы сөзді.
Ал Сейдан, естіп жүрмін сәлеміңді.
Сәлемнен тәуір көрем келгеніңді.
Мың мәрте сәлем айтып жібергеннен,
Жақсы көрем дидарласып жүргенімді.
Сейдеке, құтты болсын келініңіз,
Шамалап кеп қалдық қой сіз бенен біз.
Дем бітпесе несібе үзілмейді,
Жақсы ғой келмегеннен келгеніңіз.
Көргенімнен әлі көп көрмегенім,
Хат жаздырып отыр ғой келмегенің.
Кісі бөліп жанынан бермесе де,
Сауабы көп ағайын бір жүргеннің.
Ерінгеннен хат жаздым ермек етіп,
Көзбен көріп жүрсіңдер келіп, кетіп.
Ағайын бір өліде, бір тіріде,
Баратыр күннен күнге өмір өтіп.
Сіздерге өкпем де жоқ келмесең де,
Келгенің жүдә жақсы бермесем де.
Нәсібеміз бір жерден нәсіп болса,
Келгеніңді білмейсің көнбесең де!

***

Қысты Ата, Ішкі Айырқұм, Сүттіқұдық,
Ел ауып кеткеніне болды қырық…

Кіндіктің қаны тамған Төлесім-ай,
Төріңде ойнағаным әлі есімде-ай.
Жері еді ата-бабам туып өскен,
Шынымен Құрмыш мұнда келмейсің бе-ай?
Мінгенім дәйім менің Қаратөбел,
Кеп жатыр Жоғарыдан қалың көп ел.
Осы ел ағайынын жинап жатыр,
Бас қосып отырайық біз де түгел.
Қолыма қалам алып хат жазайын,
Азырақ сыргүзашта сөз жазайын.
Жерінен ата-бабаң туып өскен,
Бұл елдің тарап кеткен мәні, жайын.
Жұмыстың көзін тауып істемедік,
Бір турам нанды тауып біз жемедік.
Ел түгіл ата-анаға біз қарамай,
Желдетіп жоғарыға біз жөнедік.
Кеткендер әлі де жүр шілдей тозып,
Қалғандар осы күнде кетті озып.
Қайда барсаң бір еңбек екі қолға,
Іс өнімді істелед жұмыс қызып.
Бұл күнде жас балдардың бәрі маман,
Ағайын қосылайық есен-аман.
Құрметті партияның әділдігі,
Тарихта болған емес бұндай заман.
Елу жылда ел жаңа, жүз жыл қазан,
Бұл халық қараңғыда әлі надан.
Қайда барсаң табасың ырзығыңды,
Өзіңді жаратқан ғой жоқтан бардан.
Шиелі, Жаңақорған, Төменарық,
Бұл жердің барлығы да бізге анық,.
Әр адам туысқанын өзі іздеп,
Жиналып келіп жатыр көшіп халық.
Ойнаған бала күнде жерлеріміз,
Сирексіп бара жатыр теңдеріміз.
Өмірдің көбі кетіп азы қалды,
Ғанибет дидарласып жүргеніміз.

Махан Тұрсұнұлы

Фото: qazaqtimes.com

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 1 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.