Тарих

Түркістан автономиясын негізін қалаған жазықсыз саяси-қуғын сүргін құрбандарының ерлігі

«Жасасын Түркістан мұхта­рияты!» деген ұранды үндеуімен өзін тәуелсіз автономиялы мемлекет ретінде жариялаған Түркістан автономиясына да, міне 95 жылдан асып барады. Бұл автономия бар-жоғы 64 күн өмір сүрсе де, Орта Азия тарихында елеулі орын алып, большевиктерге оппозициялық күш ретінде қарсы тұра білді, деп newsroom.kz жазады turkystan.kz дереккөздеріне сүйене отырып.

«Біздің балаң ұлттық қозғалысымыздың тарихында

уақыты келгенде еске алып отыруымыз керек

болатын бірнеше маңызды күндер бар. Сондай

тарихи күндердің бірі – 1917 жылғы 10 желтоқсан.

Осы күні Қоқан қаласына жиналған IV Түркістан

Төтенше құрылтайы «Түркістан автономиясын»

жариялаған еді».

Мұстафа Шоқай, «Жас Түркістан»,

№ 3, 1930 жыл, Париж.

«Жасасын Түркістан мұхта­рияты!» деген ұранды үндеуімен өзін тәуелсіз автономиялы мемлекет ретінде жариялаған Түркістан автономиясына да, міне 95 жылдан асып барады. Бұл автономия бар-жоғы 64 күн өмір сүрсе де, Орта Азия тарихында елеулі орын алып, большевиктерге оппозициялық күш ретінде қарсы тұра білді. 1917 жылғы төңкерістер ұлттық және саяси қозғалыстардың күшеюіне жағдай жасап берді. Осыны пайдаланған түркі халықтарының зиялы қауым өкілдері де өздерінің ұлттық мемлекетін құрып алуды көздеді. Әрине, бұл ұлттық респуб­ликалар территориялық жағын Ресей Федерациясы құрамында болғанымен, саяси жағын өзін-өзі басқаруы тиіс еді.

Алайда бастапқы кезде мұндай мемлекеттік құрылымға Ленин – Сталин бастаған большевиктер рұқсат бергенімен, олардың саяси күш алып кетуінен қорқып, оларды «төңкеріске қарсы», «заңсыз үкімет» ретінде кінәлаған қаулылар шығарды. Әртүрлі баспасөз бетінде кеңінен айтылғанымен, бірақ белгілі себептерге байланысты ұзақ уақыт бойы дұрыс бағасын ала алмаған тарихи оқиғалардың бірі де осы – «Түркістан мұхтарияты». Бұл мемлекеттік құрылым бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығы шеңберінде (онда қазақ халқының жартысына жуығы мекендеді) 1917 жылдың қараша айының соңында, IV өлкелік Төтенше жалпы мұсылмандар съезінің шешімімен Қоқан қаласында дүние есігін ашты. Большевиктер бұл автономияны бүкілхалықтық емес, тар шеңберде көрсету үшін оны барлық уақытта «Қоқан автономиясы» деп жазып, бір қаланың автономиясы ретінде көрсетуге тырысты.

1917 жылдың соңында өмірге келген Алашорда үкіметін сөз қылғанда, бірінші кезекте Әлихан Бөкейхан есімі аталса, Түркістан автономиясы туралы сөз болғанда, еріксіз тілімізге Мұстафа Шоқай есімі оралады. «Халықтар атасы» атанған Сталиннің өзі кезінде сая­си қарсыласы ретінде санаған Мұстафа Шоқай Түркістанды автономиялы мемлекет етіп құрудың басынан аяғына дейін жүрді. Большевиктердің ымырасыз қарсыласы ретінде өзінің көзқарасын шетелде жүріп те аяғына дейін жалғастырды.

Оның жан жары Мария Яковлевна-Шоқай ол туралы былай дейді: «Ол әрдайым: Біздің Түркістан үшін ең қорқыныштысы – халықтың бірлігінің болмауы. Мен өзіміздің әлсіз екенімізді жақсы білемін. Мен халқымның тыныштығын және бірлігін қалаймын. Сондықтан да Швейцария мемлекетінің үлгісімен федерациялық мемлекет құрғым келеді дейтін». Мұстафа Шоқайдың саяси көзқарастары ортаазиялық бес республика үшін әлі де өз маңызын жойған жоқ. Әсіресе қазіргі гео­саяси жағдайдың маңызды рөл атқаратын заманында түбі бір түркі халықтарының экономикалық – әлеуметтік мәселелерді бірігіп шешуі кезек күттірмейтін жауапты іс.

Патша үкіметін құлатқан Ақпан төңкерісінен кейін бүкіл Ресейде қалыптасқан демократиялық жағдайды пайдалана отырып, түркістандық ұлт зиялылары 1917 жылы 16 сәуірде Ташкент қаласында Түркістан мұсылмандарының құрылтайын шақырды. Шамамен 220 өкіл жиналған құрылтайдың күн тәртібінде Ресейдің мемлекеттік құрылымы мен Түркістанның өзін-өзі басқару құқығына байланысты мәселелер талқыланды. Құрылтай жұмысына Мүнәууар Қари Абдурашидханов басшылық жасады. Убайдулла Хожаев пен Серәлі Лапин төраға орынбасарлары, Мұстафа Шоқай, Зәки Уәлиди, Ташболатбек Нарботабеков және Садық Абдусаттаров құрылтай хатшылары болып сайланды. Құрылтайда Мұхаметжан Тынышбаев Түркістандағы ахуал жайында баяндама жасады. Сондай-ақ Уақытша Үкіметтің мүшесі Садри Мақсудовтың сөздері құрылтай делегаттарының көңілінен шықты (Д.Қыдыралиев. Түркістандағы автономия мәселесі және ұлттық құрылтайлар. //Хабаршы//. «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар» сериясы. № 2 (25), 2010. 134 б.).

Төңкеріс нәтижесінде қоғамда орын алып жатқан өзгерістерге байланысты Түркістан мұхтариятын жариялау туралы талаптар күннен-күнге күшейе түсті. Осы мақсатта консервативтік бағыттағы «Улема жамиғаты» 12-15 қараша күндері Ташкент қаласында құрылтай шақырды. Түркістан қаласынан келген өкіл Имамберді Ержігітовтың ұсынысы бойынша, жиынға арнайы шақырылған Мұстафа Шоқай Ташкентке келіп, мәжіліс жұмыстарына қатысып, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде елде большевиктердің билігі орнағанын, алайда оларды мойындамау керектігі туралы айтады. Мұстафа Шоқай ендігі жерде Түркістандағы бүкіл мұсылмандардың бірігіп, большевиктік үкіметтің де үстінен қарайтын үлкен бір үкімет құру туралы ұсыныс түсіреді. Құрылтай соңында Түркістанда автономия жариялау туралы ұсыныс мақұлданды.

Жиыннан кейін Қоқанға қайтып келген Мұстафа Ташкенттегі большевиктер үкіметінің мүшесі Барановтан жеделхат алып, Ташкентке қайта аттанады. Онда Мұстафаға «жаңа үкіметке мүшелікке қабылдайтынын» айтып, кісі қызығарлық ұсыныс жасайды. Алайда Мұстафа бұл ұсыныстан бас тартып, Қоқан қаласына қайтып кетеді. Оның басшылығымен Жаңа Марғұлан қаласында өткен «Өлкелік мұсылмандар кеңесі» кеңсесіндегі жиында Бүкілтүркістандық мұсыл­мандардың жалпы құрылтайын шақыру туралы шешім қабылданды. Өйткені сол аласапыран күндерде саяси мәселенің аумалы-төкпелі жағын реттеп, тұрақтандыратын жалғыз ұйым осы құрылтай болатын.

Жергілікті халықтың өз тағдырын өзі белгілеу құқығын қамтамасыз етуге деген саяси тұжырымы, Кеңес үкіметіне деген наразылығы IV Төтенше Түркістан өлкесі мұсыл­мандарының құрылтайында өз көрінісін тапты. Бұл құрылтай 1917 жылы 26 қарашада Қоқан қаласында өз жұмысын бастады. Құрылтайға шақыру хаттар біраз уақыт бұрын жіберілген болатын. Алайда бұл шақыртулар пошта-телеграф қызмет­керлерінің ереуілдеріне байланысты жер-жерге кешігіп барады. Газеттерде құрылтай туралы алдын ала хабарлама беруге мүмкіншілік болды. Сонда да әртүрлі себептерге байланысты құрылтайға кейбір өкілдер келе алмады. Бірақ олар құрылтай атына жіберілген хат-хабарламаларында оған деген өз көзқарастарын білдіріп жатты («Ұлы Түркістан» газеті. 8 желтоқсан, 1917 жыл).

Мұсылман құрылтайы қарсаңында 25 қараша күні кешкі сағат 7-де «Ислам жамиғатының» (Шора ислам) Қоқан қаласындағы резиденциясында мәжіліс болып өтеді. Онда мандат комиссиясы мен оның мүшелерінің құрамын сайлау мәселесі талқыланды. Сондай-ақ мына мәселелерді талқылау туралы шешім қабылданды: Өлкедегі басқару құрылымы және Кеңес үкіметімен қарым-қатынас;Атаман Дутовтың Кеңес үкіметімен барлық байланысты үзу мен жоспарланып жатқан антикеңестік Оңтүстік-шығыс казактары одағының құрамына кіру ұсынысына өз көзқарасын білдіру; Түркістан атқару комитетіне сайлау өткізу; Түркістан орталық мұсылмандар кеңесін қайта сайлау; Түркістанда заң шығару органын құру; Түркістан құрылтай мәжілісін шақыру т.б. (Сонда).

1917 жылы 26 қараша күні сағат 12-де ұйымдастыру бюросының мүшесі Мұстафа Шоқай құрылтайды ашық деп жариялайды. Мандат комиссиясының мүшесі Ташболатбек Нарботабеков қатысушыларды делегаттардың құрамымен таныстырды. Бұл кезде құрылтайға: Ферғана облысынан – 150, Сырдария облысынан – 22, Самарқанд облысынан – 21, Каспийарты облысынан – 1, Бұхарадан – 4 өкіл қатысып жатқан болатын. Кейінірек құрылтайға қатысушылар саны 250 адамға жетті.

Сол кездің баспасөзінде: «…Күн­дізгі сағат 12-де жиналғандардың көтеріңкі көңілімен ұйымдастыру бюросының мүшесі және өлкелік Мұсылмандар кеңесінің өкілі, азамат Мұстафа Шоқаев съезді ашық деп жариялады. Мұстафа «бұл жиын съезд деп санала ма, әлде жай кеңес пе» деген мәселені дауысқа салды. Көпшілік дауыспен (1 адам қарсы) бұл жиынды толық өкілетті съезд деп шешті. Съездің 10 пункттен тұратын бағдарламасы бекітілді. Кешкі отырыста азамат Шоқаев қысқаша Ресейде және Түркістанда қалыптасқан саяси және экономикалық жағдайларға тоқтай келе «…Түркістанда қантөгіс арқылы орнаған Кеңес үкіметі мұсылмандармен қандай болсын формада өлкені бірігіп басқарудан бас тартып отырғанын, сондықтан мұсылман халқының өз тағдырын өз қолына алу қажеттігін» айтты делінген («Туркестанский вестник». № 21. 9 желтоқсан, 1917 жыл ).

Өлкенің мұсылман еңбекшілері, шаруалар, солдаттар депутаттарының органы болған «Еңбекшілер дүниесі» журналы былай деп жазды: «Құрылтайда Түркістан халқының әрбір қоғамы, ұйымы мен ұлттық кеңес өкілдері жиналғаны үшін ол өлкенің 10 миллиондық мұсылман халқының мүдделеріне жауап беретін шешім шығаратын өкілетті құқыққа ие болды» («Еңбекшілер дүниесі».№ 1. 4 қаңтар, 1918 жыл).

Келіссөзден соң 13 адамнан тұратын алқа мүшелерін сайлауға шешім қабылданды. Осыдан кейін оның құрамына үміткерлерді белгілеу үшін 15 минуттық үзіліс жарияланды. Үзілістен соң құрылтайдың алқа мүшелігіне ашық дауыс беру арқылы мыналар сайланды: Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожа, Абиджан Махмуд, Хидаятбек Юргали Ағаев, Саломон Герцфельд, Шаһислам Шаахмедов, Әбдірахман Оразаев, Камал қазы, Серікбай Ақаев, Абдул Бадин, Кішкенбаев, Пілиев және Кәрімбаев. Құрылтайды Мұстафа Шоқай басқарды.

Құрылтайға жиналған халық өкілдерінің шешімімен, Түркістан өлкесін «Ресей федеративтік респуб­ликасының автономиялы өлкесі» деп жариялау туралы ұсыныс көпшілік дауыспен қабылданды. «Түркістан мұхтарияты» деген қарарға «Ғұлама жамиғаты» (Шора улема) қоғамының мүшелері де қосылып, өз тілеулестігін білдірді. Қарарға екі өкіл ғана қарсы дауыс берді. Үш күн бойы құрылтайға қатысушылар Түркістан өлкесінің болашақ саяси құрылымы туралы өз көзқарастарын білдіріп болған соң, құрылтайда қабылданған құжаттарда өз көрінісін тапты.

Дауыс беру аяқталған соң, 27 қарашада Мұстафа «Түркістан мұхтариятын жариялау» туралы құрылтай шешімін оқыды. «Түркістан мұхтариятының мәлімдемесі» деп аталатын құрылтай шешімінде «Лә иләһә иллаллаһ Мұхамедун расулаллаһ. Жасасын Түркістан мұхтарияты! Түркістан мұсылмандарының IV Төтенше құрылтайы Түркістан өлкесінде өмір сүретін халықтардың қалауы бойынша, ұлы Ресей төңкерісі тарапынан берілген негіздерге сүйене отырып, федерация негізінде құрылған Ресей республикасымен бірге болатын Түркістанды – жергілікті мұхтарият, яғни «территориальный автономия» деп жариялайды. Бұл автономияның тез арада құрылып, қалыптасуын жақын арада жиналатын бүкіл Түркістан халқының «Учредительное собраниесіне» (Түркістан межлис-и муессесаны/Түркістанды құрушы мәжіліс) тапсырады. Сонымен қатар (мәжіліс) Түркістан өлкесінде азшылық болып табылатын ұлттар мен ұлыстардың құқықтарының барлық жағынан қорғалуын салтанатты түрде мәлімдейді» деп жазылған еді (Қыдыралиев Д. Атымды адам қойған соң… Алматы; 2006, 133 б).

Құрылтай қарары оқылған сәтте оған қатысушы бүкіл өкілдер орындарынан тік тұрып тыңдап, ол оқылып біткенде: «Жасасын Түркістан мұхтарияты!»–деген ұрандар жаңғырып кетті. Көптеген кісі қуаныштан көздеріне жас алды. Мұсылмандар ғана емес, құрылтайға қатысушы басқа ұлт өкілдері де құшақтасып, бірін-бірі құттықтасып жатты. Осылайша, 28 қараша күні дүние есігін ашқан мемлекеттің аты «Түркістан мұхтарияты» деп аталды. Үкімет құрамы Құрылтай кеңесі шақырылғанға дейін билік толығымен Түркістан Уақытша кеңесі мен Ұлттық мәжілістің қолына шоғырланды. Уақытша кеңес мүшелерінен 12 адамнан тұратын үкімет құрылатын болды. Түркістан Уақытша кеңесі мүшелерінің саны кезінде Бүкілресейлік құрылтай кеңесіне Түркістан өлкесінен сайланған үміткерлер санына қарай анықталды» («Ел байрағы». 22 желтоқсан, 1917 жыл ).

«Түркістан автономиясы» деген мақала съездің 26 қарашада қабылдаған қаулысында: «IV Төтенше жалпымұсылмандар өлкелік съезі Түркістанда мекендеген халықтардың, Ресейдегі төңкерістің үндеуі негізінде өзін-өзі билеуге деген еркінен шыға отырып, Түркістанды «Ресей федеративтік-демократиялық республикасымен бірлікте территориялық автономия» деп жариялайды және Түркістанды мекендеген аз ұлттардың құқы бойынша қорғалады деп салтанатты түрде мәлімдейді» («Туркестанский вестник», № 15. 1 желтоқсан, 1917 жыл).

Құрылтайдың соңғы күні бүкіл демократиялық шарттарға сәйкес, Түркістан халық қалаулыларының құқы жөнінде арнайы қаулы қабылданды. Бұл қаулы бойынша 54 кісіден тұратын Түркістан Уақытша кеңесі мен 12 кісіден тұратын Түркістан Халық кеңесі мүшелерінің дербес құқығы қамтамасыз етілді. Мүшелердің біріне жасалатын қиянат бүкіл 10 миллиондық Түркістан халқына жасалған әрекет болып табылады. Құрылтай өз өкілдерінің қасиетті құқын қорғауды халыққа сеніп тапсырды. Сол кезде Самарқаннан келген өкіл сөз алып «Түркістан жері – біздің тәніміз, оның азат үкіметі – біздің қанымыз! Кімде-кім бұл екеуіне тиер болса, біздің тәніміз бен қанымызға тиген болып табылады. Біз бұған жол бермейміз!» – деді. Бұған көпшілік қол соғып, оның сөзін қуаттады.

Түркістан автономиясын жария­лаған Түркістан мұсылман­дарының IV Төтенше құрылтайы сонымен қатар Халық кеңесі мүшелерін сайлады. Халық кеңесі мүшелерінің 36-сы түркістандық,18-і өзге ұлт өкілдері еді. Түркістан Халық кеңесіне ашық дауыспен Серәлі Лапин (кеңес төрағасы), Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев, Махмұд Қожа Бехбуди және т.б. сайланды. Содан кейін Түркістан автономиясы Уақытша үкіметіне сайлау болып, халық жоғары қызметке мыналарды сайлады: Үкімет басшысы һәм ішкі істер министрі – Мұхамеджан Тынышбайұлы, Түркістан Ұлттық кеңесінің төрағасы және Сыртқы істер министрі – Мұстафа Шоқай, Үкімет басшысының орынбасары және Қаржы министрі – Шаһислам Шаахмедов, Ішкі істер министрінің орынбасары, қаңтар айынан бастап Ішкі істер министрі – Әбдірахман Оразаев, Қорғаныс министрі – Убайдулла Хожаев, Халық ағарту министрі – Насырхан төре, Әлеуметтік істер министрі-Хидаятбек Юргали Ағаев, Азық-түлік министрі – Абиджан Махмуд және Азшылық ұлт өкілдері министрі – Саломон Герцфельд.

Түркістан автономиясын тек қана Қоқан емес, бүкіл Түркістан халқы зор қуанышпен қарсы алды. Жер-жерде жиындар өтіп, бәрі де жаңа өмірге келген автономияны қолдап жатты. Бұл туралы М.Шоқай былай деп жазды: «Автономияның жариялануы түркістандықтардың саяси рухын бірден күшейтіп жіберді. Автономияның орталығы Қоқан қаласы сияқты Ташкент қаласы да айрықша, әсерлі күндерді бастан кешіріп жатқан еді…

…Мереке күні-13(26) желтоқсанда Ташкент маңынан 10 мыңнан астам адам қалаға атпен кірді. Қала көшелері: «Түркістан мұхтарияты жасасын!», «Түркістан құрылтай мәжілісі жасасын!», «Мұхтарият үкіметі жасасын!» деген ұрандар жазылған плакаттармен безендірілген еді. Мерекені ұйымдастырушылардың түрік жағын бастап жүрген аса жігерлі де намысқой қайраткеріміз Мүнауар Қари болатын. Жергілікті халықтардың рухын көтерген осы мерекеден большевиктер қатты қорықты. Совнаркомның (Халкомның) төрағасы Колесов пен оның орынбасары Успенскийлердің аузымен мерекеге қатыспау және «Түркістан автономиясын» құттықтамау жөнінде мәлімдеме жасалды.

…Алайда митинг аяқталып, ескі Ташкент тұрғындары үйлеріне қайтып келе жатқанда күтпеген жерден пулеметтер мен мылтықтардан оқ жаудырылды. Қарусыз құр қол халық басы ауған жаққа қашып, қынадай қырылды. Орыс большевиктері Түркістан автономиясын бізбен бірге, міне, осылай мерекелеген еді. 13(26) – 14(27) желтоқсан арасындағы түнде большевик мылтықтарының дауысы бір семген жоқ» («Туркестанский вестник», № 15. 1 желтоқсан, 1917 жыл).

Осылайша, енді ғана өз азаттығын алып, тойлап жатқан автономияның алғашқы қаны да төгілді. Ендігі жерде азаттықтың оңай берілмейтіні анық болды. Автономияшылар мен большевиктер арасында саяси күрес күшейе түсті. Ол туралы М.Шоқай өз естелігінде былай деп жазды: «1917 жылдың 13(26) желтоқсаны – орыс большевиктері біздің халқымыздың қанын судай ағызған күн. Сол күні олар біздің ондаған қандастарымызды жауыздықпен өлтірді. Осы күннен бастап орыс большевиктері мен біздің арамызда ашық қанды күрес басталды…» (Шоқай М.Таңдамалы шығармалар жинағы. І том. Алматы; 2007 жыл, 289 б.).

1917 жылы желтоқсан айының соңында Орынбордан оралған Мұстафа Түркістанның тәуелсіздігін сақтау жолында іске кірісті. Мұстафа­ның қарымы мен қабілетін, дарыны мен парасатын аңғарған үкімет мүшелері де оған ерекше сенім артты. Сондықтан Түркістан автономиясы үкіметінің алғашқы басшысы Мұхамеджан Тынышбайұлының 1918 жылы қаңтар айының басында өз еркімен қызметтен кетуіне байланысты үкімет мүшелері оның орнына үкімет басшысы етіп Мұстафа Шоқайды сайлады. Ол үкімет басына келгеннен кейін үкімет мүшелері арасында біршама өзгерістер болды. Азшылық ұлт өкілдері министрі С.Герцфельд орнын босатты. Алғашқы әскер жасақтары құрылып, ұлттық милиция ішкі тәртіпті реттей бастады. Үкімет тізгінін мықтап ұстаған Мұстафа автономия жұмысын кең көлемде насихаттау мақсатында орыс тілдерінде «Известия временного правительства Туркестана» және «Свободный Туркестан» атты газеттер шығара бастады.

Сондай-ақ әлдеқалай заман туа қалса, автономияға қорған болатын «Мұсылман шаруалары мен жұмысшылары», «Мұсылман солдат және жұмысшылары» атты ұйымдардың басын қосып, олардың құрылтайларын Қоқан қаласында өткізді. Сонымен қатар құрылтайда Кеңес үкіметін Түркістан автономиясын қолдауға шақырған шешім қабылдады. Осы мақсатта құрылтай атынан Совнарком (Халком) төрағасы В.И.Лениннің атына жеделхат жолдап, онда Түркістандағы тәртіпсіздік пен анархияның тоқтауы үшін қос үкіметті тыйып Ташкенттегі Кеңес үкіметін жоюды, жалғыз Түркістан уақытша үкіметіне ғана сенім білдіру қажеттігі айтылды.

Мұстафа үкіметтің қаржы мәселесін шешу үшін ұлттық банк құру туралы ұсыныс айтты. Үкіметтің қаржы мәселесін шешу үшін 30 миллион сом мемлекеттік заем шығарып, жер-жердегі байлармен, ірі кәсіпкерлермен түрлі келіссөздер бастады. Үкімет мүшелері мемлекеттік заемдарды сату үшін қалалар мен ауылдарды аралады. Соның нәтижесінде мемлекеттік банктің Самарқан және Ферғана бөлімшелерінен үлкен сұраныс келді. Мұстафа жергілікті байлар мен ауқатты адамдарға егер большевиктер билігі Түркістанда толық орнаса, байлар байлықтарынан толық айырылатынын түсіндіріп бақты. Сол үшін олардың Түркістан автономиясына қаржылай көмек берулері керектігін баса айтты.

Алайда автономияның жағдайы күн өткен сайын әлсірей берді. Мұның басты себебі Ташкенттегі Кеңес үкіметінің күшеюі еді. Ташкентте орнығып алған Кеңес үкіметі Түркістан автономиясын құлату үшін күш жинай бастады. Қос үкімет арасындағы саяси күрес ақырында Түркістан автономиясының большевиктердің қарулы күшімен құлатылуына әкеп соқты. Қоқанға Ташкент гарнизонындағы жұмысшы қызыл гвардиясы мен қарулы дашнақ бөлімдері тасталды. 6 ақпанда (1918 жыл) Түркістан автономиясының шағын тобына қарсы әскери қимылдар басталды. Большевиктердің мұсылман тұрғындарды қырып-жоюы 3 күнге созылды. Ағылшын зерт­теу­­шілерінің мәлімдеуінше, құрбандардың саны анық болмаса да, сөзсіз, өте көп болған. 1897 жылы жүргізілген тұңғыш санақ бойынша Қоқан қаласында 120.000 тұрғын болса, 1926 жылғы есеп бойынша ол 69.300-ге дейін азайған. Қала талқандалып, өртке оранды (Садыкова Б. Мустава Шокай в эмиграции. Алматы; 2011, 33 с.).

Бұл оқиға туралы Мұстафа Шоқай өз естеліктерінде былай деп жазды: «…Ол (Түркістан автономиясы – А.Б.) 1917 жылдың 10 желтоқсанында құрылып, 1918 жылдың 13 ақпанында таратылды. Қоқан үкіметінің не офицері, не әскері болған жоқ. Пошта, телеграф, теміржолдардың бәрі де жау қолында болатын. Осындай жағдайда   дүниеге келіп, осындай қысқа ғұмыр кешкен Қоқан үкіметі Түркістан халқының ұлттық талаптарын қанағаттандыру жолында көзге көрінерлік ешқандай бір жұмыс тындыра алмағаны табиғи еді. Тіпті бұл үкіметтің осындай жағдайда құрылып, 64 күн өмір сүре алуының өзі таңғаларлық құбылыс деуге болады» (Шоқай М. Таңдамалы шығармалар жинағы. ІІ том. Алматы; 2007 жыл, 274 б. ).

Қоқан қаласында құрылған «Түркістан автономиясын» большевиктер «заңсыз» үкімет деп жариялаған соң, «оның басшыларын» тұтқындау туралы қаулы шығарды. Автономия басшысы болған Мұстафа Шоқайдың басы үшін 1000 сом сыйлық тағайындалды. Автономия құлатылған соң оның басшыларының бір бөлігі тұтқындалып, бір бөлігі жан-жаққа тарап кеткен болатын. Мұстафа Шоқай аз уақыт партизандардың арасына бой тасалайды. Одан кейін жасырын атпен Ташкентке келіп, ол жерде де тұрақтап қалмай, 1918 жылдың 1 мамырында әйелі Мария Яковлевнамен Ташкентті тастап шығады.

Өзін қорғайтын армиясы болмаған Түркістан автономия­сы большевиктердің жойқын күшіне төтеп бере алмай, 64 күн өмір сүруінен соң 1918 жылдың 13 ақпанында құлатылды. Автономияның жақтастары күресті тоқтатпай, Ферғана ойпатында 10 жылдан астам уақыт партизандық күрес жүргізді. Оларды Кеңес тарихнамасында «басмашылар» деп атап, «тонаушы», «қарақшы» ретінде суреттеді. Олар большевиктер насихаттағандай «басмашылар» емес, елінің, жерінің азаттығы үшін күші тең емес жау­мен қаһармандарша күрескен партизандар болатын. Осы жерде көрнекті ағартушы ғұлама Әбдірауф Фитраттың «еркіндік берілмейді, алынады» деген сөзі еске түседі.

Өз сөзімізді тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдінің Мұстафа Шоқай көксеген Түркістан автономиясы туралы айтқан мына пікірімен аяқтауды жөн көрдік: «…Шын мәнінде, Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы мен Түркістан Уақытша үкіметі өлке үшін ең негізгі мәселе жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын мойындауда ескі империялық түсінік шеңберінде қалып қойған Ташкенттегі жаңа билікке балама есебінде өмірге келген жалпы өлкелік саяси құрылым еді» (Аңыз адам: Мұстафа Шоқай (1890-1941). №7 (19), Сәуір, 2011 жыл, 16-18 бб.).

Түркістан автономиясын құруға атсалысқан Мұстафа Шоқай туралы айта өткен жөн, Әлемге аты мәлім қоғам қайраткері, саясаткер, ақиқат жолына бас тіккен, азаттық үшін тағдырдың азабы мен мазағын қатыспай көтерген, әділеттен басқа досы жоқ, адалдықтан басқа жолы жоқ Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан мемлекетін құрудағы қызметі, қайғысы, қасіреті, мақсат – мүддесі кешегі кеңес үкіметі кезінде құлып астындағы құпия болды. Күллі түрік миллетінің туыстық бірлігін сақтап, Түркістан автономиясын құру тұрғысындағы М.Шоқайдың жанкешті қызметін кеңес идеологтары жаулық әрекет сипатында көрсетті [1]. Мұстафаның інісі Нұртаза мен туысы Мырзеке Қалымбетұлы «халық жауымен» хандық қатысы болғаны үшін атылды [2]. Қалғандары қуғын-сүргінге түсті. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша отставкаға ҰҚК қызметкері Ж.Шәкібаев «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітап жазып, М.Шоқайдың қоғам алдындағы жұмысын жоққа шығаруға тырысты. Ал Мұстафаның кінәсы – өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі еді. Айыбы – атамекенге, ана сүтіне адалдығы. М.Шоқай өле-өлгенше осы бағытынан айныған жоқ. Уақыттан асқан кемеңгер бар ма, қазақ зиялылары жан алып, жан беріскен ел егемендігі тарихи мерзімі жеткен күні өз аяғымен келді. М. Шоқайдың бүкіл өмірінің мәні мен мағынасы, арманы осы егемендік, өлмес рух елімен қайта табысты. Заман озады, өмірден тозбайтын ештене жоқ. Зат та, жер мен көк те, адамның аты да ескіреді. Бірақ, қараңғылық қойнауында жанған шамшырақтай Мұстафа есімі жыл өткен сайын жарқырай түсуде.

Мұстафаның 1886 жылы 7 қаңтарда Сыр бойында Сұлутөбе секілді ауылда, кірпіштен салған қазақы үйде дүниеге келіп, саясаттың биік тұғырына көтерілуі көбіміз үшін таңғаларлық жағдай. Бала күнінен киіз қазақтың тәрбиесін алады [2]. Осылайша он төртке толар-толмас жасөспірім бейшараның көзіндегі жасты сүртіп, әділеттің ауылын нұсқауға жарап қалады. Ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздіктерді танып біле бастайды. Түркістан халқының қамында бір қасиет пен кесапатты өмірге тоқиды. Өмірден осы кезде алған екінші сабағы – орыс өктемдігі.

Ташкенттегі орыс ұлты мен жергілікті халық арасындағы әлеуметтік теңсіздікті, келіспеушілікті көзімен көрді. Ұлтжандылық сезімін оянуына алдымен орыс шовинизмі ықпал етті. Алғашында орыс алпауыттары мен патшаның Ресейдің отаршылық саясатына саналы түрде қарсы шыққан, интеллект түрінде қорғанды. Ауыл қазағының арыз-шағымын жазып, дауына араласу гимназиядағы сабағына көп кедергісін келтірді. Ауыл баласы әлеуметтік мәселемен генерал Самсонов алдына бірнеше мәрте барды. Ол барған сайын орыс озбырлығын Самсоновтың көзіне шығып көрсеткісі келеді. Алайда Самсоновтың жан дүниесі адалдық ауылынан алыс жатыр еді [1].

Ғалым Ә.Тәкенов пен М.Қойгелдиев жазғандай «Генерал іске тыңғылықты, орысша сауатты қазақ жігітін өз кеңесіне тілмаш етіп алмақшы болады». Бұл мәселенің бір қыры. Екіншісі – тіпті тереңде. Орыс өкілдері отарлау мен саясат ісінде өте тәжірибелі, жергілікті халық өкілдерінен шыққан талантты ноқталаудың сырт көз аңдамайтын нәзік жолдарын біледі. Тілмаштық Мұстафаға қимастық берген қызмет емес, дарынды жастың келешегін кесу еді. Себебі, ел арасындағы тілмаштар қоғамдық теңсіздікке араша түспей, ақша-пара жолымен азғындап, адамдық қасиеттерінен айырылып жатқанын сол кезде өмірдің өзі көрсетті. Сондықтан, Самсонов бұрқылдып шыққан қайнардың көзін көміп тастағысы келді. Өзара қырқысып жатқан орыс чиновниктері осы мәселеде бірауызды болатын. Генерал Самсонов сезімтал кісі екен, ол Мұстафаның келешегінен орыс отаршылдарына келер бір залалды сезді. Мұстафа Шоқайұлы Петербургке барып, оқуын жалғастырғысы келетінін айтып, – Заң факультетін қалаймын, – дегенде ішін тартып қалды. Петербургтегі заң университеті қазақтың баласы түгілі, орыстың қолына түспейтін оқу. Орыс отаршылары сауатысыз халыққа әділетті көрінуге ынталы, саналы, талантты қазақтың адамына аша таяқ қояды. «Тілмаш боласың ба?» – деп қамқорсыған Самсонов ақыры айтқаны болмағасын М.Шоқайға гимназиядан тиесілі алтын медалды, Зопрометов есімді орыс балаға бергізіп, бұған күміс медаль бермекші болады. Әділет жеңеді, адал азаматтар қолдауымен алтын медальін алған М.Шоқай орыс генералы қойған тосқауылмен өзі бетпе-бет кездеседі. Демек, Ташкенттің тұтқасын ұстап отырған генерал Самсоновтың Түркістан халықтарына деген пиғылы таза емес. Ал генерал орыс патшалығының өкілі. Бұдан Түркістанға Ресей жүргізіп отырған саясаттың күнгейі мен көлеңкесін бірдей аңғаруға болатын еді.

М.Шоқайдың Петербург университетінің заң факультетіне түсуі сол кез үшін үлкен дәреже. Бұған Орынбор генералы – губернаторы Перовскийдің ұсыныс хаты көмек болады. Бәрі бір реакцияшыл көзқарастағы губернатор ішікі саясаттағы ерекшеліктерді есепке алды. Әділет үшін айту керек орыс мемлекетінің билеуші топтары Түркістан тұрғысындағы отарлық саясат жүргізсе де, Петербургтың ғылым төңірегіндегі зиялы қауымы таланттарды бағалай білді.

М.Шоқай университетті 1917 жылы ақпан төңкерісіне бұрын бітірді. Зеректілігі арқылы универсиет қабырғасынан 7 тілді меңгеріп шықты. Оның ішінде қазақ, орыс, түрік, ағылшын, француз, неміс және поляк тілдері бар еді. Мұндай жетістік М.Шоқайдың мәдени көкжиегін кеңейте түскені мәлім. Ал, өмір тәжірибесінен, ұлтаралық саясаттың аса салмағын 1914 жылы думада Мұсылман фракциясына хатшы бола жүріп үйренді. Фракция Дума депутаты Әлихан Бөкейханның ұсынысымен келіп, А.Байтұрсынұлы, Ш.Кәрі секілді қазақ зиялыларымен жақын танысады. Мұндағы қызметі де өз жерлестерін отаршылардың зорлық-зомбылығынан қорғау болады. Жазықсызды жаладан сақтау, әлсізді қорғау Мұстафаның мақсатына айналады.

Ресей патшалығының көзге көрініп тұрған бір зорлығы – қоныс аударған орыстарға көшпелі қазақтың жайылымы мен қыстауларын күшпен тартып алып бергені. Мұстафа мәселені сенатқа дейін апаратын. «Бастықтың пиғылы түзу болмаса, заңнан қайран жоқ» деп Бисмарк айтқандай, орыс мемлекетінің отарлау саясатына қарсы тұратын күш жоқ еді. Халық орыс патшасынан осы кезде күдер үзеді. кейін Марияға жазған хатында бала кезін еске алып: «Теміржол біздің ауылдан біраз қашық болатын. Жол басы телеграф бағаналары менжарысатынбыз. Үлкендер бізге осы сымдар арқылы орыс патшасы Николай тұратын қаламен сөйлесуге болатынын әңгіме қылып айтатын. Бар қолымыздан келетіні – бағаналарды қамшыларымызбен осып-осып жіберіп, патшаны сөгу ғана еді», – деп бала кездегі түйсігінің кейіннен расқа шыққанына таңданады. 1917 жылы университет бітіріп, кейбір тарихшылар «Ақпан төңкерісін қуаттап, ол еліне бостандық алып келеді деп түсінді. Эсерлер партиясына мүше болды» – деп жазғандай, Мұстафа Шоқай ұлттық саяси өмірдің тоқсан тарау айрығында тұр еді. Эсерлер партиясына мүше болғаны, болмағаны мұрағаттық деректер арқылы әлі ашылады. Бірақ патшалық Ресейдің аз санды ұлттарға қатысты саясатына М.Шоқай үзілді кесілді қарсы болды.

Тарихшы-ғалымдар М. Қойгелдиев пен А. Нүсіпханның «М.Шоқай және Түркістан» мақаласында: «1916 жылы Түркістандағы ұлт азаттық қозғалысты аяусыз басып жаншыған кезде демократиялық топтар үкіметке қарсы оппозиция құрып талқылады. Осы мәселе бойынша ресми баяндама дайындау үшін Түркістанға арнайы сапармен келген депутат эсер А.Ф. Керенский және фракция жетекшісі К.М.Тевкеловпен бірге мұсылман фракциясының хатшысы М.Шоқай да болады» – деп жазады.

Бұл М.Шоқайдың өз ұлтына араша түсудің бірден-бір жолы – түрлі партия, уақытша үкімет және эсер жұмысшы солдат кеңесімен түсінісу керек болады.Осының бәрі Орта Азияда өз тағдырын өзі шешетін Түркістан автономиясын құру мақсатында жасалған еді.

Құрылтайшылары Түркістан автономиясы деп, оған Сырдария, Ферғана, Самарқан уәлияты толығымен қатысса да, орыс большевиктер кемсітіп, «Қоқан автономиясы» деп атаған аз күндік жаңа құрылым М. Шоқай идеясының түпкі мақсаты болатын.

М.Шоқай Түркістан жамиғатының келешек өз тағдырын өзі анықтайтын жеке мемлекет болуын мақсат етіп қойды. Осы мақсатта ептеп уақытша үкіметтің аз айлық билігін пайдаланып қалғысы келді. Бірақ «ұлттың өзін-өзі билеу мүмкіндігін береміз» деген бірде бір орыс демократтарына сенген жоқ. «Олар үкімет басына келген соң сөзсіз айнып» кетеді деген пікірін сөз арасында түсіндірумен болды. Сондықтан Ресейден енші алуды қызбалыққа, үстірттікке, асығыстыққа ұрынбай жан жақты ойластырылған саясат жүргізу керек еді. Ресейдің «демократ» билеушілері іш тартып алмас үшін М. Шоқай «ұлттардың өз өзін билеуін», Ресеймен шекаралық, қаржылық және сыртқы саясатта бірлігін жоққа шығармайтынын дәлелдеп береді.

«Қоқан автономиясының» келешегіне М.Шоқай күмәнсіз сенді ме, күмәні болды ма, бірақ ол адам қолынан жасау мүмкін емес тарихи төтенше оқиғалардан үміттенеді. Адамды үміт жетелейді, үміт апатқа да соқтырады. Соның бәріне Мұстафа бастаған ұлтжанды азаматар басы қиып еді.

М.Шоқай Түркістан халқы арасындағы қоғамдық белсенділіктің, сауатың, ұйымшылдықтың, рулық жіктелетін қандай деңгейде екенін жақсы білді. Жаңа автономияда сот жүйесін қазылар алқасы, немесе шариғат жолымен жүзеге асыруды ұсынған кезде «руластық тамыр белен алып кетеді» деп бірден қарсы болған.

Мұстафа түркі тектес халықтың психологиялық дәстүрлі ерекшелігін жақсы білетін. Сондықтан жалпы мемлекеттік сот құруын ұсынды.

Қоқан автономиясының 1918 жылдың қаңтарында құлауына себеп көп. Жергілікті халықтан кең көлемде қолдау таппады. Уақытша үкіметпен сенімді байланыс жоқ. Ел ішінен іріткі салатын алуан түрлі қоғамдық қозғалыс өріс алды. Ең бастысы Петербургтен бастау алып, Ташкенде өрістеген жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі, Қоқан автономиясын Түркістан өңірінде қауіпті аймақтың бірі деп санап, көзін жаймаққа жанталаса кірісті. Ақыры, Қоқан автономиясы қанды қырғынға ұшырады. Соның салдарынан елде басшылық қозғалыс өріс алды. М. Шоқай сол күндер жайлы тарығып жазған бір мақаласында: «…Қоқан ұлттық үкіметінің большевиктерге қарсы күресі кезінде, яғни 1918 жылғы ақпанда, осыдан бір жыл бұрын Ақмешітте 1917 жылдағы мамыр айында орыс жұмысшы солдаттары қолына өліп кетсемші деп өкінгенім бар» деп жазады.

Мақала көлеміне М. Шоқайдың тарих бетіне таңбалы із болып қалған барлық қызметін түгелдеп беру мүмкін емес.1918 жылы Грузияда одан Түркияда кейін Париж бен Берлинге ұласқан қоғам қайраткерінің өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін өнегелі жол.

М. Шоқайға комунистік қоғам идеологтарының күллі Түркістанға жасап отырған зорлық-зомбылығы, қарапайым алаңда берген ақыреті оның өмірінің қайғысы, мұңы болды. Орыс демократтарына үміт артуы да үзілді кесілді тоқтады. Тіпті, сенімді деген Сұлтанбек Қожановтан «Қоқан автономиясының» мүшелеріне Кеңес үкіметі кешірім береді деген хабар тигенде де компартия басшыларына екіжүзділік саясатын күні ілгері біліп, елге оралмады. Грузияда «Вольный Горец», «Борьба», «На рубеже», Стамбулда «Жаңа Түркістан» кейіннен «Жас Түркістан»газет-журналдары арқылы күллі өмірін азаттық үшін күреске жұмсады. Ал, 1920 жылы Варшавада Сталиндік режимге қарсы Кеңес одағының қудалауына түскен ұлт зиялылары «Прометей» ұйымын құрған болатын. Ал, Варшавадағы шығыстану институты 1929 жылы «Кеңес одағының ішкі және сыртқы саясаты туралы» ғылыми теориялық конференция ұйымдастырды. «Сталин социализмі – тонаушылықты қамтамасыз ететін саяси жүйе» деген 1937 жылы жазған мақаласында Кеңес үкіметінің өз халқына жасаған тонаушылық саясатына экономикалық тұрғыдан талдау жасайды. Осылайша М. Шоқай Кеңес үкіметінің шетелдегі басты дұшпанына айналады. Білімі – терең, ақылы асқан қазақ перзенті түрік жамиғатының бірлігі мен коммунистік қоғамның халыққа тигізер ықпалы жөнінде ондаған мақала жазды. Мақала дерегі талдау мен таразылаудан тұрды. 1936 жылы КСРО конституциясындағы логикалық қайшылықтарды дәлме-дәл түсіндірді. Белсенді, саналы, ынталы азаматары ғана коммунистік ұйымдарға біріге алады» деген конституция бабын сөзбе-сөз жүйелей келе, «Компартияға кірмеген адамдар белсенді, ынталы және саналы болып саналмайды деген сөз. Ал КСРО-да коммунист емес адамдар халықтың 98 %» деп жазады. Сондай-ақ жеке адамның тарихтағы рөлін жоққа шығаратын марксизм идеяларын, Сталиннің жеке басқа табынушылығын атап көрсетіп береді.

М.Шоқайдың өмір жолы өнегеге толы болды. Бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған М.Шоқай 20 ғасыр кезеңінде адамзат баласының айтулы перзенті болды. Оның бойында біз біліп үлгірмеген, тарихымен таныспаған талай рухани қазыналар жатыр. Ол Түркістан халқын орыс диктатурасынан қорғауға күш салды, бірақ озық және адал ойлы славян халқының өкілдері Я.Газовский, И.Пильсудский, В.Чайкин, В.Наливкинге деген құрметі ерекше еді. Өмірлік досы Мария Яковқызы да орыс ұлтынан болатын.

М.Шоқай осынау таза табиғи қалпымен, көптің көзі жетпейтін шың басындағы шынар секілді еді. Тамырын тасқа жайған шынар жалғыз өседі, жүзін күн сүйіп, жапырағын жел тарайды. Діні қатты болады. Шыңдағы шынар секілді М.Шоқай да жиырмасыншы ғасырдан өтіп, асыл ой, азаматтық қалпымен жиырма бірінші ғасырға келді.

Шоқай мен Үшінші рейх

Кеңестікке қарсы көзқарасы бар еуропалық саяси ортада осындай танымал адам шығыста үлкен жоспарлары бар фашистердің назарын аударады. Билікке келген Адольф Гитлер Кеңес Одағының аумағы есебінен «неміс өмір сүру кеңістігін» едәуір кеңейтуді жоспарлады және антисоветтік ұлттық кадрлардың маңыздылығын түсінді. Сонау 1933 жылы Шоқай Берлинге шақырылды, кейіннен басып алынған шығыс аумақтарының империялық министрлігінің саяси бөлімінің меңгерушісі, доктор Георг Лейббрандтпен кездесті. Кейіннен, Шоқай «Reichsleiter департаментімен тығыз байланыста жүргізу пайдасына сөз сөйледі Альфред Розенберг».

Соғыстың алдында да Орта Азия эмиграциясының барлық өкілдері Шоқайға оң көзқараспен қараған жоқ. Осылайша, Николай Хан Ёмудский ( Түркістан легионын құруға қатысушы ) Шоқайды „Түркістанның жалғыз өкілі“ ретінде көрсетіп, «Германияның жауы» деп атады.

1939 жылға қарай фашистер миллиондаған болашақ кеңестік әскери тұтқындарды ұстау үшін бірнеше концлагерь дайындады.

Шабуыл күні 22 маусымда 1941, жылы Фашистер Парижде көптеген көрнекті орыс эмигранттар тұтқындалып оларды түрмеге Компьен. Шоқай да сол жерде болды. Үш аптадан кейін оны Берлинге апарып, бір жарым ай өңдеп, Түркістан легионын басқаруды ұсынды, ол концлагерьлерде отырған тұтқындалған кеңес түріктерінен алынуы жоспарланған болатын. Немістер Шоқайдың билігіне сенді. Легион Кеңес әскерлеріне қарсы Шығыс майдандағы шайқастарда неміс бөлімшелерін ішінара алмастыруы керек еді. Шоқай оны осы лагерьлердегі отандастарының ұстау жағдайымен таныстыруды талап етті және тікенек сымның артындағы азиялықтардың адамгершілікке жатпайтын жағдайына таң қалды. 1941 жылдың күзінде Сувалки, Вустрау және Честочованың концлагерьлеріне барғаннан кейін Мұстафа: «Сталин мен Гитлер – зұлым адамдар» деп жазды. Жерлестерінің тағдырын қалай да жеңілдету және олардың өмірін құтқару үшін Шоқай неміс билігіне ымыраға келуді ұсынды.Ол өз шарттарын қойды:

  1. Германияның оқу орындарында болашақ Түркістан мемлекетіне кадрлар дайындау;
  2. Тұтқындағы отандастарының арасынан әскери құрылымдар құру, олар Түркістан шекарасына жақындағанда ғана қолданылуы тиіс.

Осылайша ол нацизммен ықтимал ынтымақтастықтан Түркістанға аз да болса пайда алуға тырысты, бірақ бас тартты, өйткені Гитлер Түркістан легионына тек «зеңбірек жемі» ретінде қызығушылық танытты. Содан кейін ол Үшінші Рейх Сыртқы істер министрлігіне хат жазды Группенфюрер С.С. Йоахим фон Риббентроп, бұл жолдар қайда:

«… Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты данышпандарды тәрбиелеген ұлт өкілдерінің әскери тұтқындарға қалай қарайтынын көріп … Түркістан легионын басқарып, одан әрі бас тарту туралы ұсынысты қабылдай алмаймын. ынтымақтастық. Мен шешімімнің барлық салдары туралы білемін.»

Салдары тез келді. Шокайды қолдануға болмайтынын түсінген неміс басшылығы оны алып тастауды шешеді. 1941 жылы 22 желтоқсанда Гитлер Түркістан мен басқа ұлттық легиондарды құру туралы декретке қол қойды. Сондықтан Шоқайдың оларды жасауға еш қатысы жоқ. Ол сол кезде Берлиннің «Виктория» ауруханасында болған. 1941 жылы 27 желтоқсанда ол жоқ болды. Ресми есепте оның «іш сүзегінің дамуынан қан уланудан қайтыс болғаны» айтылады, ол концлагерьлерге барғанда жұқтыруы мүмкін еді. Бірақ улану кезінде де дәл осындай белгілер болуы мүмкін. Бұған қоса, Мария Горина-Шокай өз естеліктерінде Мұстафаның Түркістанда сүзекпен ауырғанын айтқан .және оның иммунитеті болуы керек еді. Шоқай 1942 жылы наурызда құрылған Түркістан легионын басқарған және Горинаның айтуы бойынша сәнді өмір салтын ұстанған өз серігі өзбек Вели Каюмды уландырды деп күдіктенді .

Мұстафа Шоқай Берлиндегі түрік мұсылман (Осман) зиратында жерленген. М.Шоқайдың әйелі Мария Яковлевнаның өсиетімен қайтыс болған күннің астындағы құлпытаста үш латын әрпі мен төрт сан бар: JOH.15.13. Олар Джон Инжилінің он бесінші тарауының он үшінші тармағын көрсетеді, онда:

«Достар үшін жанын берген адамнан артық махаббат жоқ.»

Түркия арқылы алғаш Германияға, сонан соң Францияға барып орнығады. Эмиграцияда «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, кеңестің озбыр саясаты туралы зерттеулер жазады. Қайраткер 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.

Фото: turkystan.kz

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.