Тарих

Түркістан автономиясының беделді қайраткері және репрессия құрбаны – Мұхамеджан Тынышбаев

Мұхамеджан Тынышбаев – қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері, деп newsroom.kz жазады semeylib.kz дереккөздеріне сүйене отырып.

М.Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысының Ешкіөлмес тауының маңайында, өз шжіресінде Жылан Тау деп көрсеткен мекенде (қазіргі Қабанбай ауылы) дүниеге келген. Кішкентайынан оқуға деген құлшынысының арқасында ол он жасында Верныйдағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық сыныбына оқуға түседі. Еңбекқор бала сабақты үздік оқып, өнегелі тәртібімен көзге түскен.

Мұхамеджан жыл сайын сыныптан сыныпқа І дәрежелі марапатпен көшіп отырған. Осы гимназияны ол алтын медальмен тәмәмдайды. Гимназияда оқып жүргенде Мұхамеджан өзінің ізденімпаздығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленіп, 1899 жылы Верный қаласында өткен А.С.Пушкиннің 100 жылдық мерейтойында баяндама жасады. Гимназия директоры Жетісу облысының әскери губернаторына Мұхамеджанды «тамаша шәкірт қана емес, нағыз талант иесі» екендігін мәлімдеп, жоғары оқу орнында білім алуына арнайы стипендия тағайындауын өтінеді.
1900 жылы Тынышбаев Санкт-Петербург қаласындағы Императорлық жол қатынасы институтына түсіп, 1906 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп шыққан.

Мұхамеджан студент кезінде ақ қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, баспасөз беттерінде орталық билікті сынайтын мақалалар жазып, патша үкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізді. Ол патша үкіметіне оппозициядағы партиялардың ұйымдастырған іс-шараларына атсалыса араласты.

1905 жылғы революциялық қозғалыстарға белсенді түрде қатысқан және Жетісу қазақтарының арасында тұңғыш рет азаттық пен бостандық идеясын насихаттап, таратқан «Сын отечества», «Радикал» және «Руский Туркестан» газеттерінің тілшісі Морозовтың басшылығымен, журналист В.Жаботинскиймен Мұхамеджан бірігіп 1905 жылы автономияшыл- федералшылдардың одағын құрды. Тынышбаевтың «Руский Туркестан» газетінде «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндамасының қолжазбасы одақтың құрылтайында тәркіленіп, айып салынды. 1905-1906 жылдары Мұхамеджанды Верныйда тұтқындауға астыртын бұйрық берілген.

Тынышбаев 1905 жылы қарашада өткен автономияшылар одағы ұйымының ұйымдастыруымен өткен съезге қатысып, баяндама жасайды. Онда ол «Қазақтардың жер мәселесі – сөзсіз аса маңызды… Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті: біріншіден, қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, қазақтарды … қауқарсыз тобырға айналдыру; үшіншіден, … ежелгі атақонысынан айыру … қандай қанқұйлы, зымиян мақсат?!» – деп өткір сөйледі. Осы кезден бастап ол қоғамдық- саяси өмірге белсене араласа бастайды. (Ескендірұлы М. «Алаш орда» министрлері.- Алматы, 2008.- 42 б.).
Институтты бітірген соң Мұхамеджан инженер-маман ретінде Орта Азия темір жолы құрлысына қызметке жіберілді.
1907 жылы ол ІІ Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан депутат болып сайланды және онда аграрлық комиссия құрамында қызмет етті. Дума таратылған соң Мұхамджан Орта Азия темір жолы құрлысына айрықша өкілетті нұсқаушы-инженер болып тағайындалып, Әмудария өзені арқылы өтетін көпірді салуға қатысты.

1911 жылы ол Урсатьевск – Әндіжан темір жолы құрлысының бастығы әрі бас инженері болып тағайындалды.
Ал, 1914 жылы Мұхамеджан Арыс-Әулиеата темір жолы құрлысының бас инженері қызметін атқарды.
М.Тынышбаев 1916 жылы 26 маусым жарлығына қарсы шыққан халық көтерлісінің салдарын күні бұрын болжап, көтерлісшілерді сабырлылыққа шақырды. Патша үкіметінің жергілікті билік орындарынан көтерліске шыққан қазақтар мен қырғыздарды жазалауда жасаған озбырлығын әшекерлеуде белсенділік танытты. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен соң ол Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссарының орынбасары болып тағайындалды.
Тынышбаев Алаш қозғалысына белсене араласты. Ол Түркістан өлкесі орталық атқару комитеттері өкілдерінің съезіне қатысты. Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі ретінде Мұхамеджан Жетісу облысындағы 1916 жылы Қытайға ауып кеткен қырғыз босқындарына көмек көрсетуді ұйымдастырды. Тынышбаев І Жалпықазақ съезіне қатысып, онда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Ол Түркістан өлкесінде жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің билікті өз қолына алу жолындағы әрекетіне қарсылық танытты.

Осы жылдары Мұхамеджан Түрістан өлкесі мұсылмандарының төртінші съезіне қатысып, онда құрылған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметінің Төрағасы және Ішкі істер министрі болып сайланды. Екінші Жалпықазақ съезінде Тынышбаев Алашорда үкіметі құрамына сайланды. Мұхамеджан алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге қазақ елі дербестігін қалпына келтіруге, елдің амандығын сақтауға күш салды. Ол осы мақсатта Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков, У.Танашев секілді Алашорда үкіметі мүшелерімен бірге Уақытша Сібір үкіметімен, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелері комитетімен және Колчак үкіметімен келіссөздер жүргізуге қатысты.

Мұхамеджан Жетісу аймағындағы қазақтарды ашаршылықтан, әр түрлі апаттардан құтқару үшін материалдық көмек те ұйымдастырды. 1920 жылы 1 қазанда Ташкент қаласында ашылған Қазақ халық ағарту интитутына Тынышбаев қызметке орналасып, осы оқу орнының аяғынан тік тұрып кетуіне көп еңбек сіңірді. Институт үшін Тынышбаев ел арасынан қаржылай көмек жинауды ұйымдастырды және осы оқу орнында білім алу үшін Сырдария мен Жетісу облыстарынан қазақ жастарын жинастырды. Тынышбаев халық ағарту институтында математика, физика, химия, түркі халықтары тарихы пәндерінен дәріс оқыды. Сонымен қатар ол ғылыми жұмыспен де белсене айналысты.

Тынышбаев Орыс географиялық қоғамының Түркістан бөлімінің, Қазақстанды зерттеу қоғамының, «Талап» ұйымының мүшесі болды. Мұхамеджан «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымының қызметіне де белсене ат салысты.
Тынышбаев халқымыздың тарихының күрделі, бұрын зерттелмеген кезеңдеріне арнап, дерек көздері бай, ғылыми тұрғыдан негізделген ірі еңбектер жазды. Оның тарихты тарең түсіне білгендігі, зерттеушілігі, қазақ халқының өміріне, кейінгі тағдырына әсер еткен ірі оқиғаларды түпқазық етіп алып, жүйелі түрде қарастыруынан байқалады. Бұл пікірге Тынышбаев еңбектеріндегі «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қырғыз-қазақтың шығу тегі», «Қазақ этнонимі туралы», «Алтын Орданың күйреуі және Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Ақтабан шұбырынды» секілді, әр тақырыптағы еңбектері дәлел бола алады. Қазақ тарихының көңе дәуірі, орта ғасырлар кезеңі, жаңа заманы ретінде жеке қарастыратын күрделі мәселелерді кеңінен қамтуға талпынынысы, М.Тынышбаевтың өзіндік қалыптасқан ғылыми көзқарасы бар екендігін аңғартады.
Тынышбаев еңбектері ұлттық мүдде тұрғысында жазылуымен ерекшеленеді. Ол қандай да бір халықтың тарихын жазу үшін сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жетік меңгеру керек деген принципті берік ұстанды және бұл принципті өзге зерттеушілердің де ұстануын талап етті.

1924-1925 жылдары Орыс Географиялық Қоғамының Түркістан бөлімінде жасалған баяндама негізінде Мұхамеджан «Қырғыз-Қазақ халқының тарихына материалдар», оған қосымша ретінде «Қырғыз-Қазақтар XVII және XVIII ғасырларда» деген еңбектері жарық көрді. Оларда М.Тынышбаев қазақ шежіре деректерін орыс, шығыс, қытай деректерімен салыстыра отырып қарастырады. Ол өзі пайдаланған дерекемелерге сыни көзқараспен қарады және оларды ауызша тарихи мәліметтермен үнемі салыстырып отырды. Тынышбаев қырғыз-қазақ халқының тарихы жөнінде айта келе, көп зерттеушілердің ішінде Вельяминов-Зернов пен Левшиннің зерттеулерінің ғана мағналы екендігін атап көрсетіп, қалғандарының олардан құр көшіріп қана қойғандығын айтады.
«Авторлар-дейді, М.Тынышбаев-қырғыздар туралы әр түрлі деректерден «қазақ» деген сөзді ғана іздестіріп, олар әр қилы кезеңде әр түрлі түркі-моңғол тайпалары қосылған негізгі тайпа деп есептеді; солай дей отыра оның ешқайсысыда қазіргі кезеңде бұрыңғы «қазақтардың ұрпақтары қай қырғыз рулары болатынын анықтау мәселесімен айналысқан жоқ». Сондықтан да қазақ халқының әр-бір руының шығу, даму тарихын жете білуді талап етеді. «Қазақ халқының әрбір руынын генеалогиясын алдын-ала зерттемей, сондай-ақ, оның қай кезде кіммен қақтығысқанын анықтап алмай, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы бітімін елестету мүмкін емес»- деп ол әрбір рудың генеалогиясына хронологиялық ретпен қысқаша түрде тоқталып өтеді. (Төлбасиева С. Мұхамеджан Тынышбаев – қазақ шежіресін зерттеуші.// Қазақ тарихы.- 2004.- №1.- 84 б).

Осындай еңбектерінің нәтижесінде инженер М.Тынышбаев тарихшы, өлкетанушы ретінде де көрінеді. Негізі сол заманда ел басқарған Алаш азаматтарының көпшілігіне тән қасиет – әмбебаптық болып табылады. Олар қоғамдық қызметімен қатар қазақ халқының өткен тарихының сан алуан саласына үңіліп, зерттеп, шығармашылық қызметін де қатар ұстанады. Солардын бірі де, бірегейі де-Мұхамеджан Тынышбаев.

ХХ ғасырдың басындағы аласапыран заманға қарамастан М.Тынышбаев ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе береді. Мұхамеджан 1920 жылы қазақ өлкесін зерттеу қоғамын құрушылардың бірі болып «Сана» журналының шығуына атсалысады. Осы журнал бетінде қазақ халқының қамын жеген, мүддесін көздеген зиялы қауымның шығармашылық еңбектері жарық көре бастайды. Солардың қатарында 1923 жылғы 1-ші санында М.Тынышбаевтың «Түрік-моңғол тарихы» деген еңбегі жарық көреді. Онда ХІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығына дейінгі қазақ тайпаларының географиялық орналасуы, құрылымы, өзіне тән қоғамдық мәдени дамуы туралы терең мәлімет береді.

М.Тынышбаев 1925 жылдан бастап Ташкент қаласындағы Орыс Географиялық қоғамы бөліміне мүше болып жүрген кезінде өлкетанушылық этнографиялық зерттеулермен шұғылданады. 1925-1926 жылдары Чулошниковтың «Қазақ-қырғыз тарихының очерктері» еңбегіне М.Тынышбаевтың сын ескертпелері жарық көреді. Осы еңбекте қазақ тарихының көп жағдайда бұрмаланып берілгендігіне төзе алмаған ұлтжанды, ақиқатты сүйетін азамат Чулошниковтың жаңсақ пікірлерін нақты деректер арқылы талдап, саралап береді.
Тынышбаев 1922 жылы Түрістан автономиялы республикасының Су шаруашылығы басқармасында, 1924 жылы Ташкентте Жер суландыру бөлімінде, 1925 жылы Қызылорда қаласының құрылыс-жөндеу жұмыстарында, 1926 жылы Жетісу губерниялық атқару комитетінің жол бөлімінде еңбек етіп, өзін білікті инженер-маман ретінде де таныта білді. Ол әр түрлі қызмет атқара жүріп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қоса білді. Оның еңбегінің екі басты бағытына баса көңіл аудару қажет: біріншісі, қазақ халқының шынайы тарихына қосқан сүбелі үлесі; екіншісі, Түрксіб құрлысына сіңірген еңбегі.
1926 жылы Тұрар Рысқұловтың тікелей ықпал етуімен Мұхамеджан Түркістан-Сібір темір жолын салуға қатысады. Осы құрлыстың жобалаушысы, негізгі маманы болды. Тынышбаевтың кәсіби шеберлігі Түрксіб құрлысын салу барысында айрықша танылды.
Мұхамеджан Тынышбаев бірінші зайыбы Гүлбахрамнан Фатанад-Бану, Фатыма, Ескендір, Дина атты балаларын сүйген. Мамандығы дәрігер Гүлбахрам 1922-1923 жылдардағы қазақ ауылдарын қынадай қырған обаға қарсы санитарлық қосында жүріп көз жұмған.

Гүлбахрам дүниеден өткен соң жеті жылға жуық үйленбей, балаларына қарайлап жүрген Мұхамеджан 1930 жылы құмық қызы Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әлимен көңіл жарастырды. Олардың шаңырағында 1931 жылы Дәулет атты ұлдары дүние есігін ашқан.
.«Ата-анамның отбасылық өмірі көпке созылған жоқ. Ол кісілер 1930 жылдың сәуір айында үйленеді. Мен туғанда әкемді НКВД (Народный комиссариат внутренних дел) қызметкерлері тергеуге алып кетіпті. Сондықтан жаңадан босанған анамды перезентханадан ағасы, ал әкемнің досы Дауд пен нағашы әжем Мағипарваз шығарып алыпты. Туу туралы куәлігімді толтырарда түрмеде жатқан әкем шешеме: «Атын Дәулет деп қойындар. Бірақ фамилиясын Шейх-Әли деп жазындар»,-деген хабар жіберіпті. Анам менің құжаттарымды міне, әкемнің сол ақылы бойынша толтыртқан. Ол кісі мені осылай аман алып қалғысы келген шығар. Сонымен құжат бойынша: туған жерім – Алматы. Өмірге келген кезім – 1931. Ұлтым – қазақ. Тегім – Мұхамеджанұлы. Ал, фамилиям-Шейх-Әли» – деп еске алады ұлы Дәулет Шейх-Әли. ( Мұхаметжан Тынышпаев.// Жас Алаш.- 2011.- 20 қаңтар.- 3 б.).
Осы еңбектеріне қарамастан Тынышбаев Кеңестік биліктің қуғын-сүргініне ұшырап, Түрксібті салып жатқан кезінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқындалып, 1931 жылдың көктемінде түрмеден босаған. Жылға жуық тыныш өмір сұрген оны 1932 жылы қайта тұтқындап, бес жылға Воронежге жер аударған. Жаза кесімін өтеп, ол 1937 жылы Ресейдің қара топырақсыз аймағынан босап, Уфа қаласынадағы отбасына қосылады.

Жер аударылу мерзімі аяқталған соң, М.Тынышбаев қуғын-сүргінің мұнымен аяқталмайтынын жақсы түсініп, зайыбы мен баласын Уфа қаласындағы Әмина Ибрагимқызының туыстарына жібереді. Өзі Батыс Қазақстанның территориясы арқылы Ташкентке, үлкен қызы Фатанад-Бануға келеді. Мұхамеджан Ташкентте көп аялдамай, Қандыағаш – Гурьев темір жолы құрлысына жұмысқа орналасады. Бірақ ол денсаулығының нашарлауына байланысты ұзамай Ташкентке қайтып оралады.
1937 жылы 21 сәуір күні Мұхамеджан Тынышбаевты Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқынға алады. Оған «тап жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылып, 1938 жылы Ташкент түрмесінде ату жазасына кесілген.
Қызы Фатымаға айтқанындай: «Мен өмірімде адал еңбек етуден жалыққан жоқпын. Бар мақсатым халқымды оятып, жарқын өмірге бастау еді»- дегендей М.Тынышбаев халқының есінде осындай сипатта қала бермекші. (Ескендірұлы М. «Алаш орда» министрлері».- Алматы, 2008.- 43 б.)

Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына Тынышбаев есімі берілген. Алматы облысы Сарқант ауданындағы бір ауыл және Алматы қаласындағы бір көше Тынышбаев есімімен аталады.
Аз өмір сүрсе де қазақ халқы үшін көп еңбек сіңірген, туған халқы үшін жанын пида еткен Мұхамеджан Тынышбаев қазақ халқынның есінде мәңгі қалады.

Әдебиеттер:

  1. Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.335-337;
    2. Алаш қозғалысы. Т.2. – Алматы: Алаш баспасы, 2005. – б. 31-33; 315-321; 420-422
    3. Жұртбай Т. «Қазақ ауылына – азаматтық соғыс жариялады!..» // Ақиқат.- 2010.- №10.- 41 б.;
    4. Мұхаметжан Тынышпаев // Жас Алаш.- 2011.- 20 қаңтар.- 3 б.;
    5. Нұрпейіс К. Тарихи тұлғалар.- Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2007.- б. 334-339;
    6. Тарихи тұлғалар / Құраст. Б. Тоғысбаев, А. Сужикова. – Алматы: Алматы кітап баспасы, 2012. – б.63-65
    7. Тоғысбайұлы Б. Тынышбаев пен Голощекин // Парасат.- 2007. -№4.- 24-27 б.;
    8. Төлбасиева С. Мұхаметжан Тынышбаев – Қазақ шежіресін зерттеуші // Қазақ тарихы.- 2004.- №1.- 83-86 б.

Фото: adyrna.kz

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.