Түркістан облысы

Түркістанда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды

Түркістанда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды. Қатысуға 80-ге жуық компания өтінім берді. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, өңір тауарөндірушілерінің жұмысын жоғары бағалады, деп newsroom.kz хабарлайды.

– Кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін Үкімет тарапынан бірқатар бағдарламалар қабылданды. Осындай іс-шаралардың бірі – «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсы. Бүгінгі көрме-конкурсының өткізілуі инвестициялық жобаларды және технологияларды енгізу арқылы қазақстандық жаңа брендтерді арттырады. Өнеркәсіп тауарларын сатып ала отырып, отандық тауар өндірушісін қолдап, жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береміз. Қазіргі таңда облыста шығарылатын көптеген өнім түрлері бойынша республиканың ішкі нарығын толықтыруға мүмкіндігіміз мол. Өңірлік кезеңнің лауреаттары біздің облысты республикалық көрме-байқауда көрсетеді, – деді Өмірзақ Шөкеев.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов пен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков те көрменің маңыздылығын атап өтті.

80-нен астам өндірушілер қатысқан көрмеде отандық өндіріс тауарларының үздік үлгілері ұсынылды: тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдері, қайта өңдеу және құрылыс саласы, өнеркәсіптік жабдықтар. Арнайы байқау комиссиясы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады. Байқау-көрменің қонақтары мен қатысушылары түркістандық өндірушілердің өнімімен танысып қана қоймай, оны сатып алды. Түрлі өнімдер – ет, сүт, нан және кондитерлік өнімдер, халық тұтынатын тауарлар, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары және тағы басқа заттар төмендетілген бағамен ұсынылды. Сондай-ақ көрме қонақтарына лотерея ұйымдастырылып, онда бағалы сыйлықтар ойнатылды.

Талқылаудан кейін бизнес өкілдері, уәкілетті органдар кірген байқау комиссиясы тоғыз лауреатты анықтады. Жеңімпаздарды облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Өңірлік кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов, сондай-ақ ӨКП директоры Тимур Нақыпбеков марапаттады. Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Хабибулла-Ата» ЖК, «ART Boilers» ЖШС жеңіске жетті.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында «SEM BRAND» ЖК, «Арай» ӨК, «Арыс Минералды Су» ЖШС топ жарса, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «Бөрте милка» ЖШС, «Хамит» АТК және «Көрік» ЖШС жеңіп алды. Өзге де аталымдар бойынша үздіктер анықталды. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады. Жалпы байқау дипломанттары «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының эмблемасымен және дипломдарымен марапатталды. Олар байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта төрт жыл бойы пайдалану құқығына ие болады.

Түркістан төріндегі байқау облыста шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамып келе жатқанын аңғартты. Өңірлік іріктеу жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін республикалық байқауға қатысады. «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауы биыл күзде өтеді деп жоспарланған.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Алтын сапа» Президент сыйлығын алуға арналған байқау және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы туралы» 2006 жылғы 9 қазандағы №194 Жарлығына сәйкес, елімізде жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық және өңірлік көрме-байқауы өткізіледі.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ» КӨРМЕ-БАЙҚАУЫНЫҢ МАҚСАТТАРЫ:

  • жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру;
  • Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу;
  • отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау және оған жәрдемдесу;
  • сапа проблемаларын шешу қажеттілігіне өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аудару;
  • халық арасында сапа идеясын кеңінен таныту болып табылады.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы үш номинация бойынша жүргізіледі:

  1. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
  2. «Халық тұтынатын үздік тауарлар»;
  3. «Үздік азық-түлік тауарлары».

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.