Түркістан облысы

Облыс орталығына айналған Түркістанда не өзгерді?

Түркiстан түркi жұрты ғана емес, дүние жүзi туристерi келетiн шаһар.

Тәуелсіздік жылдарында Түркістан облысының өмір сүру деңгейі айтарлықтай өсті. Мәселен, 30 жылда жергілікті халық саны екі есеге артып, 200 мыңнан асты.

Осының өзі халықтың әл-уқатының жақсарып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың біраз түзеліп қалғандығының бір дәлелі. Ал, соңғы үш жылда аталған аймақтың келбеті мүлдем өзгерді. 2018 жылғы 19 маусымда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы жарлыққа қол қойып, былай деген еді:

«Ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси және рухани өмірінің өзегі болған Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығына айналады».

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің» РМҚК баспасөз маманы Мадина Сабырдың сөзінше, тарихи қала Түркістанның облыс ортылығына айналуы да тәуелсіз Қазақстанның бір жетістігі.

«Бұл тарихи кезеңде еліміздің алған асулары, қол жеткізген табыстары аз емес. Тарихы терең Түркістан қаласы кеңестік кезеңде аудан орталығы дәрежесіндегі шағын қала болып келген болса, тәуелсіздігімізге қол жеткізілуімен тарихи бағасын алды. Қаланың 1500 жылдық мерейтойы тойланды, еліміз ғана емес түркі дүниесіне ортақ «Рухани астана» мәртебесіне ие болды. Облыс орталығына айналды», – деді ол.

Оның сөзінше, қорық-музей қоры да тәуелсіздік жылдары толығып, төрт ғылыми классификацияланған топқа бөлінген 25 мыңнан аса жәдігері бар. 2000 жылдан бері қорық-музей ғалымдары әзірлеген 100-ден аса ғылыми-танымдық еңбектер жарық көрген.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі құрамында бүгінгі таңда Түркістан қаласы және Кентау қаласына қарасты 12 ауылдық округ аумағында орналасқан 99 тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған. Оның ішінде Халықаралық және Республикалық маңызы бар 1 ескерткіш, Республикалық маңызы бар 18 ескерткіш, жергілікті маңызы бар 7 ескерткіш бар. 73 ескерткіш алдын-ала есепке алу тізіміне алынған», – деп атап өтті Мадина Сабыр.

Осылайша, Түркістан мәдени-рухани жағынан бөлек, әкімшілік мәртебеге де ие болғанын атап өткен жөн. Содан бері аудан-қалаларда жаңа көпқабатты үйлер мен әлеуметтік, мәдени нысандар бой көтерді. Соңғы екі жылдың өзінде 48 көпқабатты тұрғын үй салынған. Облыс әкімінің мәліметінше, биыл жыл соңына дейін тағы 66 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Тұңғыш Пpезидент саябағы, Н.Назаpбаев аллеясы (Аpбат), желiлiк саябақтаp, гүлзаpлаp, Х.А.Яссауи мен Pәбия Сұлтан Бегим кесенелеpiн қалпына келтipіліп, Әзipет Сұлтан қоpық мұpажайының аумағы абаттандыpылған. Күлтөбе көне қонысының таpихи оpындаpын қалпына келтipу жұмыстаpы жүргізілген.

Бұдан бөлек, жеке салымшылаp есебiнен «Кеpуен – Саpай» кешенi, халықаpалық стандаpтқа сай «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan», «НұpӘлем» қонақ үйлеpi сынды ipi жобалаp салынып, оның «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan» қонақ үйлеpiнiң құрылысы толығымен бiттi. Сонымен бiрге, Түpкiстан шаһаpына аpхитектуpалық көpiк беpетiн шығыс стилiндегi көп функционалды заманауи туpистiк жобалаpдың бipi «Кеpуен – Саpай» кешенi де пайдаланылуға берiлiп, қала тұрғындары мен қонақтары көңiлiнен шықты.

Ал, әлеуметтік қолдау саласындағы реформалардың арқасында 30 жыл ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі тиісінше 60,9%-дан 10%-ға дейін қысқарған. Жұмыссыздық деңгейі 14,3%-дан 5,1%-ға дейін, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 16,2%-дан 3,7%-ға төмендеді.

Түркістан облысқа айналған соңғы 3 жылда облыс экономикасына 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 5 есеге артқан. Жалпы, облыс құрылғалы бері құны 396 млрд теңгеге 6 300 жұмыс орнын ашуға себеп болған 114 инвестициялық жоба іске қосылды. Биылғы 10 айда инвестиция көлемі 479 млрд теңгені құраған. Осының өзі өңірдегі құрылыс, бизнес, туризм саласының дамып жатқанының айғағы.

Жалпы, тәуелсіздік алған жылдары өңірдегі көптеген кәсіпорынның жұмысы тоқтап қалды. Кәсіпсіз қалған тұрғындарды жұмыспен қамту үшін сауда және бизнес саласын жолға қою бойынша іс-шаралар қолға алынды. Сөйтіп, өңірде шағын және орта бизнесті дамыту жолға қойылды. Нәтижесінде, кәсіпкерліктің   саны 30 жылдың ішінде 1,4 млн-ға жетті. Бүгінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін Түркістан өңірі үшінші орында тұр. Мемлекеттің қолдау бағдарламалары арқасында аймақтағы кәсіпкерлер 282 млрд теңгеге жеңілдетілген несие алған. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, 41,7 млрд теңгеге 310 жоба мақұлданып, олардың саны мен жүзеге асуы бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр. Сонымен бірге, өңірдегі білім саласына тоқталсақ, өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептің мәселесін шешу мақсатында биыл облыста 78 мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. 2025 жылға қарай 130 жаңа мектеп салу жоспарланған, оның ішінде биыл 47 мектеп салыну күн тәртібіне енгізілген.

Негізі Түркістан қаласының туристік орталық ретінде қалыптасып, дамуына экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Ол «Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игіліктерді сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр» дей келе, қазақтың рухани астанасы Түркістан қаласын туристік аймаққа айналдырып, әлеуетін арттыруға тапсырма берген еді. Бүгінде Орталық Азия мен еліміздегі теңдессiз тарихи жәдiгер Қожа Ахмет Яссауи кесенесi орналасқан қасиеттi мекен рухани-мәдени және туризм саласында қарыштап дамып келеді.

Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің» РМҚК баспасөз маманы Мадина Сабырдың айтуынша, өңірдегі туризм саласының дамуында қорық-музейдің де атқарып отырған рөлі зор. Бүгінде жоспарлы түрде жұмыстарын жалғастырып жатыр.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Үкаша ата тарихи ескерткіші жанынан «Үкаша ата музейі» ашылды. Рабия Бегім Сұлтан кесенесі музейлендіріліп, ақпараттық мәліметтер қойылды. Халықаралық маңызы бар ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи келбетін қайта жандандыру жұмыстары аясында, Қазандық бөлмесінде орналасқан Тайқазанның айналасындағы лаухалар тарихи орнына орналастырылды, ортағасырлық кітапхана бөлмесі де тарихи қызметіне кірісті. Сондай-ақ, Ақ Сарай бөлмесі де музейлендірілді, кесененің басты жәдігерлерлерінің бірі ортағасырлық аспалы шырағданды өз орнына орнатылды. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі  биылғы жылы да осы үдерісті жалғастырып, Жолбарыс хан дәлізінің тарихи келбетін жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыратын болады», – деді Мадина Сабыр.

Оның мәліметінше, «Әзірет Сұлтан» қорық музейі – Қазақстан Республикасындағы ең көп келушілері бар музейлердің бірі. 2018 жылы – 1 млн 098 мың адам келсе, 2019 жылы – 1 млн 148 мың адам келген. 2020 жылы карантин талаптарына сай музей келушілер үшін уақытша жабық болды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша келушілер саны 1,5 млн адамды құрайды деп күтілуде.

«Өткен жылдары «100 аңыз» экспедициясы ұйымдастырылып жұмыс жасаса, 2020 жылдан «Ясауи ізімен» жобасы өз жұмысын бастап, жалғастыруда. Биылғы жылы Сауран қалашығы, Гаухар ана кесенесі маңында «Сапар орталықтарының» құрылыстары басталады деп күтілуде. Бұл жағдайлар туристер санын арттырудың кепілі болады деп ойлаймыз», – деп пікір білдірді баспасөз маманы.

Жалпы, облыс әкімдігінің хабарлауынша, Түркістан қаласын дамытудың алғашқы кезеңі сәтті аяқталған. Енді  2-кезеңіне белгіленген жұмыстар іске асады.  Облыс әкімдігінің мәліметінше, инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77%-ы жеке инвестициялар. Жаңа   Кешенді   жоспарды   іске   асыру    нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жеткізіледі.

Екiншi кезең бойынша Түркiстан қаласын одан ары қарай дамыту 4 аумақта жүреді. Әйежай аумағында 12 жоба іске асырылмақ. Оның ішінде, 100 орындық қонақ үй, 3 самолетке арналған ангар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. Сонымен бірге, әкімшілік-іскерлік бағытта 57 жобаны салу жоспарлануда. Атап айтқанда, теннис орталығы, мұз сарайы, ат- спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымы.

Сондай-ақ, 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 46 мың пәтер пайдалануға беру жоспарланған. Ал, денсаулық сақтау саласында 570 орындық көп бейiнді аурухана, жедел медициналық жәрдем станциясы, және Ана мен бала орталығы салынады.

Сонымен бірге, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Бұдан бөлек, Керуен Сарай тұрғын үй кешені, Аманат коттеджі қалашығы, Medina Palace қонақ үйі, Хилует мәдени-рухани орталығы салынады.

Осылайша, дамудың жаңа сатысына көтерiлген Түркiстанның жаңа мәдени-әлеуметтiк және әкiмшiлiк орталығында түрлi ғимараттар бой түзеп келедi. Ендi Түркiстан түркi жұрты ғана емес, дүние жүзi туристерi келетiн шаһарға айналмақ.

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.