Түркістан облысы

Түркістан: Сайрамда «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері марапатталды

Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев көпбалалы аналармен кездесті. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, кездесу барысында аудан әкімі атынан көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен құттықтап, салтанатты түрде табыс етті, деп newsroom.kz хабарлайды.

– Құрметті көпбалалы аналар, аяулы жандар, ардақты аналар! Сіздер үшін бүгін қос бірдей қуанышты күн. Марапаттарыңыз Білім күні мерекесімен қатар келіп тұр. Биыл ауданымызда мектептің табалдырығын 5 мыңнан аса оқушы аттады. Өткен жылға қарағанда оқушы саны артуда. Осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырған сіздердің үлестеріңіз бен өлшеусіз еңбектеріңіздің арқасында деп білемін. Жыл сайын көпбалалы аналар мен балаларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қамқорлықтар көрсетіліп келеді. «Отан отбасынан басталады» демекші, сіздер ұрпақты дүниеге әкеліп, мейірім сыйлап, үлкен азамат етіп өсіріп отырсыздар. Отбасыдан бөлек, сіздердің араларыңызда қоғамда түрлі салада еңбек етіп жүрген аналар бар. Өздеріңізге алғысымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға баянды бақыт, таусылмас қуаныш пен жақсылық тілеймін. Ұл-қыздарыңыздың қызығын көріңіздер. Мемлекеттік наградаларыңыз құтты болсын! – деді Мадияр Мұхтарұлы.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 25 шілдедегі №969 Жарлығына сәйкес, жалпы 62 көпбалалы ана марапатталды. Марапатталғандардың ішінде басым көпшілігі үй шаруасындағы аналар. Ақсукент ауылынан 29, Ақбұлақ ауылынан 11, Арыс ауылынан 10, Қарасу ауылынан 8, Жібек жолы ауылынан 4 ана болды.

Іс-шара соңында алтын құрсақты аналар аудан басшылығына өз ризашылықтарын жеткізді.

Айта кетейік, Сайрам ауданы — Түркістан облысындағы ең ірі аудандардың бірі болып саналады. Аудан орталығы – Ақсукент. 1928 жылы құрылған. Жерінің аумағы 1,7 мың км² (облыстың 1,4%). Тұрғындар саны – 207 948 адам (2019). Халқының негізгі бөлігі өзбектер – 71,26%, қазақтар – 21,66%, орыстар – 2,31, түріктер – 2,18%, күрдтер – 0,87%, әзірбайжандар – 0,55%, басқа ұлт өкілдері – 1,17%. Орналасу тығыздығы орташа есеппен 1 км2-ге 135 адамнан келеді (облыстағы халқы ең тығыз орналасқан ауданның бірі). Ірі елді мекендері (2003): Ақсу ауылы (26,4 мың адам), Манкент (25,2), Қарабұлақ (32,8), Сайрам (28,3), Қарасу (8,1), Базарқақпа (5,8), Көлкент (5,5), Қаратөбе (4,9), Қожақорған (4,7), Тассай (4,3), Ақсуабат (3,9), Көмешбұлақ (3,9), Бадам (3,9), Қарабастау (3,8), Ақбұлақ (3,5), Бадам (3,1), Мәртөбе (3,0) ауылдары. ӨК, ЖШС, АҚ және 4739 шаруа қожалықтары ұйымдастырылды. Аудандағы ірі кәсіпорындар: «Манкентсельмаш» АҚ – ауылы шаруашылық машиналарын, «Жер-Ана» ЖШС – жеміс-көкөніс консервілерін, «Арай» ЖШС – өсімдік майын, «Оңтүстік құс» АҚ – жұмыртқа, жұмыртқа ұнтағы, құс еті, құс етінен жасалған шұжық, «Ақсу» ӨК – ауылы шаруашылық өнімдерін өндіреді. Кірпіш завоты жұмыс істейді. 2003 жылдары аудан кәсіпорындары 4316,6 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдерін, соның ішінде 117 т ет және құс еті өнімдері, 4797 т өсімдік майы және тоң майын, 35,8 мың т дәннен және өсімдіктен алынған ұн, 41,4 мың т ауылы шаруашылық малдары үшін дайын жем, 38,6 мың л жүзім шарабы, 73,6 мың л шырындар өндірді. Аудан ет-сүт өндіру, шошқа, құс өсіруге мамандандырылған. ауылы шаруашылық тауарын өндіруде облыс бойынша 8,4%-ды құрайды. Облыстағы ірі қара малдың 18,4%, сиырдың 14,7%, қой мен ешкінің – 6,4%, шошқаның – 30,1%, жылқының –13,4% өсіріледі. С. ауылының ауылы шаруашылық жалпы өнімінің 44,1%-ын ет, сүт, жұмыртқа өндірісі құрайды. Ауданда облыстағы бидай егістігінің 15,1%, арпаның 10,65%, қант қызылшасының 87,0%, мақсарының 14,5%, картоптың 17,3%, көкөністің 14,8%, жеміс-жидектің 21,2%, жүзімдіктің 17,8% орналасқан. ауылы шаруашылық жалпы өнімінің құрылымындағы 19,5% – көкөніс, 12,9% – дәнді дақыл, 6,6% – картоп өндірісінің үлесіне тиеді. Ауданда жылдан жылға өнеркәсіп саласы жақсы дамып келеді. Ауыл шаруашылығына арналған машиналар және оларды күрделі жөндеуден өткізу, оларға керекті қосалқы бөлшектер шығару, көкөніс түрлерінен консервілер дайындау, шарап өнімдерін, түрлі үлгідегі электродтар жасайтын, спирт өндірісі, құс еті, жұмыртқа өндірісі және басқа да өнеркәсіп тауарларын шығаратын, қайта өңдейтін өндіріс орындары жұмыс істейді. 2007 жылдың 6 айында ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары қолданыстағы бағамен, шағын, қосалқы кәсіпорындар мен үй шаруашылығы секторын қосқанда 3 миллиард 518 миллион теңгенің өнімін өндіріп, 2006 жылдың 6 айымен салыстырғанда 590 миллион теңгеге артық немесе 120%-ды құрады. Ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындарында 1 млрд. 856 млн.теңгенің, шағын және қосалқы кәсіпорындарда (үй шаруашылығы секторын қосқанда) 1 млрд. 662 млн.теңгенің өнімі өндірілді. 2007 жылдың 6 айында ауданның өнеркәсіп саласында өнеркәсіптік өнім өндіретін 44-тен аса түрлі меншіктегі ірі, орта және кіші кәсіпорындар жұмыс атқарып, аудан халқының 33 пайызға жуығын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру жөніндегі 2006-2008 жылдарға арналған іс шаралар жоспары туралы» №609 қаулысына сәйкес «Оңтүстік Қазақстан облысының 2006-2008 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында Тассай ауыл округіне қарасты Қызыл-сай елді мекенінде айына 45 тонна макарон өнімдерін шығаратын «Арай-астық» ЖШС-і іске қосылып, 79 жаңа жұмыс орны ашылса, маусым айында бұл мекеме 18 жаңа жұмыс орнына кеңейтіліп отыр. Сайрам ауыл округінде жылына 25 мың дана жылыту жүйелеріне және су құбырларына арналған полипропилен трубалар шығаратын «ПАМИР-С» ЖШС-і іске қосылып, 30 жаңа жұмыс орны ашылды.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.