Сайрам ауданы

Сайрам қалашығы

«Көне дүние күмбірі» айдарынан Қожа Ахмет Ясауидің кіндік қаны тамған топырақ Сайрамның тарихы жайлы таныса аласыздар.

Сайрамның тарихи аты – Исфиджаб. Оңтүстік Қазақстанның орта ғасырдағы ірі қалаларының бірі. 1,5 мың жылдық тарихы бар Сайрам шаһары қазақ халқының материалды және рухани қазынасы.

XV-XVIII ғасырларда қазақ хандықтары кезінде Сайрам ірі сауда, қолөнер және діни орталық болған. Исфиджаб – Оңтүстік Қазақстан облысының орта ғасырдағы ірі қалаларының бірі. Қазіргі Сайрам ауылының оңтүстік-батысында, Шымкент қаласынан 12 километр жерде орналасқан. Орта ғасыр дәуіріндегі Исфиджаб (Сайрам) X ғасырмен XIII ғасырдың бас кезінде Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі қалаға айналған. Исфиджаб округі Сырдария бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран мен Янгикент қалаларын және Қаратаудың солтүстік бөктеріндегі Баладж бен Берукей қалаларын, Жетісудың Тараз, Құлан, Мирки (Мерке), Суяб қалаларын қамтыды.

Сайрам жөнінде ең алғаш рет 629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында кездеседі, мұнда Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген. Сайрам жайлы мәлімет Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат аттүрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. Исфиджаб қалашығы туралы зерттеу жұмыстарын 1923 жылдары П.П. Иванов, 1925 жылдары М.Е. Массон, 1947 жылдары Н. Бернштам басқарған. Олардың археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінен қаланың бірнеше қақпа дуалынан тұрғанын байқаймыз.

Исфиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, құлдыққа әкетіліп жатты. Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі Бұхара қақпасы арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған Нуджкет қақпасы Талас аңғарына орналасқан Дех Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек.

Бұл шағын қалашық алқаптық тура даламен шектесетін шекарасында тұрды да, ет пен мал саудасы сол арқылы жүрді. Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына қарай жақсы бекініс салған. XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме-и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфахани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігін қоршаған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас; оны айнала қазылған ордың тереңдігі сонша, одан аттауға қазақтың аяғы да бармас».

Қала және оның аймағын жергілікті түркі тайпалары биледі. Исфиджаб аймағы өте үлкен болды. Оның шекарасы солтүстік-батыста Сауранға дейін, ал шығыста Талас аймағына дейін созылды. Исфиджаб аймағына саманилер арқылы мұсылман діні тарады да, енді ол оңтүстіктегі ірі сауда және мәдениет орталығы ғана емес, сонымен қатар үлкен діни орталыққа айнала бастады. Х ғасырдың ақырында, яғни 990 жылы Исфиджаб Қарахан мемлекетінің қарамағына енді. Қарахан әскері болса, саманилерді Исфиджаб аймағынан түгелдей ығыстырды. Сайрам тек сауда жолдарын ғана емес, сонымен бірге ортаазиялық иеліктерге және Қазақ даласына қарай оңтүстікке өтетін өткелдерді де бақылауға ұстаған маңызды стратегиялық орталық болды. Сондықтан болар, деректер көрсетіп отырғанындай, Сайрамды жеке иелену үшін қазақ пен өзбек феодалдары өзара үздіксіз арпалысып келген. Сайрам халқының этникалық құрамы әр түрлі болатын. Қалалықтар құрамында иранша да, түрікше де сөйлей алатын ежелгі қалалық тұрғындар әулеті де, сондай-ақ қалада тұрақты отырықшылана бастаған көшпенділер де бар еді. Орта ғасырдың аяқ шеніндегі қалалар, сол бұрынғысынша, саяси экономикалық және мәдени орталықтар болып қалды әрі Қазақ хандығы өмірінде маңызды роль атқарды.

                                                       «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.