Шымкент қаласы

Ата-әжелер форумы қашан? Шымкентте республикалық ата-аналар форумы өтті

4
(1)

Шымкентте «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты ата-аналар форумы өтті. «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған ауқымды іс-шара Шымкент қаласының әкімдігінің қолдауымен өтті деп жазады newsroom.kz порталы.

Офлайн өткен форумға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Сенімен болашақ» ҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, Түркістан облыстың адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте, ата-аналар мен қала тұрғындары қатысты.
Форумға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова онлайн қосылып, сәттілік тіледі.
«Мұндай бастамалар, ата-аналар форумы – өте маңызды. Бала тәрбиесі – ортақ мүдде. «Ата-ана – мектеп – оқушы» үштігі тығыз қатынаста жұмыс істесе, көп жетістікке жетеріміз сөзсіз. Себебі балаларымыз, оқушылардың білімі мен тәрбиесі ересектердің басты міндет-мақсаты саналады. Форум жұмысына министр Асхат Аймағамбетовтың атынан сәттілік тілеймін!» – деді Шолпан Таңатқызы.

«Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов, әсіресе, пандемия ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарауға болмайтынын, интернет дамыған заманда әр ата-ананың балалардың жанынан әрдайым табылу маңызды екеніне тоқталды әрі «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылу мақсатын да айтып өтті.
«Бұл – «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің 5-ші іс-шарсы. Бала үшін бас ұстаз – ата-ана екенін ескерсек, жақсы ата-ана бола білу де аса жауапты іс. Бірлестіктің мақсаты да ата-аналардың психологиялық-педагогикалық біліктілігін арттыру. Баланың тұлға, кемел адам ретінде қалыптасу жолында маңызды фактор саналатын отбасының, әсіресе, әкелердің бала тәрбиесіне ат салысуына жағдай жасау, насихаттау, сонымен қатар педагогтардың статусын көтеру», – деді «Сенімен Болашақ» РҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов.

Ал Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бала тәрбиесі әр ата-ананың өзіне тікелей байланысты екеніне баса назар аударды.

«Баланы тәрбиелеу үшін алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Қарапайым мысал ретінде айтайын, барлығымызда дерлік ұялы телефон бар. Статистика бойынша адам әр 3 минут сайын сол телефонға қарап қоя береді. Сөйте тұра баласына гаджетке құмар болмауды ескертеді. Ал ол үшін ересек адам алдымен өзі үлгі болуы керек. Оқушылардың жанында мұғалімі 5-6 сағат болса, тәуліктің қалған уақытында ата-анасы болады. Сондықтан ата-ана ретінде жауапкершілікті сезінуіміз керек», – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Форум барысында, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте, Түркістан облыстың адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев сөз алып, бала тәрбиесі жайлы ұсыныстарын ортаға салды.
Пленарлық жиыннан кейін форум түрлі тақырыптағы семинар-тренингтермен жалғасты. Бала тәрбиесі саласындағы коуч-тренерлер Елжас Ертайұлы, Асхан Абжанов, Ғалымбек Бермағанбетов секілді мамандардың тәжірибесі форумға келгендердің көңілінен шықты.

Тренингтер арасында форумға келген қатысушыларды сергіту мақсатында дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Елшібаева және Қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Досымжан Таңатаров өнер көрсетті.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button