Майра Мұхамедқызы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Тасқын Жармұхамедтің «Домалақ ана» операсы қойылымын дайындап жатыр. Бұл туралы Шыңғыс Мұқан есімді қолданушы Facebook парақшасында жазды.
Бұл жаңалық емес, бомба! Әсілі, тәуелсіз Қазақстан тарихында осы уақытқа дейін жалғыз опера жазылған. Әбіш Кекілбаевтың либреттосына жазылған Еркеғали Рахмадиевтің “Абылай ханы”. 2004 жылы Абай атындағы Опера және балет театрында премьерасы болған. Оның өзін Еркеғали ағамыз сонау Кеңес заманында бастаған, 7-8 жыл жазған.
Шыны керек, Майра Мұхамедқызы аз уақытта сахнаға жаңа опера алып шығады деп күтпедім. Әкіміміз Мұрат Әйтеновке шығарам деп уәде берді, шығарды.
Оның үстіне, өзі басты рөлде. Жаңа хабарлассам, текст жаттап жатыр екен. Өзі директор. Мың шаруа. Өткенде жаңбыр жауып шатырынан су кетіп, жөндетіп жатты. Театрдың ауасын тазалап тұратын жүйе ит жылы істен шығыпты. Бір хабарласқанымда демеуші тауып оны істетіп жүрді. Бұрынғы бір зауыттың шұрық тесік мәдениет үйін паналап отырған театрды қанша жерден жамаса да жыртығы таусылмас. Бір көргенімде талапқа шыдас бермеген 40 қызметкер Майраны ортаға алып, салғыласып тұр екен. Сыншыл Шымкент те сүрініп кетсе, қағыта қояды. Оған да үйренген боларсыз.
Байқаймын, Майра ханым екі жылда көрмегенін Шымкентте екі айда көрді.
Бюджетке қарап тиын санаған театрдағы таршылық, жаңа орта, үйренісіп кете қоймаған тұрмыс-тіршілік қажытып жібергенін сезем.
Қажымаңыз. Бәрі өтеді. Артыңызда істелген жұмысыңыз менмұндалап мұра болып қалады. Тарихта қаласыз. Тарихта асылы өзіңіз сияқты іс қуған адам қалса керек. Айтылған сынға ренжімей, қиындыққа қажымай, үндемей істей беріңіз, істей беріңіз, – деп жазады автор.
Естеріңізге салсақ, Майра Мұхамедқызы Шымкентте опера және балет театрының басшысы болып тағайындалған болатын.