ҚоғамШымкент қаласы

Әкімге сеніп үйін қиратқан көпбалалы отбасы контейнерде тұрып жатыр

0
(0)

Шымкентте үйіндегі газ баллоны жарылып баспанасы бұзылған көпбалалы отбасы темір контейнерде өмір сүріп жатыр. Бұл туралы Newsroom+ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жанұяда жалғыз жұмыс істейтін отағасының жұмыссыз қалуы жығылғанға жұдырық болды.

Қазір тауық асырап бірнеше қойды сауып күнелтіп отыр. Ал күйік шалған әйелі және алты қызымен бірге контейнерде тұруына әкімдікті кінәлайды. Себебі, үй жарылған кезде «тездетіп түгел бұз, барынша көмектесеміз» деген уәдесіне сеніп қалған. Қаңтарда газ баллоны жарылып баспанасы бүлінген отбасы содан бері сары контейнерде өмір сүріп жатыр. Аядай темір дүңгіршектің іші қыста суық, жазда қапырық. Бірақ 15 пен 4 жас аралығындағы алты қызын құшақтаған ерлі-зайыпты амалсыз контейнерде тұруға мәжбүр.

Айгүл Тамтаева, көпбалалы ана:

 Тым құрыса өзіміздің үйіміз болса отыратын. Столда отырып жазып, сабағын оқитын еді да. Өзіміздің үйіміз болмағаннан кейін мына жерде қысылып, біреуі сабақ оқып жатса, екіншісі күтіп тұрады.   Үй жарылған кезде денесінің 30 пайызын күйік шалған әйелдің өзі үй шаруасына да қиналады екен. Ас пісіру мен кір жуу қыздардың мойнында. Ал отағасы Қуаныш ауладағы үш қойды сауып, он шақты тауықтың жұмыртқасын сатады. Өйткені ол да жұмыссыз қалған. Газ жарылған кезде әкім-қаралардың сөзіне сеніп үйді қиратып едім, енді өкінем дейді.

 Жаңағы әкімдер кеп үш күнде бұзып таста деді, мына жерде бір затыңды алмайсың деді. Мынаның бәрін шығарып таста, бәріне көмектесіп, бәрін жаңадан, өзің жаңа там соғып аласың деді. Содан солардың сөзіне сеніп, мынаның бәрін бұзып, шығарып тастадым. Енді далада отырмыз, міне. Шынымды айтсам, қиналып кеттім. Жүрегің ауырады. Контейнерде, ыстық жерде жатыр, қыздарымның бәрі. Терлеп жатыр, дейді Қуаныш Сұлтанов.

Көпбалалы отбасының шаңырағы қаңтардың жетісі түнгі сағат үште ортасына түскен. Жарылысқа газ баллонының жарылуы себеп болған. Ол кезде дереу жеткен шенеуніктер көпбалалы жанұяға барынша көмек көрсетеміз, күзге дейін үй де тұрғызып береміз деп сөз берген. Бірақ содан бері бар жасаған жақсылығы – ақпан айында 20 текше метр газоблок түсіріп беріпті. Бірақ онысы да үгітіліп жатыр. Қиын жағдайда қалған отбасына көмектесу Шымкент қалалық құрылыс басқармасына жүктелген. Алты бала үшін уақытша баспанамен қамту керек болған екен. Бірақ олар отағасы Қуаныштың телефонын көптен бері көтермейді екен. Біз телефон шалғанда қаржылай көмек бердік дегенімен, қашан және қанша сома екенін де айта алған жоқ. Сондықтан көпбалалы отбасына қайырымды жандар көмектеспесе, уәде берген шенеуніктерден қайран жоқ сияқты.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button