Маңғыстау облысы

Намысын жігеріне жаныған жан

3.5
(2)

Өмірде бір адамдар болады тұла бойынан, бітім болмысынан бекзадалықпен тектіліктің самалы есіп тұратын. Олармен араласқанда, сөйлескенде өз шекараңды біліп тұрасың. Себебі олардың көңіл көкжиегі кең, пайым-парасаты парықты. Сондықтанда болар олардың мысы әркез сені басып тұрады.

Облыс әкімінің тапсырмасымен 2017 оқу жылының алғашқы қоңырауын Ақтаудағы №5 Нұртас Оңдасынов атындағы орта мектепте қарсы алатын болдық. Себебі алғашқы білім күнінде мектеп ауласынан қоғам қайраткерінің бюсті ашылатын болды. Білім күніне бірнеше күн қалғанда ұйымдастырушылардың бірімен мектеп ауласындағы монументтің маңында жолығатын болып келістік. Келісілген уақытта келсем сұңғыла бойлы сұр айғыр демекші (су жаңа мокрый асфальт Лексус 570) джиптің ішінде келбеті келіскен егделеу кісі отыр екен, барып амандастым. Жылы амандасты. Бірақ көлігінен түспей қолын берді. Аты Ғани Ментайұлы Карин деген кісі екен. Алғашында ішімнен, елдің қамын ойлаған ерлерге ескерткіш салатын, астына көк бестідей керім джип мінген, атағын шығару үшін ақшасын қайда шашарын білмей жүрген бір бай шал-ау деп ойлағаным рас. Көлігінен түспей қолын бергенін тәкәппарлығы шығар деп қабылдадым. «Ескерткіш әдемі шығыпты, тек астындағы жазу тақтайшасын сәл өзгертеміз» – деп қалды ағам.

Сол кездесуден соң Ғани ағамен жиі хабарласып тұрдық. Сұрастыра келе ол кісі хандардың ордасы болған қасиетті Батыс Қазақстан обылысының тумасы екен. Ағайындық жағынан да алыс емес екенбіз. Жастайынан осы майлы қыйян Маңғыстауда қызмет етіп жүргенін айтты. Бозбала шағында болған жол апаты бірнеше жылдардан соң өзінің белгісін беріпті.

Алла Тағала да ағамды денсаулықпен әбден сынаған екен. Алғашқы кездесуде көліктен түспей қол берген ағамның сырын енді ұқтым. Өзімнің ол кісі жайлы ерсі ойлағаным үшін қатты ұялдым. Жиырма сегізге келіп мезгілсіз дүниеден өткен жалғыз ұлдың қазасы да ағамның жүрегінде үлкен сызат түсіріпті.

Ғани ағам өңір халқының әл-ауқатын жетік біледі екен. Облыс басшыларының түгелге жуығымен бірге қызмет атқарған. Қаламы қарымды ағамыз екі тілде бірдей сөйлеп, жазады екен. Үлкен мінбелерде жарияланатын талай лауазымды тұлғалардың баяндамаларының соңғы нүктесін де Ғани аға қоятынын естідім.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тассын» – демекші, елге енді келіп жатырсың, пәтер іздеп әуре болма, ағаңнан көмек болсын, мына менің үш бөлмелі пәтеріме орналас» – деп Ғани ағам үйінің кілтін қолыма ұстатты. «Қазір біреуге әрі отыр десең, қанша бересің» – дейтін заманда, жасаған ағамның мәрттігіне іштей риза болдым.

“Кім екеніңді айтайын досыңды көрсет”- демекші, Ғани ағам достары Бекет Тұрғараев, Мейрам Ахметжановтармен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың Ақтауда бюстінің ашылуына мұрындық болғанын да кейін түсіндім.

Қазақ мұнайының атасы Сафи Өтебаевтың облыс орталығындағы ескерткішінің ашылуында да осы үш достың қолдарының ізі бар. Сафи атамыздың ескерткішінің ашылу салтанатында Бекет Тұрғараев ағамыздың айтқан сөзі әлі есімде: «Мына өмірде тұлғалар тұғырын өздері тұрғызады, ескерткішін елі қояды, жақсылар тек соған мұрындық болады» – деп көпшіліктің көкейіне ой салып еді.

Рас, Ғани ағамыздың достарымен бірге өңірде қандай игі шаралар болса соған мұрындық болып жүретін жақсы қасиетін байқадым. Ғани Ментайұлымен бірге отырсаң ел ағаларының жақсы қасиеттерін айтып, санаңа сүбелі ой салады.

«Өңірді Саламат Мұқашевтың басқарып тұрған тұсы» – деп бастады әңгімесін Ғани ағам бірде: «8-Наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай үлкен жиналыста қаланы жасыл желекпен жайқалтып жүрген ботаникалық бақтың басшысы Алиса Пневаны баяндамасына қосып, елге үлгі қылып біраз мақтап, оның мерейін үстем қылды.

«Ойымда ешнәрсе жоқ, бірнеше айдан соң Пневаны мақтап үлгі қылуға тағы бір үлкен жиналыста оқитын бірінші хатшының баяндамасына қостым» – дейді ағам. Баяндаманың соңғы нұсқасында Пневаның аты-жөнінің сызылып қалғанын байқап, іштей таңдандым. Соны аңғарса керек, Сакең «бұл кісі қатарынан екінші рет мақтауды көтере алмай қалуы мүмкін, әр нәрсенің шегін білуіміз қажет» деді. Саламат ағамыздың сұңғылалығын сол жерде тағы да бір байқадым» – деп ағам мені біраз ойландырып тастады.

Ғани ағамның әзілі де өзіне жарасымды. «Көңіл көкжиегі» атты кітабында жасы біраз үлкен болса да әзілдері жарасқан жерлесі Таңатар туралы «Жаны жайсаң жан» деген әңгімесінде бір күлкілі жайт былай баяндалады: «1999 жылдың наурызы. Мейрамханада жұбайымның мерейтойын атап жатқанбыз. Дастарханға бесбармақ берілер алдында Римма қонақтарға тартылатын қой басының құлақтарының жоқтығын айтып, бас қоймай-ақ қояйық деді. Көп жылдардан бері қонақ шақырғанда қой сойдырып алатын  әзірбайжан жігітіміз мерейтой алдында ауылына кетіп, оның орнына келген жігіт қазақтардың әдет-ғұрыптарын білмегендіктен сойылған екі қойдың да құлақтарын кесіп алып, лақтырып тастаған. Әзірбайжандар солай істейді екен. Маған той басталарда көңіл-күйімді бұзбайын деп айтпаған. Естігенде ренжігенім де рас. Сол сәтте тойға қатысып отырған ел басқарып жүрген азаматтардан Таңатардың бір-ер жас үлкендігі еске түсіп, басты залдың бір шетіндегі үстелде отырған соған ұсыныңыз дедім. Ол бір топ жерлестерімізбен бірге отырған және той алдында оған солардың ішіп-жеп, көңілді отыруын тапсырғанмын. Әрмен қарай не болар екен деп өзім алыстан көз қиығымды салып, бақылап отырдым. Тәкең бастың жарты құйқасын алып, қалғанын жоғарғы үстелде отырғандарға ұсынды. Ол менімен жұмыстас, көп жылдан бері отбасымызбен аралас-құралас болып келе жатырған, елге сыйлы азамат, Таңатарды да, оның аздап «қожанасырлығын» да білетін, Тергеу Айдарханұлының қолына тиді. Бастың қалған құйқалары алынып, көрші отырғандарға берілді. Келесі күні мен оған хабарласып бастың ол кісігі құлақсыз жолданғанын байқағанымды айтқанда, ол «апырай, Таңатар құлақтың біреуін қалдыруды білмей ме екен» деп таңғалды. Сосын Тәкеңе телефон соғып «кеше басты жолдағанда бір құлағын қалдырсаң қайтеді» деп ем, ол бастапқыда «менімше ол баста жалпы құлақ атаулы болмаған сияқты» деп сенімсіздеу күбірледі. Онысын байқап қалған мен «не айтып тұрсың, қалай баста құлақ болмайды» деп тиіскендей болып ем, ол «сен көңілді отырыңдар дегесін мен де көптеу «ұрттап» қойыппын, сондықтан бәрі дәл есімде қалмапты» деп құтылды. Мен әрмен қарай көп қазбаламай «жә, жарар, ыңғайсыздау болғанмен, той ғой ештеңе етпес» деп досымды жұбатқандай боп, мәселе жуып-шайылып, әңгімеге нүкте қойылды.»

Ғани ағаммен қырық жылдан бері аралас-құралас болып келе жатырған жанұялық достары: «Бауырым, сенің ағаң қазақтың немісі. Баратын жерге өзі дәл уақытында барады, бізді де соған үйретті. Сәл кешіксек одан ыңғайсызданатын хәлге жеттік» – деп күледі.

Отасқандарына елу жыл болса да ағам Римма Марданқызы анамызбен кеше ғана жанұя құрған жас жұбайлардай өмір кешуде. Тату-тәтті жұбайлар өмірдің ащысы мен тұщысын, ыстығы мен суығын бірге көруде. Қашан барсаң да Римма анамыздың ақ дастарханы жаюлы. «Ағамның үйі ақ жайлау» деп бүгінде Ақтауға барсақ аунап-қунап қайтамыз. Ағамның жазған кітаптарын оқысаң көңіліңе дем береді.

Зулап жатқан өмір-ай десеңші, Дулат бауырымыздың артында қалған Әлия қарындасымыздың ұзату тойында болғанбыз. Бүгінде Ғани ағамның Асылай шөбересі өсіп келе жатыр. «Орны бар оңалар» деген осы, ағайын. Дина қарындасымыздың ұлы Даниал да үлкен азамат болды.

Тағдырдың маңдайға жазған сынынан сүрінбей өту де кез-келген пенденің пешенесіне жазылмаған. Ғани ағама қарап: «Намысын жігеріне жанып» – деген сөздің мағынасын ұқтым.

Келіп жеткен мерейлі мерекеңізбен, аға! Жетпіс бес жас құтты болсын! Римма анамызбен бақытты өмір сүріп, ұрпақтарыңыздың рахатын бірге көріңіздер. Ғұмырлы болыңыз!  Жүз жасаңыз, Ғани аға!

 

                                                       Мақсат СҚАҚОВ,

Нұр-Сұлтан қаласы

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3.5 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button