Павлодарда жазатайым оқиға салдарынан қаладағы кәсіпорындардың біріндегі темір оюшы қайтыс болды. Ер адамға шөміштен балқыған металл төгіліп кеткен. Агенттіктің мәліметінше, оқиға 8 маусым күні болған.
«Ауруханаға термиялық күйік алған адам түсті. Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде», – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының өкілі Эльмира Темірғалиеваның хабарлауынша, жедел жәрдем түнде шақыртылған. Күйік шалған азамат №1 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Төртінші дәрежелі күйік (денесінің 90 пайызын күйік шалған) диагнозы қойылған 1989 жылы туған ер адам таңғы 5:15-те қайтыс болған. Облыстың еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов марқұм «Кастинг» ЖШС-нің металл кескіші болғанын айтады. Апат шөміштен ыстық металдың төгілуі салдарынан болған. Қапановтың сөзінше, бұл төтенше жағдайға кім кінәлі екенін тексеріс анықтайды. Еске сала кетсек, бұған дейін 3 маусым күні Атырау облысы Қарабатанда салынып жатқан газхимия кешеніндегі «BazisConstruction» ЖШС-нің 23 жұмысшысы асханада түскі астан уланып қалғанын жазған едік. Пациенттерге алдын ала тағамдық токсикоинфекция диагнозы қойылған. Уланғандардың ең кішісі 20 жаста болса, ең үлкені 49-да.
Аталған факті бойынша 304-баптың 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.
