Жамбыл облысы

Полицияның бір күні: Жамбылдағы жүйелі жедел басқару орталығы

0
(0)

Қоғамда ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысына жиі-жиі сын-ескертпе айтылып жатады. Әрине қоғамда қанша адам болса, сонша ой-пікірдің туатыны заңды. Дегенмен кейде сала мамандарының жұмысына байланысты айтылған жекелеген адамдардың қисынға келмейтін көзқарастары, жалған мәлімдемелері қоғамды адастырып, қарапайым халықтың ойын онға, санасын сан-саққа бөледі.

Сондықтан да тыныштығымыздың күзетшісі – полиция қызметкерлерінің қым-қуыт тірлігімен танысып, халықтың көкейіне ұялап қалған күмәнді ойларды сейілту мақсатында Жамбыл облыстық полиция департаментіне арнайы барып, Тараз қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығында бір күнімізді өткіздік.

Аталмыш материал Жамбыл облысының Полиция департаменті «Погондағы журналист» жобасының аясында жазылғанын да айта кетуіміз қажет. 

Таңдауымыз неге патрульдік полицияға немесе атты взводқа емес, жедел басқару орталығына түсті дерсіз. Себебі орталық қызметкерлерінің жауапкершілігіне не кіретіні, қандай жұмыстар атқаратыны көпшілікке бәймәлім. Сол себепті де мамандығымызды өзгерте отырып, орталықтың тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтқанды жөн көрдік.

Сонымен алдын ала уағдаласқанымыздай таңғы сағат 07:45-те облыстық полиция департаменті ғимаратының алдынан табылдық. Жылы шыраймен қарсы алған Тараз қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығының бастығы Әсем Мұхамеджанова амандық-саулықтан кейін ішке қарай жол бастады. Бір күндік қызметтік міндетімізге кіріспес бұрын алдымен аз-кем орталықтың жұмысымен танысып алғанымызды жөн көрген Әсем Біржанқызы бірден әңгімесін бастап кетті.

– Жедел басқару орталығын үш жылдан бері басқарып келемін. Еңбек жолымды орталықта 2012 жылы инспектор-навигатор болып бастадым. Бір жылдан кейін күштер мен құралдарды басқару тобының аға инспекторы болдым. Үш айдан соң курс жетекшісі, одан соң жедел жоспарлау басқармасына ауысып, мұнда аса маңызды тапсырмалар бойынша аға инспектор ретінде 3 жыл жұмыс істедім. 2019 жылдың басында орталықтың бастығы қызметіне тағайындалдым.

Бүгінде орталықта барлығы 74 қызметкер жұмыс істейді. Қызметкерлер тәуліктік кезекшілікке түседі. «102» қоңырауын қабылдайтын операторлар, бейнебақылау камерасының 3 инспекторы және күштер мен құралдарды басқару тобының 4 инспекторы еңбек етуде. Сондай-ақ бейнебақылау камерасының инспекторларының көмегімен әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтайтын келісімшарт негізінде жұмыс жасайтын мамандарымыз бар.

Жалпы облыс орталығы Тараз қаласы полиция басқармасы, №1 полиция басқармасы және №2 полиция басқармасы сынды 3 аумақтан тұрады. Әр аумаққа жауапты бейнебақылау камерасының инспекторы болады. Ал «102» қоңырауын қабылдаған оператор оқиға орын алған аумақты анықтап, күштер мен құралдарды басқару тобының аға инспекторына хабар береді. Аға инспектор өз кезегінде оқиғаны санатына қарай бөліп, полицияның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерін жібереді. Жедел топ оқиға орнына келген соң мән-жайды анықтап, жедел жәрдем немесе өрт сөндіру қызметінің көмегі қажет болса, шақырту жасайды. Полиция қызметіне қатысты барлық жедел ақпарат осында келіп түседі, – дейді Әсем Біржанқызы.

Өткен жылы ғана орталық толығымен жаңғыртудан өтіп, заманауи технологиялар алыныпты. Бұрын қарапайым камералар болса, қазір барлығы цифрлық камераларға ауысқан. Ал цифрлық камералар түсірілімнің сапасының артуына үлкен мүмкіндік берген. Қазіргі таңда 210 бейнебақылау камерасы болса, 203-і цифрлық камера екен. Жедел басқару орталығы 2008 жылы ашылғанда небәрі 12 бейнебақылау камерасы болыпты.

Орталықтағы оң өзгерістерді, заман талабына сай енгізіліп жатқан жаңашылдықтарды ұйып тыңдап келе жатып бейнебақылау камераларын бақылап отыратын жедел залға жеткенімізді байқамай да қалыппыз. Залдағы бейне бір араның ұясындай құжынаған у-шудан құлақ тұнады. Өздеріне жүктелген шаруасымен айналысып жатқан қызметкерлердің бір сәтке болсын мойын бұрып қарауға да мұршасы жоқ секілді.

Әсем Біржанқызы бізді полиция капитаны, орталықтың бейнебақылау инспекторы Данияр Рақымбаевқа табыстағаннан кейін «кешке дейін шыдай алар ма екенсің?» деп жүзімізге жымия қарап, жұмысымызға сәттілік тіледі. Осылайша сағат тілі 09:00-ді соққанда орталықтағы жұмыс күніміз басталды да кетті.

Данияр Баймұратұлы орнымызды көрсетіп, жұмыс үстеліне енді жайғаса бергеніміз сол еді, «102» операторына қоңырау түсіп, шақырту бойынша қандай жағдай орын алғанын анықтауға кірісіп кеттік. Бейнабақылау камерасына үңілгенімізде, белгісіз бір жүргізушінің көлігін тыйым салынған жерге қойып кеткенін, салдарынан сол аумақтағы көлік қозғалысына айтарлықтай кедергісін тигізіп тұрғанын аңғардық. Инспекторлар рация арқылы жақын маңда жүрген патрульдік топты оқиға орнына жіберіп, жағдайды бақылауда ұстап отырды.

– Күнделікті жұмысымыз осылай өрбиді. Біздің қызметте әрбір қоңырауды жедел қабылдап, ондағы мәселе бойынша шұғыл әрекетке көшу үлкен маңызға ие. Дабылға полицияның тез арада жетіп, шағымданушының мәселесін шешуіне бақылау жүргіземіз.

Таңғы сағат 08:00-де жұмысқа келіп, ертесі күнгі таңғы сағат 08:00-ге дейін бір тәулік бойы бейнебақылау камераларын бақылап отырамыз. Бейнебақылау камераларының көмегімен облыс орталығының аса криминогенді аумақтарын нақты уақыт режимінде қадағалап және жасалған барлық құқықбұзушылықтарға назарымызда ұстаймыз. Ең маңыздысы камералардың арқасында қылмыстарды ашуға, дер кезінде тиісті шаралар қолдануға толықтай мүмкіндік бар. Сондай-ақ қоғамдық жерлердегі жедел жағдайдың ахуалына қадағалау жасап, үнемі бақылауда ұстаймыз. Қала бойынша 210 камера болса, қиылыстарда – 103, қоғамдық жерлерде – 71, оқу орындарында – 13, «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша – 20 және УЖД түзету мекемелерінде – 3 камера орнатылған. Камералар үш жазықтықта 360 градусқа айналады. Сонымен қатар 800 метр қашықтықтағы нысанды жақындатып және айқындауға мүмкіндік береді, – дейді Д.Рақымбаев.

Мұндағы соңғы үлгідегі заманауи камералар арқылы Тараз қаласы көз алдымызда тұрғандай болды. 210 камераның бірін таңдасаңыз болғаны, орнатылған аумағында қандай жағдай орын алып жатқанын бес саусағыңыздай біліп отыра аласыз. Айта кету керек, әр камераның 5 саннан тұратын арнайы нөмірі бар. Мәселен Абай даңғылы мен Төле би даңғылы қиылысында орналасқан камераны бақылау үшін 70005 санын терсеңіз жеткілікті. Әрине 210 камераның санының бәрін бірдей жаттап алу қиын көрінуі мүмкін. Дегенмен орталықтағы әр инспектор 210 камераның нөмірін жатқа біледі. Қандай да бір жағдай орын ала қалса уақыт жоғалтып камераны іздеп, әуре-сарсаңға түсіп жатпай, нөмірді теріп, дереу әрекетке көшеді.

– Әрине жұмысымыз оңай емес. Үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бір сәт мүлгіп кетуге, қателік жіберуге болмайды. Біздің бір ғана қателігіміз, салғырттығымыз басқа бір тұрғынның өміріне қауіп төндіруі немесе басқа да оқыс оқиғаның орын алуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан қала тұрғындарының алаңсыз күн кешіп, тыныштығымызды сақтау үшін сауысқандай сақ болуымыз керек, – деп әңгімесін бір қайырған Данияр Рақымбаев алдымыздағы бейнебақылау камерасына үңілді. Қарауы сол екен, «BMW» маркалы көліктің Жамбыл даңғылы мен Ы.Сүлейменов көшесінің қиылысында орналасқан бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткенін байқап қалды. Лезде патрульдік топ жіберіліп, рация арқылы көліктің бағыты сәт сайын хабарланып отырды. Нәтижесінде ережені елемеген әрі аса жоғары жылдамдықпен жүйткіп бара жатқан көлік жүргізушісі Жамбыл даңғылы мен Сәтпаев көшесінің қиылысында тоқтатылды.

Бірте-бірте жұмысымыз көбейе түскен сайын Данияр Баймұратұлымен тілдесуіміздің өзі мұң болды. Сәт сайын қоңырау шалу көбейіп, камераларға көз алмай қарап отыруға тура келді. Шынымызды айтсақ, уақыт өте келе алғашқы қарқынымыз басылып, жұмысына әбден ысылған, тәжірибесі толысқан инспекторлардың қарқынына ілесе алмай қалдық. Түскі үзіліске дейінгі бір сағатқа жуық уақытымыз осылайша инспекторлардың жұмысын тек сырттай бақылап отырумен өтті.

Түскі үзіліске жарты-ақ сағат уақыт берілетіндіктен мұндағы қызметкерлердің кафе, ресторандарға барып түстенуге мүмкіншілігі де жоқ. Сондықтан түскі, кешкі астарын өздерімен бірге ала келіп, жарты сағатта ас ішіп, әл жинап, қайта компьютер алдына жайғасады.

Ал түскі үзілістен кейін жедел басқару орталығының «102» операторларының жұмысымен танысқымыз келгенімен біршама уақыт күтуге тура келді. Телефонға тыным жоқ. Бір тұрғын көршісіне шағымданса, енді бірі тапа тал түсте көлігін ұрлап кеткенін, тағы бірі отбасылық жанжалға байланысты хабарласып жатты. Қоңыраулар азая бастағанда ғана өзін Назира Мамбетова деп таныстырған «102» операторы уақытының тығыздығына, жұмысының көптігіне байланысты жұмысы туралы баяндай жөнелді.

– Операторлардың ең негізгі міндеті – түскен қоңырауларды қабылдау. Кез келген тұрғын хабарласса алдымен аты-жөнін, мекенжайын, одан кейін оқиға бойынша анық-қанығын сұраймыз. Сөйлесуге бес минут уақыт беріледі. Бес минутта тұрғынның шағымы бойынша барлық мәліметті тіркеп үлгеруіміз керек. Анықталған мәліметтердің барлығын сол мезетте карточкаға тіркеп, инспекторларға жолдаймыз. Одан кейін инспекторлар патрульдік экипаж жібереді.

Қоңырау отбасылық жанжалға, қоғамдық тәртіпке байланысты өте көп түседі. Тәулік сайын операторлар 600 қоңырауға дейін қабылдайды, – дейді Н.Мамбетова.

Назира Батырбекқызының айтуынша, «102»-ге түскен соңғы қоңыраудың бірі көлік ұрлығына байланысты екен. Ал орталықтың инспектор-навигаторы Назгүл Қожаева көлік ұрлығы «Автоураган» ақпараттық-бағдарламалық кешеніннің көмегімен ашылғанын жеткізді.

– Осыдан жарты сағат бұрын «102» операторына түскен қоңырау бойынша бірден іске кірістік. Хабарласқан ер азамат ықшамаудандағы тұраққа көлігін қойып, араға 15-25 минут салып қайта келгенде жоқ екенін байқаған. Бірден «102» операторына қоңырау шалған. Ал орталық мамандары «Автоураган» ақпараттық-бағдарламалық кешеніне көліктің мемлекеттік нөмірін енгізіп, соңғы бағытын анықтады. Нәтижесінде белгісіз тұлғаның әжежайға қарай бағыт алғаны белгілі болып, патрульдік экипаж жібердік. Арада 10-15 минут уақыт өтпей көлік ұрлаған азамат ұсталды, – дейді Н.Қожаева.

Жалпы ағымдағы жылдың 7 айында жедел басқару орталығының «102» операторларының пультіне барлығы 98460 (қылмыс пен оқыс оқиғалар бойынша – 39 764, жол қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі бойынша – 23, қалғаны ақпараттық-анықтамалық сипатта) хабар түсіпті. Сондай-ақ 7 айда «102» операторларына келіп түскен хабарлардың 231-і жедел басқару орталығының басқаруымен ізін суытпай ашылған. Одан бөлек, бейнебақылау жүйесі операторларының көмегімен 67 қылмыс ашылып, 15236 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 12272 көлік жүргізушісіне тиісті шара қолданған.

«102» операторларының, «Автоураган» ақпараттық-бағдарламалық кешенінің жұмысымен танысып боламыз дегенше де күн ұясына батып, төңіректе көзге түртсе қараңғылық орнай бастаған. Өзімізге жүктелген тапсырманы шамамыздың жеткенінше тиянақтылықпен аяқтап, қайтудың қамына кірісе бастағанымызда Әсем Біржанқызы да келді.

– Қалай инспектор мырза! Күніңіз қалай өтті?, – деп әзілдей сөйлеп қасымызға жеткен орталық басшысы шаршаңқы түрімізге қарап-ақ сұрағына жауабын алғандай үнсіз қалды.

Қызметкерлеріне бірқатар тапсырмаларын беріп қасымызға қайта оралған Әсем Біржанқызы алдағы мақсат-міндеттер жайлы да ой бөлісті. Айтуынша, жедел басқару орталығына қосымша 600 бейнебақылау камерасын орнатуға жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтау жоспарланып отыр екен. Ал 600 камера ықшамаудандардың аулаларына, бірқатар көшелерге және қоғамдық жерлерге орнатылатын көрінеді.

Міне, осылайша қарбаласқа толы болған Тараз қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығындағы жұмыс күніміз де мәресіне жетті. Төзімді тірегі, тыныштықты тілегі еткен, халқына қызмет етуді мансап деп емес, парыз деп ұққан орталық қызметкерлерінің азат елдің тұғыры мызғымауы жолындағы атқарып жатқан еселі еңбектерінің жемісті болуын тілеп, қош айтысып кете бардық.

 

Талғат НҰРХАНОВ,

журналист

Тараз қаласы

 

 

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button