Нұр-Сұлтанда гипермаркет қызметкерінен коронавирус табылды

 158 

Елордада «Метро» гипермаркетінің қызметкері коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі SputnikNews.kz сілтеме жасап.

Дүкен толығымен дезинфекциядан өтіп, басқа командамен қайта ашылды.COVID-19 диагнозы өткен сенбі, 25 сәуірде расталған. Жедел жәрдем пациентті үйден инфекциялық ауруханаға жеткізді.

«Қазір ол дәрігерлердің бақылауында, жағдайы тұрақты. 26 сәуірде компания басшылығының шешімімен сауда орталығы жабылды. Сертификатталған компания нысанда толығымен дезинфекция жүргізді»,- деп мәлімдеді «МЕТРО Кэш энд Керри» ЖШС-дан.

Гипермаркет келесі күні басқа командамен қайта ашылған.Компания елде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап жұмысшыларын А және Б топтарына бөліп, «екі күн істеп, екі күн демалатын» жұмыс кестесін бекітті.

Коронавирус жұқтырған қызметкер А тобына жатады. Сол себепті 26 сәуірде осы топтағы барлық 70 қызметкер үй карантиніне алынды.

«Жақын арада науқаспен байланыста болған барлық қызметкер компания есебінен коронавирусқа тест тапсырады. Елордада сауда орталығының жұмыс сағатын 11.00-ден 19.00-ге дейін бекіту туралы шешім қабылданды», – деді Қазақстандағы «МЕТРО Кэш энд Керри» ЖШС бас директоры Антон Ван Горп.

Еске сала кетсек, астанада карантинге байланысты сауда орталықтарында тек супермаркеттер мен дәріханалар жұмыс істейді.

Қазақстанда 16 наурыздан төтенше жағдай жарияланды, режим 11 мамырға дейін ұзартылды.

Бөлісу: