Астана қаласы

Сүйінші! Астанада 300-ден астам үлескер-отбасы баспаналы болды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында «Royal Expo» тұрғын үй кешенінің тұрғындары баспаналы болғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы.

«Достар! Өздеріңіз білетіндей, алдымызда қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау міндеті тұр. Осыған дейін әкімдік 150 көпқабатты тұрғын үй кешенінің 120-сының құрылысын аяқтаған болатын. Осылайша мыңдаған отбасы көптен күткен пәтеріне қоныстанды.

Бүгін, яғни 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні 300-ден астам үлескер отбасы пәтерінің кілтін алды. «Royal Expo» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бірнеше жыл бұрын қоныстануы керек еді. Тұрғындарды бүгінгі мерекемен және қоныс тойымен құттықтаймын! Әрбір отбасыға амандық, дендеріне саулық тілеймін!

Біз өз тарапымыздан өзге де үлескерлердің тезірек баспаналы болу мәселесін шешуді жалғастырамыз. Ал қалған 15 нысан бойынша (30-дан астам тұрғын үй кешені) сапасына ерекше назар аударуды әрі құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырдым. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында», — деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Айта кететін жайт, жуырда ғана қала әкімі болып тағайындалған Жеңіс Қасымбек құрылысы бірнеше жылға созылған үш көппәтерлі тұрғын үйдің үлескерлерімен кездесіп, ол туралы әкім Instagram парақшасында жазған.

«Үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен кездестім. Олар – «Future home», «Арыстан», «Зере-2» тұрғын үй кешендері. Бұл тұрғын үй кешендері ең күрделі болып саналады. Жалпы алғанда, мұнда жылдар бойы 600-ден астам үлескер отбасы өз кілтін күтіп жүр.

Мәселен «Future home» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2013 жылы басталған. Нысанның өзі 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды. Бұл тұрғын үй кешенінде 200-ге жуық үлескер отбасы бар. Нысанның дайындығы 40%-ды құрайды. Осы орайда екі блокты бұзуға тура келгенін айта кеткен жөн. Себебі құрылыс жұмысын қайта бастау үшін жарамсыз деп танылған болатын.

«Арыстан» тұрғын үй кешенінде 450-ге жуық үлескер отбасы бар. Бұл көппәтерлі тұрғын үй кешені проблемалы құрылыстың ірі нысандарының бірі болып саналады. Оны беру кезінде нысанның тек 20-30%-ы ғана дайын болған еді. Тұрғын үй кешені бірнеше блоктан тұрады, оның бір бөлігі аяқталды – шамамен 270 үлескерге баспана кілті табысталды. Қалған блоктарды да аяқтаймыз. Сол сияқты кездесуде тұрғындар нөсер кәрізін салу, жылы аялдама орнату, қосымша автобус бағытын іске қосу секілді өзге де мәселелерді көтерді.

Құрылысы ұзаққа созылған тағы бір нысан – «Зере-2» тұрғын үй кешені 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды. Мұнда 230 үлескер отбасы өз пәтерін күтіп жүр. Нысанды беру кезінде тек шұңқыры қазылған күйде ғана болған. Қазіргі уақытта құрылысы қайта жанданды, алайда жұмыс қарқынын арттыру қажет.

Осыған дейін әкімдік қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандар бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізген болатын. Үлестік құрылысқа тиесілі 51 нысанның ішінде 15-інің проблемасын шешу қалды. Оның 7-еуін биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Тағы 8 нысанды (бұл 30-дан астам тұрғын үй кешені) 2023 жылы аяқтауды алдыма міндет етіп қойдым.

Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында. Үлескерлердің проблемаларын шешу – бұл біздің міндетіміз. Басты мақсатымыз – үлескерлердің өз пәтерлеріне кіріп, қоныс тойын тойлауы.

Біз тұрақты негізде құрылысы ұзаққа созылған нысандардың, аудандардың, елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, жағдайды жіті назарда ұстаймыз. Кездесу барысында айтылған проблемаларды шешу мәселесін қолға алдық»,-деп жазған еді елорда әкімі.

Осы орайда, қоса кететін жайт, Астанада үлескер отбасылардың 90%-ға жуығының проблемасы шешілген. Осылайша, жыл соңына қарай үлескерлер саны шамамен 16 мыңнан 2 мың отбасыға дейін қысқарады. Мәселен 2019 жылдың жазында құрылысы ұзаққа созылған 150 көппәтерлі тұрғын үй болатын, бүгінге дейін 120 үйдің проблемасы шешілді.

Құрылысы ұзаққа созылған қалған 30 үй бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Онда 2 мыңға жуық отбасы баспанасын күтіп жүр. Мұндай проблемалы үйлердің аяқталуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Құрылысы ұзаққа созылған әрбір үйдің проблемасы әртүрлі болатын. Бірінде тек шұңқыры ғана қазылған, енді бірінде қаржылық аудит, жобалық-сметалық секілді құжаттамасы жоқ еді, сол сияқты бір пәтерді екі-үш отбасыға сатқан жайттар да болды, тағы бірінде қаңқасы тұрғызылған үй апатты күйде болатын.

Мысалы «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2004 жылы басталған. Үйді техникалық тексеру барысында ғимараттың апатты жағдайда екені белгілі болды. Бұрынғы құрылыс салушы техникалық нормаларға сай келмейтін бетон маркасын қолданған, плиталар арасында сәйкестік болмаған. Құрылысшылардың айтуынша бұл үй пайдалануға берілгенде ұзаққа бармай қирап, тұрғындар үйіндінің астында қалар еді. Осыдан кейін оның блоктары бұзылып, орнына жаңа тұрғын үй кешені салынды, нәтижесінде тұрғындар көптен күткен баспанасына ие болды.

Ал жуырда ғана Астанада 93 мың оқушыға арналған 45 мектеп салынды (2 ауысымды). Оның 9-ы биылғы оқу жылында ашылады. 2019-2021 жылдар аралығында 36 оқу орны салынып, пайдалануға берілді.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ірі габаритті 25 мектепті жобалау басталды. Бұл ірі габаритті мектептер 100 мың оқушы орнын (2 ауысымды) ашуға мүмкіндік береді. Олардың құрылысы 2023 жылы басталады.

2025 жылға дейін 120 мың оқушы орнына (2 ауысымды) арналған 44 мектеп салу жоспарланып отыр.

Елордада мектеп салу үшін 158 жер учаскесі белгіленді. Жер учаскелері әлеуметтік нысандардың қажеттіліктеріне орай қаланың барлық ауданында орналасқан.

Егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына әр ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы жөнінде арнайы бағыт бекітілді. Мектептер мен өзге де маңызы зор әлеуметтік нысандар салу үшін жер учаскелерінің саны жыл сайын ұлғаятын болады.

Осылайша үй беріліп, балабақша салынып жатқан Астанада жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы бар екенін де ұмытпау керек. Сол сияқты тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайған, ал тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылардың санаты кеңейтілді және т.б.

Соңғы жылдары Астанада 23,5 мыңға жуық әлеуметтік пәтер салынды. Мәселен 2018 жылы – 1100 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы – 2900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020-2022 жылдары 20,5 мың әлеуметтік пәтер салынды.

Бұдан бөлек құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, қауіпті тұрғын үй кешендерін жөндеу, апатты күйдегі әрі тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу жұмысы жүріп жатыр. Соңғы үш жылда апатты үйлерден 700-ге жуық отбасы қоныс аударды. Тағы 300-ден астам отбасыны көшіру жоспарланып отыр. Елорда Даму бағдарламасы басталғалы бері апатты үйлерден 4200 отбасы қоныс аударған.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2023
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.