Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстанның сыртқы саясатындағы елорда

0
(0)

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанды әлем мемлекеттері мойындап, еліміз халықаралық аренада ойып тұрып орын алды. Бұған бүгінде «Бейбітшілік қаласы», «Азияның Женевасы», «Еуразияның жүрегі» атанған елорданың үлесі зор.

Ол аз ғана уақыт ішінде Қазақстанның «визит картасына» айналды. 1999 жылдың өзінде-ақ Қазақстанның астанасы әлемге танылды. Шаһар ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығымен марапатталды. Бұл сыйлық аз уақыт ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда үлкен нәтижелерге қол жеткізген жаңа қалаларға беріледі. Бүгінде елорда – жай ғана әкімшілік орталық емес, ел тәуелсіздігі мен дамуының символы.

Жалпы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары іске асырған ең маңызды жобаларының бірі – ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру болды. Саясаттанушы Сәкен Есіркептің пайымынша, бұл – елдің демографиялық, этникалық құрамдағы тепе-теңдігін қалыптастырумен қатар сыртқы саясатта да елеулі оқиға болды.

«Біріншіден, бұл – еліміздің егемен мемлекет ретіндегі дербес таңдауының көрінісі. Екіншіден, Қазақстан қысқа уақытта әлемнің ешбір шаһарынан кем түспейтін әсем қала сала білді. Бұл қомақты қаражатты, табанды шешімді, үлкен ресурсты және мықты тәуекелді талап етеді. Бас қаланы дамыту бағытында жүзеге асырылған өзгерістер әлемдік сарапшылардың оң бағасын алып та үлгерді. Үшіншіден, қалаға салынған инвестиция өзін-өзі ақтап, елордамыз дотациялық қаладан республикалық бюджеттің донорына айналды. Бұл жай факт емес, жүйелі ойластырылған экономикалық саясаттың жемісі. Мұның бәрі Қазақстанның сыртқы саясаттағы оң имиджін қалыптастырған фактор деп санаймын», – деді ол.

Шынымен де, елорда күн өткен сайын көркейіп, аумағы кеңейіп, тұрғындар саны да артып, ерекше сәулетті ғимараттарымен көптің жүрегінен орын алды. Алайда, ең бастысы – бас қаланың халықаралық аренада маңызды геосаяси, мәдени және экономикалық орталық ретінде жылдан-жылға салмағы артып, мәртебесі нығайып келетіні қуантады. Астананың бұл жолдағы жетістіктері халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалғанын айту керек. Осы тұста, саясаттанушы Сәкен Есіркеп те небәрі 23 жылда бас қаламыз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты дамудың маңызды мәселелері шешілетін, халықаралық күн тәртібіндегі проблемалар талқыланатын алаңға айналып үлгергенін атап өтті.

«Жасыратыны жоқ, Нұр-Сұлтан қаласы қысқа уақытта бой көтеріп, дамыған ірі қалалардың біріне айналды. Арқа төрінде орналасқан астанамызда әлемнің адуынды саясаткерлері, әр түрлі саланың үздіктері жиналып, өңірлік және әлемдік мәселелерді талқылаған алқалы басқосулар ұйымдастырылып келеді. Елімізге келген қонақтар, мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдардың басшылары ең әуелі астанаға табан тірейді. Елорда әлемдегі ең жас астаналардың бірі болғанына қарамастан, халықаралық деңгейде жақсы танылып үлгерді. Бұл жалпы мемлекеттің сыртқы саясаттағы белсенді әрі көпвекторлы саясатының және қаланы дамыту бағытында қолға алынған кешенді жұмыстардың оң нәтижесі деп бағалауға болады», – деді сарапшы.

Бүгінде Еуразия кеңістігінің орталығына айналған бас қалада түрлі форум, конгресс, саммит және басқа да халықаралық маңызы бар іс-шараларды ұйымдастырылады. Мәселен, елордада тұрақты түрде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы, ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері өтті. 2011 жылдың басында республика астанасы VII қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. 2017 жылы мұнда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де өткен болатын. Сол жылы10 маусымда басталып, үш айға созылған іс-шараға 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысқан еді. ЭКСПО-2017 көрмесінің жабылу салтанатына қатысқан Н.Назарбаев оның жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен атап өткен еді.

Өз сөзінде ол: «Бұл тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Көрме Қазақстанның әлемге танымалдылығы мен туристер үшін тартымдылығын арттырды. Болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық. Аталған көрмені 4 миллионға жуық адам аралады. Дүниежүзі көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетіп, рухымызды көтерді», – деді экс-президент.

Саясаттанушы Сәкен Есіркеп те өз сөзінде мұндай шаралар елдің әлемдік деңгейдегі беделін көтерумен қатар, инвестиция тарту, туристік саланы дамыту, Қазақстанның сыртқы саясаттағы оң имиджін де қалыптастыратынын ұмытпау керек екенін еске салып өтті.

«Астана – әлемдегі ең жас әрі қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Елордада халықаралық деңгейдегі түрлі шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Мәселен, дәстүрлі түрде өтетін әлемдік дін көшбасшыларының съездері, экономикалық форумдар, 2017 жылғы ЭКСПО көрмесі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы басшыларының отырысы, қысқы Азия ойындары т.б. осы сөзіміздің айқын дәлелі. Мұндай шаралар елдің әлемдік деңгейдегі беделін көтерумен қатар инвестиция тарту, туристік саланы дамыту, Қазақстанның сыртқы саясаттағы оң имиджін де қалыптастыратынын ұмытпауымыз керек», – деп пікір білдірді.

Сонымен бірге, экономикалық ынтымақтастық пен ғылым мен заманауи технологияларды дамытудың ірі орталығы ретінде де астананың рөлі маңызды екенін айта кеткен жөн. Мәселен, 2013 жылы елордада Қытай төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет Жібек жолы «Бір жол, бір белдеу» экономикалық жобасын құру туралы бастама көтерген еді. Кейін жоба қолға алынып, бірқатар жоба іске асты. Аталған жобаның екінші халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу рәсіміне қатысқан елбасы Н.Назарбаев осы бастама аясында сауда көлемі артып, 5 триллион доллар құрағанын атап өткен еді.

Астанада өткен тағы бір жаһандық шара – Қазақстан 2010 жылы осы құрылымға төрағалық ету аясында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті. Сол кезде елордаға ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен серіктестердің, ірі халықаралық және өңірлік ұйымдардың, атап айтсақ БҰҰ, ЕО, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ-ның 73 ресми делегациясы келген еді.  Саммитке 38 мемлекет және үкімет басшылары, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары лауазымды тұлғалары, халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Елорданың бейбітшілік қаласы атануы тегін емес. Бүгінде бас қала Сириядағы мәселе бойынша келіссөз өткізетін орынға айналды. Мәселен, биыл елордада өткен жиында келіссөздің кепілгер мемлекеттері атанған елдер, атап айтсақ, Иран, Ресей және Түркия, Сирия Араб Республикасының тәуелсіздігін, бірлігі мен аумақтық тұтастығын сақтау мәселесі талқыға түсті.

Жалпы, күн өткен сайын дамып, әлемнің алпауыт мегаполистерінің ізін басқан елорда бүгінде бүкіл әлем тамсанатын қалаға айналды. Бұл жай ғана заманауи мегаполис емес. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның рухани жаңғыруының символы десек артық айтқандық емес.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button