Ақтөбе облысы

Ақтөбе әкімдігі қателесіп басқа тұрғын үйді карантинге жауып тастаған

0
(0)

Ақтөбеде бір подъездің тұрғындары екі күн бойы себепсіз қамалып отырған. Тәртіп сақшылары сыртқа шығармай, тіпті жақын жердегі дүкенге де жібермеген. Кейіннен, санитар дәрігерлер мен полицейлер карантинге жабылуы тиіс үйдің мекен-жайынан шатасқаны белгілі болды. Осылайша нағыз індет ошағы бірнеше тәулік бақылаусыз қалса, басқалары қамалып отыруға мәжбүр болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Ақтөбедегі Батыс-2 ықшам ауданының тұрғындары санитар мамандарға сенуден қалған. Себебі, індет ошағы деп карантинге жапқан подъезден вирус табылмай, сондағы тұрғындар екі күн себепсіз үйде қамалған.
«Органдардың бәріне, ІІБ-на телефон соқтық. Біреуі білмейді. Кім жіберді? Нұсқау берген адам жоқ. Екі күн тұрды солай. Жылап-еңіреп, бәріміз қатты қорықтық», – дейді Шара Қанымкүл, Ақтөбе қаласының тұрғыны.
Тұрғындарға мамандар көршілерінен індет табылғанын айтады. Бастапқыда карантинге көндіккенімен, ешқандай құжат берілмеген соң, жан-жаққа сұрау салыпты. Сол кезде  санитар дәрігерлер мен полицейлер мекен-жайдан шатасқанын бір-ақ біледі.

«Жергілікті полиция қызметі тап сол №9  үй үшінші корпустағы подъезден кішкене шатасқан. Көп қабатты үйлерде подъездердің домофонында қай пәтерден қай пәтерге дейін жазылмайды. Шамалап санайды. «Мына үйден мынау үйге дейін» деп. Сөйтіп қасындағы көрші подъезбен шатастырып алған, – дейді Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаментінің басшысы.

Салғырттықтың кесерінен нағыз індет ошағы екі күн бойы ашық қалған. Вирус жұқтырған адам осы подъезде тұрады екен. Санитар мамандар мен тәртіп сақшылары мекен-жайдан шатасып жүргенде, мұндағы тұрғындар туған-туыстарына көшіп үлгерген. Ал он бес пәтерлі бүтін бір подъезде қазір карантинде небәрі үш отбасы отыр.
Айналдырған үш шаңырақтың адамдарының сынамасы дұрыс болып шығыпты. Енді туыстарына кеткендерді сұрастырып жатыр. Қазір Ақтөбеде 50 подъезд бен 22 жер үй карантинге жабылған. Ондағылар он төрт күн бойы сыртқа шыға алмайды, тіпті дүкен мен дәріханаға да бара алмайды.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Scroll Up
Close