Алматы қаласы

Қабыл болсын! Досаев Тоқаевтан соң Құран бағыштады

Белгілі ақын, Мәжіліс депутаты
Жанарбек Әшімжанның фейсбук парақшасындағы постынан алынды

НИЕТ ҚАБЫЛ БОЛСЫН!
Бүгін – еліміздің саяси тарихына «Қасіретті қаңтар» деген атпен енген жантүршігерлік оқиғаға тура Қырық күн. Аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар «Бір күн ұрыс болса қырық күндік ырыс кетеді» дегенді тегін айтпаса керек. Халықтың көз жасына суарылған байлығын сақтап қалу үшін ниетіне қасқыр шапқан арампиғылды топ ел іргесін шайқап, Тәуелсіздіктің алғашқы сәт-сағатында бесікке бөленген өрімдей жастарды қалқан етіп, арандатып, ел ішін талқан қылған қаралы беттерге толық баға беріледі. Отанның шаңырағын ортасына түсіруге ниетенген опасыздардың, сатқындардың жазасы ауыр болу керек.
Дінмұхамед Қонаев атамыздың қолтаңбасындай болған Алматымыз бұл күнде сай-сүйегі сырқырап, жұлын-жүйкесі тарамыстай тартылып тұр…

Дәстүр мен салтқа берік ата дінімізде «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген сөз бар.
Бүгін таңғы сағат 8-де Алатаудың басын мұнар, бауырын өрт шалған осы қасіретті оқиғаның Қырық күндігіне байланысты Алматы қаласындағы Орталық мешітте әруақтарға бағыштап Құран оқылып, елдің ертеңі үшін тілек тілеп, Жаратқанға салауат айтылыпты.

Шаһардың жаңа басшысы Ерболат Досаев Қырық күндікке арнап әруақтардың рухына Құран бағыштап, тірілердің тіршілігі үшін құрбан шалыпты, ниет қабыл болсын!
Сұраған тілектер мен көтерілген білектерге ел Ағалары, көрнекті тұлғалар – Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай, Рахман Алшанов бата беріпті. Әлгінде Алматыдағы ардақты ағамыз Нұрлан Мырқасымұлына хабарласып, амандасқанда осындай имандылықтың ізгі амалдары жасалғанын айтты. «Құдайсыз қурай сынбайды» дейді. Қиын уақытта қала басшылығына келген Азаматтың елге көңіл-қош білдіріп, аруақтарға тағзым жасағаны ғой» деді.
Жаппар Иеміз ел-халықтың, тәспі тартқан тақуалардың тілек-ниеттерін қабыл қылғай!
Азаттықтың бесігі саналған аңыз, абыз Алматымыздың жаңғырған, түлеген сәттеріне куә қылсын, Жаратқан!

«Жақсы екен ғой Алматым,
Алтын үйек – астанам.
Осы екен ғой жаннатың,
Атам қазақ аңсаған.
Келдім сені сағынып,
Алтын ұям – Алматым.
Кең көшеңде басар нық
Мен бір ақын солдатың», – деп ұлы ақын Аманжолдың Қасымы жырлаған Алматы Алаштың талай Тұлғаларына тұғыр болған қала еді…

Белгілі ақын, Мәжіліс депутаты
Жанарбек Әшімжанның фейсбук парақшасындағы постынан алынды

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.